6001-20-00-3гп/49
4 наурыз 2020 жыл Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - алқа төрағасы М.Таймерденов, судьялар Б.Мақұлбеков, Е.Максюта,
арыз берушінің өкілі А[...], өтінішхат берушінің өкілдері А[...] мен Б[...], Чапаев ауылдық округінің әкімі Л[...] қатысуымен,
Батыс Қазақстан облыстық сотымен бейнеконференц байланыс арқылы, ашық сот мәжілісінде арыз беруші «Ақжайық ауданының экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Батыс Қазақстан облысы Ақжайық аудандық сотының 2014 жылғы 20 қарашадағы шешіміне, Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 16 шілдедегі қаулысына «ПС[...]» ЖШС-нің және «Нұрбанк» АҚ-ның келтірген өтінішхаттарымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
«Ақжайық ауданының экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесі жоғарыда көрсетілген арызбен сотқа жүгінген.
Батыс Қазақстан облысы Ақжайық аудандық сотының 2014 жылғы 20 қарашадағы шешімімен арыз қанағаттандырылған. Батыс Қазақстан облысы, [...] аумағында Есенжанов көшесінің бойында орналасқан жанар-жағар май құю станциясы - жалпы жер көлемі 1154,5, Мұнай базасындағы насос станциясы - жалпы жер көлемі 1154,5, Карачин каналы- жалпы жер көлемі 17,5 шақырым, Чапаев-Казталов тас жолының оң жағында орналасқан №1 тоған, ұзындығы 138 м, ені - 86 м. және аталған тас жолдың сол жағындағы орналасқан № 2 тоған, ұзындығы 160,5 м., ені 93 м. иесіз мүлік ретінде деп танылып, аталған мүліктерге коммуналдық меншік құқығы берілген.
Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 16 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
«ПС[...]» ЖШС-мен «Нұрбанк» АҚ-ы өтінішхаттарында жергілікті соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын бұзғанын алға тартып, сот актілері заңсыз және негізсіз болғандықтан, олардың күшін жоюды сұрайды.
Сот алқасы іс бойынша тараптардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілген.
Азаматтық істі қарау барысында келесі мән-жайлар анықталған.
Батыс Қазақстан облысы, [...] мемлекеттік мекемесі (ары қарай – Мекеме) сотқа арыз беріп, онда Ақжайық ауданы Чапаев ауылдық округіндегі Есенжанов көшесінің бойында орналасқан жанар-жағар май құю станциясын – жалпы жер көлемі 1154,5 ш.м., Мұнай базасында орналасқан насос станциясын – жалпы жер көлемі 1154,5 ш.м., Карачин каналын - жалпы жер көлемі 17,5 шақырым, Чапаев-Казталов тас жолының оң жағында орналасқан №1 тоғанды, ұзындығы 138 м., ені-86 м. және аталған тас жолдың сол жағында орналасқан № 2 тоғанды, ұзындығы 160,5 м., ені 93 м. иесіз деп танып, аталған мүліктерге коммуналдық меншік құқығын тануды сұраған.
Арыз беруші өзінің талабын мүліктердің меншік иелері анықталмағандығымен, жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын уәкілетті органның ақпаратына сәйкес көрсетілген мүліктер 2013 жылдың тамыз айында иесіз мүліктер ретінде есепке қойылғандығымен, бір жылдан астам уақыт меншік иелерінің жария болмағандығымен негіздеген.
Жергілікті соттар азаматтық іс бойынша жиналған дәлелдемелерге құқықтық баға беру барысында, қойылған талаптарды негізді, заңнама талаптарына сай келеді деген қорытындығы келген.
Алайда, осы іс бойынша қабылданған сот актілері қолданыстағы процестік заңнама талаптарына сай келмегендіктен, күштері жойылуға жатады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (ары қарай – АПК) 427 - бабының 1 бөлігіне сәйкес іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымының дұрыс айқындалмауы және анықталмауы, материалдық немесе процестік құқық нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жоюға негіздер болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сот алқасымен аталған заңнаманың талаптары ескерілмей, заңсыз және негізсіз сот шешімі күшінде қалдырылған.
Өтінішхатта көрсетілгендей, 2008 жылғы 29 мамырдағы сатып алу-сату келісім шарты негізінде «ПС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ары қарай - ЖШС) Батыс Қазақстан облысы, [...]нде номері жоқ мекенжайда орналасқан «Автожанармай құю станциясының (ары қарай - АҚС), нысаналы мақсаты –
қызмет көрсету үшін, жалпы жер көлемі 0,1640 га, кадастрлық номері [...], меншік иесі болып табылады. Осы жер учаскесінде АҚС-на қажетті технологиялық жабдықтар орналасқан.
Арызданушының жылжымайтын мүлік пен жер учаскесіне құқығы уәкілетті органдарда тіркелген.
Сонымен қатар, 2007 жылғы 28 қыркүйектегі кепіл шартына сәйкес аталған мүлік «Нұрбанк» акционерлік қоғамына (ары қарай – АҚ) кепілге қойылып, бұл шартта заңда көрсетілген тәртіппен тіркеуден өткен.
Аталған жағдайлар Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 3 қараша 2009 жылғы шешімінде және осы облыстық соттың 8 желтоқсан 2009 жылғы алқа қаулысында көрсетілген. Өтінішхатта ЖШС даулы жылжымайтын мүлікке қатысты ұстау ауыртпалығын тиісті түрде жүзеге асырып келе жатқанын мәлімдеген.
«Нұрбанк» АҚ-мы ЖШС-нің даулы мүлікке меншік құқығын сақтау ниетін көздемей, меншік иесінің аталған мүлікті тастап кеткендігі туралы дәлелдемелер жиналмағанына назар аударған.
Өтінішхат авторларының дауланып отырған сот актілерінің қабылданғандығы туралы дер кезінде білмегендіктері, оларға сот отырыстары туралы шақыртулар мен хабарламалар келмегендігі туралы, қабылданған актілер олардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіреді деген уәждері тексерілуге жатады. Азаматтық істің материалдарына сәйкес жоғарыда аталған тұлғалар осы іс бойынша сот отырысына шақырылмаған, дербес тарап ретінде қатыспаған және өздерінің қорғану құқықтарын жүзеге асыру мүмкіндігінен айырылған.
Жергілікті соттар даулы жылжымайтын мүліктерді иесіз деп танып, коммуналдық меншік құқығын тану туралы шешім қабылдай отырып, аталған мүліктердің заңды мәртебелерін, яғни олардың нақты қандай субъктілерге тиесілі екенін, қараусыз қалуының себептерін, мемелекеттік органдардағы тіркелуін, мүліктерді ұстау ауыртпалығы қандай жолдармен жүзеге асырылғандығын тексермеген.
Аталған тараптардың мекен-жайына жергілікті соттар хабарлама мен шақырту жібергендігі туралы деректер іс материалдарына тіркелмеген.
ЖШС-тің меншік иесі ретінде даулы мүліктен бас тартқандығы туралы мәселе де тексерусіз қалған.
Бірінші сатыдағы соттың шешіміне сәйкес АҚС-нан басқа да мүліктер иесіз деп танылып, коммуналдық меншікке өткен.
Алайда, жергілікті соттар шешімде көрсетілген мүліктердің нақты кімдерге тиесілі екендігі туралы мән-жайларды зерделемеген.
Кассациялық сот алқасы мүлікті иесіз деп тану меншік иесі мен кепіл ұстаушының заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіреді деген қорытындығы келеді.
АПК-ның 427-бабының 4 бөлігі 4) тармақшасында көрсетілген императивтік нормаға сәйкес, егер сот іске қатысуға тартылмаған адамдардың құқықтары мен міндеттері туралы мәселені шешкен болса, онда бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылуға жатады.
Жоғарыда баяндалған жағдайлардың негізінде дауланып отырған сот актілерінің күші жойылуға, ал іс бірінші сатыдағы сотқа басқа судьялар құрамында қайта қарауға жіберілуге жатады.
Істі қайта қарған кезде даулы мүліктерге қатысты «ПС[...]» ЖШСі, «Нұрбанк» АҚ-нан басқа да меншік иелерін, даулы мүліктердің құқықтық мәртебелерін, зерделенген жағдайларға байланысты қаралуға жататын даудың соттылығын анықтау мәселелері шешілуі тиіс.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 451 бабы 1 бөлігінің 4) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы,
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Батыс Қазақстан облысы Ақжайық аудандық сотының 20 қараша 2014 жылғы шешімінің және Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 16 шілде 2019 жылғы осы іс бойынша қабылдаған қаулысының күші жойылсын.
Іс судьялардың басқа құрамында қайта қарау үшін Батыс Қазақстан облысы Ақжайық аудандық сотына жіберілсін.
Кассациялық өтінішхаттар – қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші: М. Таймерденов
Б. Мақұлбеков
Е. Максюта
Көшірме дұрыс. Судья Б. Мақұлбеков
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.