ВС РК - Постановление от 05.05.2022 по делу 6001-21-00-6ап/194 (Административное)

6001-21-00-6ап/194

ҚАУЛЫ

Нұр-Сұлтан қаласы 2022 жылғы 5 мамыр

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Б.Т.Нажмиденов болып,

жауапкер – жеке сот орындаушы Ғ[...] (бұдан әрі – ЖСО Қ[...], ЖСО) қатысуымен,

талап қоюшылар И[...] пен С[...] жауапкер ЖСО Қ[...] 2018 жылғы 6 сәуірдегі жылжымайтын мүлікке тыйым салынған және 2018 жылғы 30 қазандағы жылжымайтын мүлікті тыйымнан босатқан іс әрекеттерін заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 13 қазандағы ұйғарымы мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 11 қарашадағы ұйғарымына талапкер өкілі – адвокат А[...] берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшылар И[...], С[...] сотқа ЖСО Қ[...] 2018 жылғы 6 сәуірдегі жылжымайтын мүлікке тыйым салынған және 2018 жылғы 30 қазандағы жылжымайтын мүлікті тыйымнан босатқан іс әрекеттерін заңсыз деп тану туралы талап қою арызбен жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 13 қазандағы ұйғарымымен талап қоюшылар И[...] пен С[...] әкімшілік талап беру үшін процестік мерзімді қалпына келтіру туралы өтініштері қанағаттандырусыз қалдырылып, олардың талап қою арызы құжаттарымен бірге кері қайтарылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 11 қарашадағы ұйғарымымен Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 13 қазандағы ұйғарымы өзгеріссіз, жеке шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талапкерлердің өкілі кассациялық шағымында жергілікті соттармен іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспейтіндігін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.

Жауапкердің кассациялық шағымға қарсы пікірімен танысып, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, істі алдын-ала тыңдау кезінде сотқа талап қоюшылар С[...] мен И[...] әкімшілік шағым беру үшін процестік мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш арызы, сонымен қатар, ЖСО Қ[...] талап қою мерзімінің ескіруін қолдану жөнінде арызы түскен.

Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының 2014 жылғы 6 қарашадағы №1-887 атқару парағына сәйкес жәбірленуші «Темірбанк» АҚ-ның азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, азаматтық талапкер «Темірбанк» АҚ-ның пайдасына жауапкер Р.С.М[...] И[...] атына берілген несие бойынша 8108356 теңге залал өндіру туралы атқару парағы негізінде 2018 жылғы 3 сәуірде ЖСО Қ[...] №303/18-51-231 атқару өндірісі қозғалған. 2018 жылғы 6 сәуірінде ЖСО-мен С[...] жылжымайтын мүлкіне тыйым салынып, 2018 жылғы 30 қазанында, ол борышкер болмауына байланысты тыйымнан босатылған. Қаулылардың бір данасын 2018 жылғы 30 қазанында С[...] сенім хат арқылы өкілі М[...] алған.

Сот алқасы апелляциялық сатыдағы соттың осы тұжырымымен келіседі және оны дұрыс деп санайды. Өйткені АПК-нің 126-бабының 2, 3-бөліктеріне сай, егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін. Сот заңды бұзған жағдайда сот актілеріне шағым жасау, прокурордың өтінішхат немесе наразылық келтіруі не процеске қатысушының өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға мүмкіндігін шектейтін (іске қатысатын адамға сот актісінің көшірмелерін уақтылы жібермеу; егер сот актісі осы тұлға білетін тілге аударылмаса, сот ісін жүргізу тілін білмеу; құқық мирасқорлығын дұрыс ресімдемеу) сот актілеріне шағым жасау үшін, сондай-ақ уақтылы шағым беруге, прокурордың өтінішхат немесе наразылық келтіруіне кедергі болған өзге де мән-жайлар болған кезде сот осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген өткізіп алған мерзімді қалпына келтіруге міндетті деп көрсетілген. Кепілге қойылған С[...] меншігіндегі Шымкент қаласы, Кайтпас-1 м/ауданы, №[...] учаскедегі жылжымайтын мүлік 2018 жылы 13 қарашадағы сату-сатып алу келісім шарты негізінде Х[...] 10000000 теңгеге С[...] М[...] берілген нотариалдық куәландырылған сенімхат арқылы сатылған.

Сатылған ақша қаражатынан 4931453 теңгесін И[...] 2018 жылы Банк есеп шотына қарыз соммасы есебіне аударған.

Яғни, жылжымайтын мүліктің тыйымнан босатылып, сатылғаны С[...] және И[...] сол кезде белгілі болған.

2021 жылдың 26 қаңтарында С[...] өкілі Шымкент қалалық Әділет Департаментіне және Шымкент қалалық прокуратурасынан көрсетілген фактілерге қатысты келтірген шағымына жауап хатын алғаны, 2021 жылғы 29 қаңтарда ЖСО-ың атқару құжатымен танысып, көшірмесін алғаны, 2021 жылғы 26 ақпанында «Азаматтарға арналған үкімет» МКЕ АҚ-ның Шымкент филиалымен жылжымайтын мүлікке 2018 жылғы 6 сәуірде ЖСО Қ[...] тыйым салынып, 2018 жылғы 30 қазанда тыйымнан босатылғаны туралы хабардар болғаны соттармен анықталған. Соттардың даулы ЖСО Қ[...] 2018 жылғы 6 сәуірде тыйым салынып, 2018 жылғы 30 қазанында тыйымнан босатылғаны талап қоюшыларға 2018 жылы және 2020 жылдың тамыз айында белгілі болған тұжырымдары дұрыс.

Шағымданушының мерзімді өткізіп алу себебі жергілікті соттармен зерттеліп, осы уәждеріне тиісті құқықтық баға берілген.

Соттың талап қою арызын ӘРПК-тің 138-бабының 2-бөлігінің 15) тармақшасы негізді қайтаруы заңды.

Сынымен қатар, кассациялық шағымда көрсетілген талап қоюға қатысты дәлелдер назарға алынбайды, өйткені сот алқасымен процестік мерзімді қалпына келтіруді қайта қарау мәселесі қаралуда.

Осылайша, соттар іс үшін маңызы бар мән-жайларды жанжақты, толық және объективті анықтау бойынша қажетті шараларды қабылдады, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол бермеді, істің мән-жайларына тиісті баға берді. Алқа осыған байланысты дауланып отырған сот актілерінің күшін жою және кассациялық шағымды қанағаттандыру үшін негіздер бар деп есептемейді.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 13 қазандағы ұйғарымы мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 11 қарашадағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талапкер өкілі – адвокат А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С.Баймаханов

Судьялар

Ш.Даниярова

Б.Нажмиденов Көшірмесі дұрыс. Судья Б.Нажмиденов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.