ВС РК - Постановление от 09.11.2023 по делу 6001-23-00-3пп/130 (Гражданское)

6001-23-00-3пп/130

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 9 қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында төрағалық етуші судья Ш.С.Иманиязова,

судьялар Г.Ж.Әлмағамбетова, С.А.Жармұхамбетова, прокурор К[...], талап қоюшы С[...]

жауапкерлердің өкілдері Б[...], Б[...],

Ә[...], Қ[...] қатысуымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында, ашық сот отырысында талап қоюшы С[...] жауапкерлер О[...], Түркістан қаласының әкімдігіне, «Түркістан қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – ММ), Түркістан қаласы әкімдігінің «Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, Түркістан қаласы әкімдігінің «Жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалы – жер кадастры және жылжымайтын мүлік бойынша Түркістан қалалық бөліміне қойған Түркістан қаласы әкімдігінің «Инфақұрылым және коммуникациялар бөлімі» мемлекеттік мекемесінен және Түркістан қаласының әкімдігінен ортақ тәртіппен мәміленің жарамсыздығы салдарынан кері қайтарылатын Түркістан қаласы, [...] құрылысы мекенжайы бойынша орналасқан кадастрлық № [...] жылжымайтын мүліктің бағасы 245 854 000 теңгені өндіру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 28 маусымдағы қаулысын қайта қарау туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынымымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы С[...] жауапкер О[...], Түркістан қаласының әкімдігіне, «Түркістан қаласы әкімінің аппараты» ММ-ге, Түркістан қаласы әкімдігінің «Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі» ММ-ге, Түркістан қаласы әкімдігінің «Жер қатынастары бөлімі» ММ-ге және басқа да құрылыс нысанының құнын төлеу туралы шартты жарамсыз деп тану, Түркістан қаласы әкімдігінің жылжымайтын мүлікті мемлекет мұқтажы үшін өткізу кезінде жіберген заң бұзушылықтарды жоюды міндеттеу және ортақ тәртіппен мәміленің жарамсыздығы салдарынан кері қайтарылатын мүліктің бағасы 245 854 000 теңгені өндіру туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысы Түркістан қалалық сотының 2021 жылғы 31 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 28 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.

2020 жылғы 17 наурыздағы №27 Түркістан қаласы әкімдігінің «Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі» ММ мен О[...] арасында ресімделген ғимаратты жер учаскесі мен жер учаскесінде орналасқан құрылыс нысанының құнын төлеу туралы шарт жарамсыз деп танылған. О[...] мемлекеттің пайдасына 2 458 400 теңге, С[...] - 2 459 859 теңге мемлекеттік баж өндірілген. Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Арыз беруші С[...] өтінішхатта апелляциялық сатыдағы соттың одан мемлекеттік баж өндіру туралы бөлігімен келіспей, қаулының осы бөлігінің күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) ұсынымның уәждерін талқылап, іс бойынша талап қоюшының ұсынымды қолдаған, жауапкерлер өкілдерінің ұсынымға қарсы емес екендігі туралы пікірлерін, прокурордың ұсыным қанағаттандырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын тексеріп, дау айтылған апелляциялық қаулы өзгертілуге жатады деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сот жол берген.

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 616-бабының 13) тармақшасына сәйкес талап қоюшылар – мүгедек баланың ата-анасының бірі – барлық істер мен құжаттар бойынша мемлекеттік баж төлеуден босатылады.

Іс құжаттарын қарағанда, мүгедектік туралы 2019 жылғы 15 шілдеде берілген №2404032 анықтамаға сәйкес талап қоюшы С[...] 2008 жылғы 9 маусымда туған М[...] есімді ұлы мүгедек-бала болып танылған.

С[...] мүгедек-баланың шешесі екендігі туу туралы куәлікпен расталады.

Олай болса, талап қоюшы С[...] мемлекеттің пайдасына 2 459 859 теңге мемлекеттік баж өндірілгені заң талаптарына қайшы келеді.

Істің мұндай тұрғысында апелляцииялық сатыдағы соттың қабылдаған қаулысы соттардың құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзады.

Сондықтан АПК-нің 438-бабы 6-бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес заңды күшіне енген сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер көзделеді және сот актісі өзгертіліп, қаулының қарар бөлігінен талап қоюшыдан мемлекеттік баж өндіру туралы сөйлем алынып тасталуға жатады. Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы қанағаттандырылуға жатады. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 28 маусымдағы қаулысы өзгертілсін.

Сот қаулысының қарар бөлігінен: «Талап қоюшы С[...] мемлекет пайдасына 2 459 859 (екі миллион төрт жүз елу тоғыз мың сегіз жүз елу тоғыз) теңге мемлекеттік баж өндірілсін» – деген сөйлем алынып тасталсын.

Қаулының басқа бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын.

Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Ш. Иманиязова

Судьялар Г. Әлмағамбетова

С. Жармұхамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.