ВС РК - Постановление от 04.04.2024 по делу 6001-23-00-6ап/3088 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 4 сәуір 6001-23-00-6ап/3088 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Д. Өмірәлиев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы А[...] жауапкер Алматы қаласы әкімдігіне жер учаскесінде тұрғын үйді пайдалану және қызмет көрсету үшін уакытша өтеулі мерзімде жер пайдалануды ұсынудан бас тарту қаулысының бөлігін заңсыз деп тануды және күшін жоюды, әкімдікпен келтірілген бұзушылықты жойып, бұзылған құқықтары мен мүделлерін қалпына келтіруін міндеттеу туралы туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 шілдедегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 20 ақпандағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.

Алматы қаласының әкімдігінің 2022 жылғы 8 желтоқсандағы № 4/517641 «Алатау ауданы жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беруден бас тарту туралы» қаулысының А[...] Алматы қаласы, Алатау ауданы, Әйгерім-2 шағын ауданы, Жаңа Ғасыр көшесі, [...] үй мекенжайында орналасқан, көлемі 0,0395 га қосымша жер учаскесіне уақытша өтеулі пайдалану құқығына беруден бас тартуы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Алматы қаласының әкімдігіне соттың шешімі заңды күшіне енген күнінен бастап бір ай ішінде соттың құқықтық ұстанымын ескере отырып, тиісті әкімшілік актіні талап қоюшының пайдасына қабылдау арқылы оның бұзылған құқықтары мен мүдделерін қалпына келтіру міндеттелген.

Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында апелляциялық сот алқасының қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатылы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Талап қоюшының өкілі істі оның қатысуынсыз қарауды сұраған.

Басқа тараптар сотқа келген жоқ, келмеген себептерін сотқа хабарлаған жоқ. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен танысып, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Бірінші саты сотының шешімін апелляциялық тәртіппен қарағанда апелляцялық сатыдағы сот тарапынан мұндай кемшіліктерге жол берілген.

Істің мән-жайларына қарағанда Х[...] депутаттары Алматы Кеңесі атқару комитетінің 1991 жылғы 27 ақпандағы № 94б шешімінің негізінде Алматы қаласының жас құрылысшылар ассоциациясының 1992 жылғы 24 ақпандағы № 1007 шешімімен жеке тұрғын үй салу үшін ауданы 0,0800 га жер учаскесі берілген.

Әуезов ауданы бойынша Алматы қаласы әкімдігінің жылжымайтын мүлікті жария ету жөніндегі комиссияның 2007 жылғы 1 тамыздағы № 8020 санды шешімімен А[...] Алматы қаласы, Әуезов ауданы, «Әйгерім-2» шағын ауданы мекенжайында орналасқан жер учаскесі заңдастырылған.

Осы шешім негізінде талап қоюшыға аумағы - 0,0419 га, пайдаланылу мақсаты - тұрғын үйді пайдалану және оған қызмет көрсету үшін, кадастрлық нөмірі [...] жер теліміне жеке меншікке құқығын растайтын акті берілген.

Талап қоюшы жалпы ауданы 0,0800 га жер учаскесі тарихи пайдалануында болып келе жатқанын, жер учаскесіне кезінде құжат рәсімделген уақытта координаттарында кеткен техникалық қателіктерге байланысты білмеу салдарынан 0,0419 га рәсімделіп, қосылмай қалып қалған алаңы - 0,0395 га жер учаскесіне мақсатты пайдалануына сай тұрғын үйді пайдалану және қызмет көрсету үшін уақытша өтеулі мерзімді (жалға беру) құқығында бес жылға қаулы шығырып беруін сұрап Алматы қаласы әкімдігіне арызданған.

Алматы қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 8 желтоқсандағы № 4/517-641 қаулысымен А[...] арызын қанағаттандырудан бас тартылған.

Сұратылып отырған жер учаскесі құқық белгілейтін құжаттар берілгенге дейін заңсыз қоршалып және пайдаланғаны бас тарту негіздері ретінде келтірілген.

Талап қоюшы бұл бас тартумен келіспей сотқа жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырғанда жер учаскесіне құжат рәсімделген уақытта координаттарында кеткен техниқалық қателіктерге байланысты білмеу салдарынан 0,0419 га рәсімделіп, ал 0,0395 га жер қосылмай қалғанын және талап қоюшының көршілері жердің бөлінуіне қарсы еместігін ескерген.

Апелляциялық сатыдағы сот бұл негіздермен келіпей, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда мына мән-жайларды назарға алған:

-заңдастыру шешімі негізінде талап қоюшыға аумағы 0,0419 га жер телімі тиесілі.

-көшпелі сот отырысында анықталағандай, талап қоюшы 0,0419 га жер телімінде үйін салып, өз жер телімін оқшаулап қоршап қойған.

  • А[...] сұрап отырған 0,0395 га жер бөлек орналасып тұр, яғни талап қоюшының өз тұрғын үйін пайдалану және қызмет көрсету үшін пайдаланылмайды және пайдалануы мүмкін емес.

Бірінші сатыдағы соттың көршілердің келісуі жайлы тұжырымы еш негізсіз, әрі сұратылып отырған 0,0395 га жер телімінің оңтүстік - батыс жанында орналасқан жер телімініне құқықтары бар К[...] келісуі жоқ.

Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысында баяндалған түйіндер істің мән-жайларына сәйкес келмейді және процестің құқық нормалары дұрыс қолданылмаған.

Жоғарыда айтылғандай талап қоюшыға Х[...] депутаттары Алматы Кенесі атқару комитетінің 1991 жылғы 27 ақпандағы № 94б шешімімен 0,0800 га жер учаскесі берілген.

ӘРПК 129-баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес дәлелдеу ауыртпалығын дау айту жөніндегі талап қою бойынша ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдаған жауапкер көтереді. Жауапкер әкімшілік актіде аталған негіздемелерге ғана сілтеме жасай алады.

Жер учаскесінің 0,0419 га ауданына ғана құжат рәсімделіп, ал қалған 0,0395 га жер учаскесі рәсімделмей қалғанына жауапкер мемлекеттік орган негізді уәждер келтіре алмаған.

Қазақстан Республикасының Жер Кодексінің 35-бабының 1-тармағына сәйкес жер учаскесi азаматтар мен заңды тұлғаларға уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) немесе уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен берiлуi мүмкiн.

Дауланып отырған әкімшілік актіде жауапкер жер учаскесінің қоршалғаны және пайдаланылғаны туралы негіздерді көрсеткен. Бірінші сатыдағы сот көрсеткендей бұл негізді заңды деп санауға болмайды, себебі талапкер 1992 жылы әкімшілік орган берген жер телімін қоршап алған. Тұрғын үйді талапкер жеке меншікке берілген жер учаскесіне 2007 жылы салған.

Апелляциялық саты сотының әкімнің даулы қаулысында аталмаған басқа негіздемелерге сілтеме жасауы ӘРПК 129-баптың 3-тармағына сай заңсыз болып табылады.

Істің өзге де мән-жайлары мен бірінші саты сотының басқа негіздемелері сот шешімінде егжей-тегжейлі көрсетілген. Сондықтан талап қоюды қанағаттандыру жайлы бірінші сатыдағы соттың шешімі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келеді.

Істің бұл тұрғысында дауланып отырған сот қаулысының күші жойылып, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 шілдедегі қаулысының күші жойылсын.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 20 ақпандағы шешімі күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов

Судьялар Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.