ВС РК - Постановление от 23.04.2024 по делу 6001-24-00-3гп/174 (Гражданское)

6001-24-00-3гп/174

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 23 сәуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында

төрағалық етуші – алқа төрағасы Н.К.Шәріпов,

судьялар Б.Р.Ералиева, Н.Қ.Сұлтанов,

жауапкер «ҚНЖҚИ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Е[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнебайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «Түпқараған аудандық құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің жауапкер « «ҚНЖҚИ[...]»» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы деп тану және төленген қаражатты өндіру туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 1 маусымдағы шешімін, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 тамыздағы қаулысын қайта қарау туралы «ҚНЖҚИ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Е[...] өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

«Түпқараған аудандық құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Мекеме) сотқа жауапкер «ҚНЖҚИ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі – Серіктестік) мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы деп тану және төленген 6 960 000 теңге қаражатын өндіру туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 1 маусымдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Серіктестіктен мемлекет пайдасына 6 960 000 теңге және 208 800 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттардырусыз қалдырылған.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 тамыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Серіктестіктің өкілі Е[...] өтінішхатта істі қарау барысында жергілікті соттармен материалдық және процессуалдық құқық нормаларының бұзылуына байланысты осы іс бойынша қабылданған сот актілердің күшін жойып, іс бойынша талап қоюдан толық көлемде бас тарту туралы жаңа шешімді шығаруды сұраған.

Істің кассациялық сот алқасында қаралатын уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған талапкердің өкілі сот отырысына келмеді, белгіленген уақытта сот отырысының бейнеконференция байланысына қосылмады.

Талапкердің өкілі азаматтық істің кассациялық сот алқасында қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген бола тұра өтінішхатқа жазбаша қарсы пікірін тапсырмай, сот отырысына қатысу үшін бейнебайланысқа қосылмай, істің қаралуын өзінің қатысуынсыз өткізуді сұрамаған. Мұндай тұрғыда Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі АПК) 450-бабының 2-бөлігінің негізінде кассациялық сот алқасы істі талапкердің қатысуынсыз қарайды.

Кассациялық сот алқасы жауапкер өкілінің өтінішхатты қолдаған түсінігін тыңдап, азаматтық іс құжаттарын зерттеп, өтінішхаттың уәждерін талқылап келесідей тұжырымға келді.

АПК-ның 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттар тарапынан жол берілмеген.

Азаматтық іс құжаттарынан анықталғандай, тараптар арасында 2021 жылғы 14 қыркүйегінде жасалған жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарты (бұдан әрі – Ш[...]) бойынша Серіктестік (Жобалаушы) «Маңғыстау облысы, [...] орындық мәдениет үйі және кітапхананың құрылысына» (Байламалау) жобалық-сметалық құжаттама жасақтау» жұмыстарын орындауға, ал Мекеме (Тапсырыс беруші) орындалған жұмыстарды қабылдап, Жобалаушы міндеттемелерін тиісінше орындаған кезде Ш[...] белгіленген ақыны төлеуге міндеттенген.

Ш[...] ажырамас бөлігі болып саналатын «Сатып алынатын тауарлар (көрсетілетін қызметтер, жұмыстардың) тізімі» (1-қосымша) бойынша сатып алынатын жұмыстардың сомасы 9 907 806,72 теңге құрайды және жұмыстарды көрсету мерзімі 6 ай деп белгіленген.

2022 жылғы 10 наурыздағы №1 қосымша келісім бойынша Ш[...] мерзімі 2022 жылғы 31 тамызына дейін, ал 2022 жылғы 7 желтоқсандағы №2 қосымша келісім бойынша 2023 жылдың 31 қаңтарына дейін ұзартылған.

Мекеме Серіктестіктің есеп шотына 2021 жылғы 31 желтоқсанда 100 000 теңге және 2022 жылғы 27 мамырда 6 860 000 теңге аударған.

Серіктестік Ш[...] бойынша міндеттемелерін орындамағандықтан Мекеме жауапкерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану және ақшаны өндіру туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар, жауапкерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюдың бөлігін Мекеме мұндай талап қоюды мерзімінен кешігіп тапсырғанына байланысты қанағаттандыруға жайтпайды деген тұжырымға келген.

Атап айтқанда, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 12-бабының 4-тармағының 3) тармақшасы бойынша мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі өздерімен жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісті түрде орындамаған өнім берушілердің тізбесін білдіреді.

Заңның көрсетілген баптың 4-тармағының 3-бөлігіне сәйкес осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда, тапсырыс беруші өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу фактісі туралы өзіне мәлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей мұндай өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге міндетті.

Ш[...] бойынша жұмыстарды орындау мерзімі – 6 ай деп көрсетілген, Жобалаушы жұмыстарды 2022 жылғы 14 наурызына дейін орындамағанына байланысты Мекеме осы талап қоюмен сотқа 2022 жылдың 14 сәуіріне дейін жүгінуге міндетті болғанына қарамастан талап қоюды сотқа тек 2023 жылдың 7 ақпанында тапсырған.

Сот актілерінің бұл бөлігі кассациялық тәртіппен дауланбаған.

Мекеменің Серіктестіктен Ш[...] бойынша төленген ақшаны өндіру туралы талап қоюдың бөлігін қанағаттандыру барысында бірінші сатыдағы сот негізге Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 683-бабының 1-бабының талаптарын алған, яғни өтелмелi қызмет көрсету шарты бойынша орындаушы тапсырысшының тапсырмасы бойынша қызмет көрсетуге (белгiлi бiр iс-әрекет жасауға немесе белгiлi бiр қызметтi жүзеге асыруға) мiндеттенедi, ал тапсырысшы бұл қызмет көрсетуге ақы төлеуге мiндеттенедi.

Ш[...] 3.3 тармағы бойынша, орындалған жұмыстар үшін төлемді Тапсырыс беруші Жобалаушының есеп шотына ақша қаражатын аудару жолымен іс жүзінде орындалған жұмыстар актісіне Тараптар қол қойған күннен бастап 30 күнтізбелік күннен кешіктірмей жүргізеді.

Бірінші сатыдағы сот, жауапкер Ш[...] бойынша міндеттемелерін орындамағанына қарамастан оған талапкер қаражатты негізсіз аударған деп тапты.

Бұл тұжырымдармен апелляциялық сот алқа келіскен.

Серіктестік өкілі өтінішхатта Ш[...] белгіленген жобалық-сметалық құжаттама жасақтау нысаны бойынша 2021 жылғы 31 желтоқсанда 100 000 теңге және 2022 жылғы 27 мамырдағы 6 860 000 теңге қаражатқа жұмыстар атқарылып, Тапсырыс берушімен орындалған жұмыстардың актілері мемлекеттік веб-портал арқылы бекітіліп, жұмыстар қабылданып алынған. Осыған орай жергілікті соттардың аталған сома төленуге жатпайтыны туралы тұжырымдар негізсіз деп көрсеткен.

Кассациялық сот алқасы өтінішхат иесінің көрсетілген уәждері заң талаптарына және іс бойынша анықталған мән-жайларға қайшы келеді деп табады.

Атап айтқанда, АК-тің 272 бабы бойынша мiндеттеме - мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс, ал мұндай шарттар мен талаптар болмаған жағдайда - iскерлiк қызмет өрiсіндегі әдеттегi құқықтарға немесе әдетте қойылатын өзге де талаптарға сәйкес орындалуға тиiс.

Заңның 43-бабының 23 және 26-баптарына сәйкес тапсырыс беруші мен өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша қабылданған міндеттемелерді толық орындаған жағдайда көрсетілген шарт орындалды деп есептеледі. Мемлекеттік сатып алу туралы шартты орындау кезінде тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) атауы, саны, сапасы, техникалық өзіндік ерекшелігі, құны, оларды беру (орындау, көрсету) орны мен мерзімі мемлекеттік сатып алу туралы шарттың мазмұнына сәйкес келуге тиіс.

Тараптар арасында жасалған Ш[...]:

• 1.1-тармағының 3) тармақшасында «жұмыстар» түсінігі мағынасын объектіні салу үшін қажетті барлық жобалау және іздестіру жұмыстары, сондай-ақ жобаға сараптама жүргізу жөніндегі жұмыстар, оған тиісті қосымшаларымен көзделген жұмыстар, сондай-ақ объектіні іске асыру басталғанға дейін немесе салу барысында туындаған жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуге байланысты қосымша жұмыстар қамтиды;

• 5-бөлімде жұмыстарды тапсыру және қабылдау тәртібі, келесі әрекеттерді қамтиды: Жобалаушы жобалық-сметалық құжаттаманы қабылдатапсыру актісімен қоса Тапсырыс берушіге жібереді (5.2-тармақ); Тапсырыс беруші 10 күнтізбелік күн ішінде жобалық құжаттаманы қарайды (5.3-тармақ); жобалау-сметалық құжаттамаға ескертулер болған жағдайда Тапсырыс беруші оны Жобалаушыға қайтарады, ал егер ескертулер болмаса, кешенді ведомстводан тыс сараптамаға жібереді (5.4-тармақ); кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін Тапсырыс беруші жобалау-сметалық құжаттаманы қабылдау-тапсыру актісіне және жұмыстың аяқталуы туралы актісіне қол қою арқылы жобалық-сметалық құжаттаманы

қабылдайды (5.5-тармақ); жобалау-сметалық құжаттаманы қабылдау-тапсыру актісіне қол қою арқылы Жобалаушы бадлық мүліктік емес құқықтарды Тапсырыс берушінің пайдасына беруді растайды (5.6-тармақ); Жобалаушы жұмыстарды Тапсырыс берушіге көрсетілген талаптарына сәйкес толық тапсырған жағдайда жұмыстар орындалған болып саналады (5.7 тармақ).

Ш[...] көрсетілгендей Жолбалаушы жобалық-сметалық құжаттаманы Тапсырыс берушіге жібермегені, құжаттама тексерістен және ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуіден өтпегені Тапсырыс берушінің қабылдаутапсыру актілеріне қол қоюға жол бермейді.

Демек, жергілікті соттардың қабылдау-тапсыру актілері Тапсырыс берушімен қол қойып бектітілуге жатпайтыны туралы уәждері негізді және қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына сай келді.

Осы тұрғыда іс бойынша қабылданған сот актілері күшінде, ал жауапкердің өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Осы азаматтық іс бойынша қабылданған Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 1 маусымдағы шешімі, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

« «ҚНЖҚИ[...]»» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкілінің өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Н. Шәріпов

Судьялар

Б. Ералиева

Н. Сұлтанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.