Қ А У Л Ы
2026 жылғы 5 ақпан №6003-25-00-2к/3209(2) Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,
талап қоюшы өкілі Е.К.Садыровтың, жауапкер Ә.Д.Испатырованың, жауапкерлер өкілдері Е.Ш.Буркитбаевтың және Т.Танхиевтың қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Сарсенбай Нураханович Солтанбековтың (бұдан әрі - талап қоюшы) жауапкерлер Әсем Дәуренқызы Испатыровадан және Данияр Шахарович Испатыровтан қарыз ақшаны өндіру туралы азаматтық істі жауапкерлердің Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 наурыздағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Талап қоюшы сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны жауапкерлер қарыз ақшаны қайтарудан бас тартып жүргенімен негіздеген. Жамбыл облысы Қордай аудандық сотының 2024 жылғы 20 желтоқсандағы шешімімен (бұдан әрі - сот шешімі) талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Алқа қаулысымен сот шешімі өзгертіліп, талап қою ішінара қанағаттандырылған, жауапкер Ә.Д.Испатыровадан талап қоюшының пайдасына 18 400 000 теңге негізгі қарызы, 180 400 теңге мемлекеттік баж, 1 840 000 теңге өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша шығыстары өндірілген.
Жауапкерлер кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сотпен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, алқа қаулысының күшін жоюды, сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сотпен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.
Анықталғаны, жауапкер Ә.Д.Испатырова талап қоюшыдан қарызға 18 400 000 теңге алып, оны 3 ай көлемінде 2024 жылғы 13 қыркүйекке дейін қайтарып беруге міндеттенген және бұл жөнінде өзінің қолымен 2024 жылғы 13 маусымда қолхат жазып берген.
Сонымен қатар, жауапкер Ә.Д.Испатырова осы қолхатпен көрсетілген уақытта қарыз ақшаны қайтармаған жағдайға кепілдік ретінде Қордай ауылы, Жеңістің 40 жылдығы көшесі, №138 мекенжайы бойынша орналасқан тұрғын
үйін және екі автокөлікті қойып, оған жұбайы жауапкер Д.Ш.Испатыров келісімін берген.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімін жауапкерлер аталған қолхат бойынша ақшаны талап қоюшыдан іс жүзінде алмағанымен, дау талап қоюшының баласы мен куә Қ.Махан және жауапкер Д.Ш.Испатыровтың арасындағы 40 000 АҚШ долларына қатысты міндеттемеден туындағанымен, талап қоюшы қолхаттан басқа дәлелдемелер ұсынбағанымен негіздеген.
Жауапкерлер 2024 жылғы 13 маусымдағы қолхат бойынша жасалған заем шартын сот тәртібімен дауламаған және ол жарамсыз болып танылмаған, тиісінше қолхат негізінде тараптар арасында міндеттеме туындаған деген негізбен апелляциялық сатыдағы сот сот шешімінің күшін жойған.
Кассациялық сот алқа қаулысында көрсетілген тұжырымдармен келіседі, себебі жауапкерлер өздерінің уәждерін дәлелдей алмады, талап қоюшының уәждерін жоққа шығаратын дәлелдемелерді сотқа ұсынған жоқ және сотта ондай мән-жайлар анықталмады, тиісінше АПК-тің 72-бабына сәйкес тараптар өз уәждерін дәлелдеуге міндетті.
Бұл жағдайда апелляциялық сатыдағы сот жауапкерлердің әрекеттеріне дұрыс құқықтық бағасын берген, өйткені заемшы шартта көзделген тәртiппен және мерзiмде заем нысанасын қайтаруға мiндеттi, заемшы заем берушiден өзiнiң заем нысанасын (ақшаны немесе заттарды) iс жүзiнде алмағандығын немесе шартта көрсетiлгеннен аз мөлшерде немесе аз санда алынғанын дәлелдей отырып, заем шартын даулауға құқылы (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 722-бабының 1-тармағы, 724-бабының 1-тармағы).
Істің мұндай тұрғысында, яғни жауапкерлер өздерінің міндеттемелерін тиісті түрде орындамағанын ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Кассациялық шағым уәждері аталған тұжырымды теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ. Сол себепті, алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 наурыздағы қаулысы күшінде, жауапкерлер Әсем Дәуренқызы
Испатырованың және Данияр Шахарович Испатыровтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші К.Айтжанов
Судьялар М.Кадырова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.