ҚАУЛЫ
2025 жылғы 28 шілде 6003-25-00-4к/228 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының құрамында:
төрағалық етуші – судья Е.Б.Төлеев,
судьялар – Р.М.Айнакулова, Н.М.Кабдрахманова,
талап қоюшының өкілі А.Н.Нұрлыкаримның қатысуымен
өзінің ашық сот отырысында сот мәжіліс залында талап қоюшы «АЖК ДМС Трейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Самұрық-Қазына Контракт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шешімінің күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 желтоқсандағы ұйғарымына, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 ақпандағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
Талап қоюшы «АЖК ДМС Трейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сотқа жүгініп, «Самұрық-Қазына Контракт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шешімінің күшін жоюды сұраған.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 желтоқсандағы ұйғарымымен «АЖК ДМС Трейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің талап қою мерзімін қалпына келтіру туралы өтініші қанағаттандырудан бас тартылып, талап қою Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік – процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПКі) 138-бабының 2 бөлігінің 15) тармақшасына сәйкес қайтарылған.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 ақпандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған. Кассациялық шағымында талап қоюшы жоғарыда аталған соттар құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, ұйғарымдардың күшін жоюды сұраған.
Жауапкердің өкілі кассациялық сотқа қарсы пікір жолдап, істі өзінің қатысуынсыз қарауды сұрады.
Тиісті түрде хабарланған мүдделі тұлға «Oil Construction Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілінің кассациялық саты сотының отырысына келмеуі ӘРПК-нің 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот талап қоюшының өкілін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын жанжақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшы мен «Oil Construction Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – Тапсырыс беруші) арасында 2024 жылғы 10 шілдеде № 997201/2024/1 сатып алу туралы шарты жасалып, талап қоюшы келісім-шартқа қол қойылған күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде оның орындалуын қамтамасыз етуді енгізуге міндеттенген.
Алайда талап қоюшы бұл міндеттемесін орындамаған, сондықтан «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы меншік немесе сенімгерлік басқару құқығымен «Самұрық-Қазына» АҚ-ға тікелей немесе жанама тиесілі заңды тұлғалардың сатып алуды жүзеге асыру тәртібінің (бұдан әрі – Тәртіп) 26-бабының 2-тармағының 3-тармақшасына сәйкес тапсырыс беруші «Самұрық-Қазына Контракт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атына өтінім жолдап, талап қоюшы 2024 жылғы 16 тамыздағы №3462037383-НП-2024 бұйрық негізінде сенімсіз әлеуетті өнім берушілер тізбесіне қосылған.
Осыған байланысты тапсырыс беруші келісім-шартты екінші орынды иеленген "Мобил Сервис Групп" жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жасаған.
ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.
Егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.
Аталған даулы бұйрық талап қоюшыға табысталған. Сонымен бірге, талап қоюшының 2024 жылғы 13-тамыздағы хатына жауапкер 2024 жылдың 23-тамызында жазбаша жауап берген.
Осыған қарамастан, талап қоюшы сотқа талап қоюмен екі айдан астам мерзім өткеннен кейін ғана, яғни 2024 жылдың қараша айының 29 күні жүгінген. Талап қоюшының әкімшілік актіні уақытылы алмағаны, есепшінің кінәсінен келісім-шарт орындалуын қамтамасыз ету енгізілмегені, заңды жетік білмеу салдарынан уақтылы сотқа жүгінбегені туралы уәждерін соттар дұрыс қабылдамаған. Өйткені талап қоюшы заңды тұлға болып табылады, ал Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 10-бабының 1-тармағына сәйкес кәсіпкерлік қызмет кәсіпкер атынан, оның тәуекел етуімен және мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылады.
Жоғарыда келтірілген мән-жайларды ескере отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп табады.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 желтоқсандағы ұйғарымы, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 ақпандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші:
Е. Төлеев
Судьялар:
Р. Айнакулова
Н. Кабдрахманова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.