6001-21-00-3г/6807
Қ А У Л Ы
2021 жылғы 31 қаңтар
Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Е.Ж.Исмаилов талап қоюшы К[...] жауапкер Махамбет ауданының әкіміне өкімді заңсыз деп танып, оның күшін жою туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Атырау облысы Махамбет аудандық сотының 2021 жылғы 21 мамырдағы шешімін, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 05 тамыздағы қаулысын кассациялық тәртіпте қайта қарау туралы К[...] өкілі Д[...] өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,
а н ы қ т а ғ а н ы :
К[...] Махамбет ауданы әкімінің 2021 жылғы 24 ақпандағы № 49-ө өкімін заңсыз деп танып, оның күшін жою туралы талабымен сотқа жүгінген.
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 05 тамыздағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Махамбет аудандық сотының 2021 жылғы 21 мамырдағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.
Өтінішхат беруші жергілікті соттардың К[...] талап қою арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымдарымен келіспей, олардың істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, соттармен материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша анықталғандай, К[...] Атырау облысы, [...] әкімінің 2012 жылғы 30 қарашадағы № 244-ө өкімі негізінде Атырау облысы, [...] әкімі аппаратының басшысы лауазымына тағайындалған.
Лауазымдық нұсқаулыққа сәйкес К[...] аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру, жұмылдыру дайындығы және мемлекеттік қызмет сапасын бақылау, мемлекеттік құқықтық жұмыстар, кадр қызметі, персоналды бағалау, жалпы және қаржылық-шаруашылық бөлімдерінің жұмыстарына, қаржылық, ісқағаздарына, техникалық қызмет жасау салаларына басшылық жасайды.
Махамбет ауданы прокуратурасымен 2020 жылы жергілікті атқарушы органдар қызметінде мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына және «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – № 434-V Заң) дұрыс қолданылуына талдау жүргізілген.
№ 434-V Заңның 2-бабының 22-тармақшасына сай мемлекеттiк сатып алу туралы шарт – № 434-V Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, тапсырыс беруші мен өнім беруші арасында мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы жасалған, электрондық цифрлық қолтаңбалармен куәландырылған азаматтыққұқықтық шарт.
2020 жылғы 24 шілдеде Махамбет ауданы әкімінің аппараты атынан К[...] пен «МХ» жеке кәсіпкері С[...] араларында бейне бақылау камераларын және қауіпсіздік дабыл құрылғысын қондыру үшін құрылыспен байланысты емес жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы № 77 шарты жасалып, оның сомасы 1 200 000 теңге, ал орындалу мерзімі 30 күнтізбелік күн деп белгіленген.
Сол күні тапсырыс берушімен орындалған жұмыстар қабылданып, ол жөнінде тиісті акт жасалған.
Махамбет ауданы прокуроры 2021 жылғы 22 қаңтардағы № 2-0508-21-00036 ұсынуында К[...] мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тарту мәселесін шешуді ұсынған.
2021 жылғы 29 қаңтарда Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысы – Ә[...] жөніндегі кеңес төрағасымен К[...] қатысты тәртіптік істі қозғау және қызметтік тексеру жүргізу туралы № 6 бұйрығы шығарылған.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының (бұдан әрі – № 416-V Заң) 50-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сай шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде жеке және (немесе) заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсету мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтар болып танылады.
Қызметтік тексеру қорытындысында және Ә[...] жөніндегі кеңестің 2021 жылғы 11 ақпандағы № 6 шешімінде К[...] іс-әрекетінде № 416-V Заңның 50-бабы 1-тармағының 4) тармақшасымен көзделген шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде жеке және (немесе) заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау фактілері анықталмағаны көрсетілген.
Сонымен бірге, Ә[...] жөніндегі кеңестің мүшелерімен К[...] қызметтік тергеп-тексеруден бөлек, әлеуетті өнім берушілерді олардың баға ұсыныстары сұратылмай, өтінімдеріне талдау жүргізілмей таңдау туралы сұрақтар қойылған.
Нәтижесінде жоғарыда көрсетілген 2021 жылғы 11 ақпандағы № 6 шешіммен № 416-V Заңның 50-бабы 1-тармағының 4) тармақшасы талаптары сақтамағаны үшін К[...] қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жазаны қолдану ұсынылған.
Махамбет ауданы әкімінің 2021 жылғы 24 ақпандағы № 49-ө өкімімен К[...] № 416-V Заңның 50-бабы 1-тармағының 4) тармақшасы негізінде қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жазаға тартылған.
Бірінші сатыдағы сот К[...] тарапынан мемлекеттік сатып алу бойынша шешім қабылдау барысында жеке тұлғаға құқыққа сыйымсыз қолдау
көрсету фактісі орын алғанын, Ә[...] бойынша кеңестің шешімі негізінде ол тәртіптік жауаптылыққа тартылғанын, жұмыс берушінің тарапынан жаза қолдану тәртібі мен мерзімі бұзылмағанын көрсетіп, талап қою арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдаған.
Атырау облыстық сотымен бірінші сатыдағы сот шешімінің тұжырымдары заңды деп танылған.
Өтінішхат иесі расында Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 санды бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының» (бұдан әрі - қағида) 380-тармағы негізінде тапсырыс беруші тікелей шарт жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы есепті веб-порталда шарт жасалған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей орналастырылуға жататыны көзделгенін, алайда жергілікті соттармен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 наурыздағы № 127 «Мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін анықтау туралы» қаулысының (бұдан әрі – № 127 Қаулы) ережелері ескерілмегенін көрсеткен.
Атап айтқанда, аталған № 127 Қаулының 5-тармағымен тапсырыс беруші осы тәртіпке сәйкес мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілін айқындайды. Бұл ретте осы тармақтың 1-бөлігінің 3) тармақшасында көзделген жағдайда тапсырыс беруші осы тәртіпке сәйкес не № 434-V Заңының 13-бабына сай конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы шешімді дербес қабылдауға құқылы деп белгіленген.
№ 127 Қаулының 30, 31-тармақтарына сәйкес бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу веб-порталда белгіленген форматтық-логикалық бақылау ескеріліп жүзеге асырылады. Сомасы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің жеті жүз елу мың еселенген мөлшерінен асатын бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде мемлекеттік сатып алу жүзеге асырылған жағдайларда мемлекеттік сатып алу веб-порталында әлеуетті өнім берушілерге Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен қаржылық орнықтылықтың сәйкестігі туралы талап белгіленеді.
Осы тәртіптің 29-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде тапсырыс беруші № 434-V Заңның 4-бабының 1), 7) тармақшаларында көзделген мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаттарын сақтай отырып, өнім берушіні айқындайды және онымен веб-портал арқылы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасады.
Махамбет аудандық соты шешімнің уәждеу бөлігінде «МХ» жеке кәсіпкері 2020 жылғы қаңтардан бастап К[...] алдын ала ауызша келісімдері бойынша бейне бақылау камераларын және қауіпсіздік дабыл құрылғысын қондыру жұмыстарын жүргізгенін, тиісті шарт жұмыстардың 90 % аяқталғаннан кейін жасалғанын, аталған факт жеке кәсіпкердің прокуратурада берген түсініктемесімен расталғанын көрсеткен. А[...] «МХ» жеке кәсіпкері жоғарыда көрсетілгендей түсініктер бермегенін ескеруді сұраған.
2021 жылғы 29 қаңтарда Ә[...] жөніндегі кеңес төрағасы К[...] қатысты тәртіптік істі қозғап, қызметтік тексеруді жүргізу туралы № 6 бұйрық қабылдағаны туралы бірінші сатыдағы соттың тұжырымдары істің мәнжайларына сәйкес келмейтініне, аталған бұйрық шығарылмағанына және қызметтік тексеру жүргізілмегеніне, мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы К[...] берген қорытындысы ескерілгеніне назар аударылған.
Өтінішхат иесі даулы сот актілерінде Ә[...] жөніндегі кеңестің № 2 хаттамасына сәйкес К[...] тарапынан құқыққа сыйымсыз қолдау көрсету фактісі өз дәлелін тапқаны көрсетілген, аталған хаттама Кеңестің 2021 жылғы 29 қаңтардағы № 6 шешімімен рәсімделгенін атап көрсеткен. А[...] жөніндегі кеңестің № 6 шешімінде К[...] тарапынан № 416-V Заңның 50-бабы 1-тармағының 4) тармақшасымен көзделген тәртіптік теріс қылықтың белгілері анықталмағаны көрсетілген. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасымен жүргізілген қызметтік тексерудің нәтижесінде де талап қоюшының мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылыққа жол берілгені анықталмаған.
К[...] шешімдерді қабылдау кезінде жеке тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетуге ниеті болмағаны туралы уәждері тексерілмеген және № 416-V Заңның 44-бабының 4-тармағына сай қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жазаны қолдану мүмкін болмаған кезде ғана қолданылатыны ескерілмеген.
Судья өтінішхатта көрсетілген уәждердің іс үшін маңызы бар екендігін және даулы сот актілерін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, оны іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды.
АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы
қ а у л ы е т т і :
Атырау облысы Махамбет аудандық сотының 2021 жылғы 21 мамырдағы шешімін, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 05 тамыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы К[...] өкілі Д[...] өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасына сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі өтінішхат берген тұлғаға жолдансын.
Судья
Көшірмесі дұрыс.Судья
Е.Исмаилов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.