№6003-25-00-2к/1751
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 24 қараша Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Н.Б.Ормаханов, судьялар А.К.Есдаулетов, А.К.Рамазанова,
жеке сот орындаушы Н.М.Мәуленнің,
өндіріп алушының өкілі З.Т.Султанмуратовтың,
борышкер А.У.Халикназаровтың және оның өкілі Д.Д.Чумановтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы жеке сот орындаушы Нұрбол Мәуленұлы Мәуленнің борышкер Азизбек Умиджанович Халикназаровқа жүргізуші куәлігі түріндегі арнайы құқығының қолданылуын уақытша тоқтата тұру туралы ұсынысы бойынша Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 8 шілдедегі ұйғарымы мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 шілдедегі ұйғарымына борышкердің кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Шымкент қаласының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы (бұдан әрі -ЖСО) Н.М.Мәулен сотқа ұсыныспен жүгініп, онда 2025 жылғы 21 сәуірдегі ЖСО-ның қаулысы негізінде борышкер А.У.Халикназаровтың алимент қарызы 1 908 089 теңгені құрағандықтан, соңғының 2017 жылғы 1 маусымда «В,B1,С,C1» санаттағы берілген, ХW сериясы №019717 жүргізуші куәлігі түріндегі арнайы құқығының қолданылуын алимент қарызын толық төлегенге дейін уақытша тоқтата тұруды өтінген.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 8 шілдедегі ұйғарымымен ұсыныс қанағаттандырылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 шілдедегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Борышкер шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, олардың күшін жойып, ұсынысты қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, оған тіркелген құжаттарды зерделеп, төмендегі негіздерге байланысты шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 34-бабының 1- бөлігінің 3) тармағына сәкес сот орындаушысы алименттер өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша берешек жиналып қалған жағдайда борышкерге лицензиялар, рұқсаттар және арнайы құқықтар беруге уақытша тыйым салу туралы, сондай-ақ борышкерге бұрын берілген лицензиялардың, рұқсаттар мен арнайы құқықтардың қолданылуын тоқтата тұру туралы сотқа ұсыныс жібереді.
Заңда көрсетілгендей, борышкер міндеттемелерін орындамаған жағдайда ғана берілген арнайы құқықтардың қолданылуын тоқтата тұруға болады. Сот актілерінен анықталғандай, Шымкент қаласының Абай аудандық сотының 2023 жылғы 18 сәуірдегі сот бұйрығының негізінде А.У.Халикназаровтың табысының 1/3 бөлігі У.П.Халикназарованың пайдасына балаларын асырап бағу үшін алимент өндірілген.
Осы сот актісі негізінде ЖСО-мен 2025 жылғы 7 сәуірде №208/25-793242 атқарушылық іс жүргізу қозғалған.
Атқарушылық іс жүргізу барысында борышкердің банктік шоттарына, жылжымалы және жылжымайтын мүліктеріне тыйым салу, іссапарға шығуына уақытша шектеу қою, жалақыдан және басқа да табыс түрлерінен өндіріп алу арқылы атқару парағын орындауды қамтамасыз ету шаралары қабылданған.
2025 жылғы 21 сәуірдегі жеке сот орындаушының қаулысына сай, борышкердің алимент бойынша қарыз берешегі 1 908 089 теңгені құраған.
Алайда, борышкер А.У.Халикназаровпен сот бұйрығы орындалмаған, берешек өтелмеген.
А.У.Халикназаров өз еркімен сот бұйрығын орындамағандықтан, 2025 жылғы 11 маусымдағы Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысы негізінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669бабымен әкімшілік жауаптылыққа тартылған.
Аталған мән-жайларға байланысты жеке сот орындаушы көрсетілген ұсыныспен сотқа жүгінген.
АПК-тің 21-бабының 2-бөлігіне сәйкес заңды күшіне енген сот актілері, сондай-ақ сот төрелігін жүргізу кезінде соттар мен судьялардың өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары, сұрау салулары және басқа да өтініштері барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, азаматтар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында орындалуға жатады.
Соттар іс құжаттарын зерттей келе, ЖСО Н.М.Мәуленнің ұсынысы негізді деген тұжырымға келген.
Істің мән-жайы соттармен толық анықталған, оларға дұрыс құқықтық баға берілген, заң нормалары дұрыс қолданылып, заңды және негізді шешім қабылданған.
А.У.Халикназаров шағымда осы істі қараған кезде соттардың қандай материалдық немесе процестік заңның талаптарын сақтамағандығын нақты көрсетпеген.
А.У.Халикназаровтың қабылданған сот актілерімен келіспеуі субъективті пікір ретінде бағаланады.
Сондай-ақ, А.У.Халикназаровтың кассациялық сотқа ұсынған, өзінің жүргізуші болып жұмыс жасайтыны жөнінде растайтын құжатын негізге ала алмайды, себебі АПК-нің 449-бабына сәйкес істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.
Осы себепті, борышкердің көрсетілген уәждері дау айтылған сот актілерін қайта қарау үшін негіз бола алмайды.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,
сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 шілдедегі ұйғарымы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Н.Ормаханов
Судьялар А.Есдаулетов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.