ҚАУЛЫ
2025 жылғы 11 желтоқсан №6003-25-00-4к/564 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші - судья М.А.Манабаева
судьялар - Н.Е. Нуралыева, М.А. Туғанбаев Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Б.И. Саттыбаевтың, жауапкердің өкілдері Е.А. Кошкаровтың, А.К. Қенестің қатысуымен ашық сот отырысында Турсынкыз Эрназаркызы Эрназардың «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Түркістан қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған тәуекел дәрежесі орташа бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюы бойынша Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 сәуірдегі қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы Басқарманың хабарламасын заңсыз деп тануды және күшін жою туралы талап қойып, сотқа жүгінген.
Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 12 қарашадағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған. Басқарманың 2024 жылғы 24 шілдедегі № 5820HF400081 хабарламасы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Кассациялық шағымында жауапкер апелляциялық сатыдағы сот материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, қаулының күшін жоюды және талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұрайды.
Кассациялық сот шағымның уәждерін қолдаған жауапкердің өкілдерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерттеп, төмендегі қорытындыға келді. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес істің нәтижесіне әсер еткен материалдық және процестік құқық нормалары елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сот мұндай бұзушылықтарға жол бермеген.
Іс материалдары бойынша талап қоюшы Түркістан қаласында орналасқан тұрғын үйге меншік құқығын 2022 жылғы 14 қазандағы сыйға тарту шартының негізінде сатып алған. 2023 жылғы 21 сәуірде аталған мүлік сатып алу-сату шарты бойынша 24 000 000 теңгеге сатылған.
Автоматтандырылған камералдық бақылау нәтижелері бойынша 2024 жылғы 24 қыркүйекте № 5820HF400081 тәуекел дәрежесі орташа бұзушылықтарды жою туралы хабарлама талап қоюшыға жіберілген. Осы хабарламада 2023 жылға мүлік құнының артуынан түсетін кіріс мөлшері белгіленген, бұл ретте, жеке табыс салығы бойынша декларация ұсынылмаған немесе кіріс мөлшері төмендетілген.
Сот алқасы бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойған кезде салық базасын анықтауда салық заңнамасының дұрыс қолданылмағанын басшылыққа алған.
Кассациялық сот осы тұжырыммен келіседі.
Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) ҚР кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 330-бабына сәйкес жеке тұлғаның мүліктік кірісі тәуелсіз декларациялауға және салық салуға жатады. Мұндай кіріске басқа кірістермен қатар, мүлікті сатудан түскен кірістер де жатады.
Өтеусіз алынған мүлікті сатудан түскен кірісті анықтау ерекшеліктері Салық кодексінің 331-бабы 7-тармағының 1) тармақшасында белгіленген. Осы баптың талаптары бойынша кіріс мөлшері меншік құқығы пайда болған жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы айқындаған мүлікті өткізу бағасы мен бағалау құны арасындағы оң айырма ретінде айқындалады.
Іс материалдарында 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша талап қоюшының мүлкін бағалау құны туралы мәліметтер жоқ.
Мұндай жағдайларда Басқарма Салық кодексінің 331-бабы 7- тармағының 1) тармақшасының талаптарын сақтамай, салық салынатын кіріс бар екендігі туралы қорытынды жасаған.
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының 2023 жылғы мүлікті өткізу бағасы туралы мәліметтері салық заңнамасын түсінуде құн өсімінен түсетін табыстың болуын өздігінен растамайды және дауланып отырған хабарламаны шығаруға жеткілікті негіз бола алмайды. Сондықтан, дауланып отырған әкімшілік акт ӘРПК-нің 79-бабында көзделген заңдылық пен негізділік талаптарына сай келмейді, осыған байланысты апелляциялық сатыдағы сот оны заңсыз деп танып, күшін жойғаны негізді.
Сонымен қатар, апелляциялық сатыдағы соттың Басқарма Салық кодексінің 114-бабы 2-тармағының 10) тармақшасында белгіленген хабарламаны жіберу мерзімдерін бұзғаны туралы тұжырымы құқық нормасын дұрыс түсіндіруге негізделмеген және оны қаулының уәждеу бөлігінен алып тастаған жөн.
Аталған норманың мазмұны бойынша хабарламаны жіберу мерзімінің өтуі салық органы бұзушылықты нақты анықтаған кезден басталады. Сыртқы дереккөздерден мәліметтер алудың өзі бұзушылықты анықтаумен бірдей емес.
Салық есептілігін талдау және оны өзге де ақпарат көздерімен салыстыру Салық кодексінің 48-бабында белгіленген талап қою мерзімі шегінде жүзеге асырылуы мүмкін.
Мұндай жағдайларда кассациялық шағымның уәждері шағым беріліп отырған сот актісінің күшін жоюға құқықтық негіздер бар екенін бекітпейді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 сәуірдегі қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын. «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Түркістан қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші М. Манабаева Судьялар Н. Нуралыева
М. Туғанбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.