КСАД РК - Постановление от 05.02.2026 по делу 6003-25-00-4к/2350 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 5 ақпан №6003-25-00-4к/2350 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Ә.Ж.Назарова,

судьялар – М.А.Қасымов, Д.Н.Нұрлыбаева болып,

ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер Мерует Артагалиевна Нурмагамбетованың жауапкерлер Атырау облысының білім беру басқармасының Қызылқоға ауданы білім бөлімінің «Кенбай орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, «Жанагүл» жеке кәсіпкер Жанагүл Маратқызы Айжарыковаға қызмет көрсету туралы шартын жарамсыз деп тану, «Кенбай орта мектебі» КММ-нің әлеуметтік өнім берушінің шағымы бойынша қабылданған шешімін заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша қабылданған

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 18 маусымдағы шешімі мен Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қыркүйектегі қаулысына жауапкер Атырау облысының білім беру басқармасының Қызылқоға ауданы білім бөлімінің «Кенбай орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы бойынша келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Жеке кәсіпкер Мерует Артагалиевна Нурмагамбетова жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 18 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, 2025 жылдың 17 наурыздағы жауапкерлер «Атырау облысы Білім беру басқармасының Қызылқоға ауданы білім бөлімінің «Кенбай орта мектебі» КММ-і мен «Жаңагүл» ЖК-і араларындағы №10 қызмет көрсету туралы шарты жарамсыз, 2025 жылдың 1 сәуіріндегі №0601-06-14-16/102 және 2 сәуіріндегі «Кеңбай орта мектебі» КММ-нің әлеуметтік өнім берушінің шағымы бойынша қабылданған шешімі заңсыз деп танылды.

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған

Жауапкер кассациялық шағымында сот актілерінің күшін жойып, талап қоюшының талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрайды.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Іс құжаттарын зерттеп, шағымның уәждерін кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі-АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Осы іс бойынша жергілікті соттар процестік құқық нормаларын бұзуға жол берген.

Іс материалдарынан анықталғандай, 2025 жылдың 25 ақпанында Атырау облысының білім беру басқармасының Қызылқоға ауданы білім бөлімінің «Кенбай орта мектебі» КММ-і мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы оқушыларды тамақтандыру қызметін ұйымдастыру бойынша конкурс жарияланған. Конкурсқа екі әлеуетті өнім беруші қатысқан: ЖК «Нурмагамбетова М.А.» және ЖК «Жанагүл».

2025 жылдың 5 наурызындағы №14034340-ОКЗ мемлекеттік қызметтер бойынша веб сайт порталында «Кенбай орта мектебі» КММ– мен балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қызметі бойынша өткізілген тендер қорытындылары туралы хаттама жарияланған.

2025 жылғы 5 наурызындағы жарияланған №14034340-ОК3 қорытындылар туралы хаттамаға сәйкес тендердің жеңімпазы болып ЖК «Жанагүл» танылған. Сағыз селосында орта мектепте өткізілген конкурс бойынша жауапкер бір тұлға ретінде тапсырыс беруші және ұйымдастырушы болып келеді. 2025 жылдың 17 наурызында жауапкермен «Жанагүл» ЖК-нің арасында қызмет көрсету шарты жасалған.

Талап қоюшы хаттама қорытындысымен келіспей, жіберілген заң бұзушылықтар бойынша Атырау облысы білім беру басқармасына және тікелей конкурстың ұйымдастырушысына шағым келтірген.

Шағым мәні бойынша шешілмегеніне қарамастан сатып алуды ұйымдастырушы 2025 жылдың 17 наурызында конкурс жеңімпазымен №10 қызмет көрсету шартын жасаған.

2025 жылғы 1 сәуіріндегі шешімінен ЖК «Жаңагүл» бұрын ешқашан жеңімпаз болып танылмағанын, конкурстық комиссия шешімінде заңсыздықтар немесе негізсіз бағалау орын алмағанын, берілген балл саны №598 бұйрығының талаптарына сәйкес есептелгенін, сондықтан конкурстық комиссия шешімін өзгертуге жатпайтыны және қайта қарауға негіз жоқ екені көрсетілген.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар шешім қабылдау кезінде процестік құқық нормаларының, сот практикасының бұзылуына жол берген.

Дауды ұйымдастырушының шешімін заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы талапты қарау барысында төмен тұрған соттар 2024 жылғы 1 шілдедегі №106-VIII ҚРЗ «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 25-бабының 3-бөлігіне сілтеме жасаған, оған сәйкес ұйымдастырушының (тапсырыс берушінің) шешімі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен шағымданылуы мүмкін.

Қаралып отырған жағдайда 2025 жылғы 1 және 2 сәуірдегі мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының дауланып отырған жауабтары (шешімі) әкімшілік актінің өлшемдері мен ұғымына толық көлемде сәйкес келмейді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талап қоюшының жария-құқықтық қатынастардағы құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім болып табылмайды.

Ұйымдастырушының әлеуетті өнім берушінің шағымы бойынша қабылдаған шешімін даулау оның бұзылған немесе дауланып отырған құқықтарын, бостандықтарын не заңды мүдделерін толық көлемде қалпына келтірмейді.

Осыған байланысты, 2025 жылғы 1 және 2 сәуірдегі хаттарында көрсетілген ұйымдастырушының шешімі әкімшілік сот ісін жүргізу шеңберінде дербес және бөлек соттық бақылауға жатпайды және жеке әкімшілік акт ретінде қаралмайды.

Сондықтан, талап қоюшының жария-құқықтық қатынастардағы құқықтары мен міндеттерін тікелей іске асыратын құжат – 2025 жылғы 5 наурыздағы конкурс қорытындылары туралы хаттама болып табылады және дәл осы құжат сот тәртібімен даулануға жатады. Мемлекеттік сатып алуға қатысушылар үшін құқықтық салдарлар, оның ішінде жұмыс тәжірибесін айқындау, шартты жеңілдіктер беру, конкурс құжаттамасы мен біліктілік талаптарына сәйкестігін не сәйкессіздігін айқындау, жеңімпаз деп тану тек конкурс қорытындылары туралы хаттамамен туындайды. Кейіннен конкурс қорытындылары туралы хаттама Заңның 17-бабына сәйкес мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуға негіз болып табылады.

Іс материалдарынан талап қоюшы бастапқыда 2025 жылғы 5 наурыздағы конкурс қорытындылары туралы хаттаманы және ұйымдастырушының шешімдерін заңсыз деп тану және олардың күшін жою туралы талаптар қойғаны көрінеді. Соттың 2025 жылғы 18 маусымдағы ұйғарымымен 2025 жылғы 5 наурыздағы конкурс қорытындылары туралы хаттаманы заңсыз деп тану және оның күшін жою бөлігіндегі талап қайтарылған. Аталған ұйғарым талап қоюшымен шағымданылмаған.

Апелляциялық сатыдағы сот аталған бұзушылықтарды жоймаған, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 413-бабының бірінші бөлігінің талаптарын бұза отырып, бірінші сатыдағы сот шешімінің заңдылығы мен негізділігін толық көлемде тексермеген.

Осыған байланысты, қабылданған сот актілері Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасында көзделген негіздер бойынша, яғни әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтын талап ретінде талап қоюды қайтарумен күшін жоюға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 18 маусымдағы шешімі мен Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қыркүйектегі қаулысының күші жойылсын.

Талап қоюшы жеке кәсіпкер Мерует Артагалиевна Нурмагамбетованың жауапкерлер Атырау облысының білім беру басқармасының Қызылқоға ауданы білім бөлімінің «Кенбай орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, «Жанагүл» жеке кәсіпкер Жанагүл Маратқызы Айжарыковаға қызмет көрсету туралы шартын жарамсыз деп тану, «Кеңбай орта мектебі» КММ-нің әлеуметтік өнім берушінің шағымы бойынша қабылданған шешімін заңсыз деп тану туралы талап қою арызы қайтарылсын.

Талап қоюшы жеке кәсіпкер Мерует Артагалиевна Нурмагамбетованың пайдасына мемлекеттік бюджет есебінен 11 800 (он бір мың сегіз жүз) теңге мөлшерінде төленген сот шығыстары қайтарылсын.

Жауапкердің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Ә.Назарова

Судьялар

М.Қасымов

Д.Нұрлыбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.