6003-25-00-2к/4084
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 10 ақпан
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,
судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,
прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшының өкілі Ғ.Ө.Әзімбайдың, жауапкер К.Б.Сатыбалдиеваның және оның өкілі С.А. Джаманбаеваның қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер Каламкас Бердалиевна Сатыбалдиеваға, Абдулла Алпыс-улы Жаримбетовқа, Саукымбек Бердалиевич Сатыбалдиевке, Шадияр Саукымбекович Сатыбалдиевке, Олжас Сауқымбекұлы Бердалыға, Арайлым Медеуқызы Еділге, Төлеби Сауқынбекұлы Бердалыға, Ахмедияр Шадиярович Саукымбековқа, Айым Шадиярқызы Саукымбекке өтемақы төлеумен жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару және үйден шығару туралы электронды азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 26 ақпандағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 сәуірдегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкерлердің меншігіндегі жер учаскесін және жылжымайтын мүлікті мемлекет мұқтажы үшін ақшалай өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған.
Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 26 ақпандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. К.Б.Сатыбалдиеваға меншік құқығына тиесілі кадастрлық №21-324-029-291, жалпы ауданы 0,0552 га, Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі №70А үй, 2 пәтерде орналасқан жер учаскесіне жылжымайтын мүлік объектісіне 44 707 953 теңге ақшалай өтемақы төлеу арқылы онымен бірге тұрып жатқан адамдарды мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мәнжайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып,
бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертуді, төленетін өтемақыны 41 349 060 теңге мөлшерінде айқындауды сұраған
Кассациялық сот тараптарды, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
2024 жылдың 12 тамыздағы № 510-2652 қаулысына сәйкес, Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі, С.Сейфулин көшесінен Ә.Жангельдин көшесіне дейінгі мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 1,1357 га жер учаскесі «Сырдария көшесі» объектісінің іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін, мемлекет мұқтаждығына мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы шешім қабылданған.
Алынатын жер учаскесінің шегіне Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі №70А үй, 2 пәтер, кадастрлық №21-324-029-291, жалпы ауданы 0,0552 га оның ішінде үлесі 0,0276 га жер учаскесі, және ол жерде орналасқан жылжымайтын мүлік мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.
2024 жылдың 19 сәуіріндегі сыйға тарту шарты бойынша жылжымайтын объектінің меншік иесі К.Б.Сатыбалдиева болып табылады.
Уәкілетті органмен жауапкерге өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама табысталған және 41 349 060 теңге ақшалай өтемақы ұсынылған.
Алайда, жауапкер өзінің мүліктерін талап қоюшының бағалаған нарықтық құнымен келіспеген.
Осыған байланысты сот ұйғарымымен тағайындалған «Прогресс Консалтинг» ЖШС-нің 2025 жылғы 19 ақпандағы №С.18-02.24 қорытындысына сәйкес жауапкер К.Б.Сатыбалдиеваға тиесілі жер учаскесінің және онда орналасқан жылжымайтын мүліктің нарықтық құны 44 208 411 теңгені құрады. Құрылыс материалдарының нарықтық құны ретінде көрсетілген мемлекеттік органда тиісті түрде ресімделмеген және тіркелмеген жылжымайтын мүліктің құны 499 542 теңгені құраған (бұдан әрі - сарапшының қорытындысы).
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін
мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.
Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.
Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.
Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде сарапшының қорытындысын назарға алған. Өйткені, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған. Бұл сараптама заңдылық пен әділдік өлшемдеріне сәйкес келеді. Сарапшымен сараптама шығын тәсілі және салыстырмалы тәсілімен жүргізіліп, зерттеу кезінде аналогтар пайдаланылған. Соттар бұл әдіс Объектінің нарықтық құнын анықтау кезінде ең сенімді әдіс болып табылатынын назарға алған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған.
Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.
Істің мұндай тұрғысында, соттардың мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскесі мен мүлік үшін өтемақыны 44 707 953 теңге мөлшерінде анықтауы заңды.
Осыған байланысты талап қоюшының шағымдағы уәжі негізсіз, соттардың түйіндеріне қарсы жаңа дәлелдер келтірмеген, көрсетілген уәждері апелляциялық сатыдағы сотпен толығымен негізделген.
Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Талап қоюшы өтемақыны шығын тәсілімен анықтаған мүліктің құнына ғана сүйеніп анықтауды сұрайды. Сарапшының қорытындысы жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын айқындау кезінде шығыс және салыстырмалы тәсілдерін пайдаланған. Жылжымайтын мүліктің түпкілікті құны оның жиынтық көрсеткішін шығару және нәтижелерін келісу жолымен айқындалған. «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі» туралы Заңның 14-
бабына сәйкес, бағалаушының дереккөзiн көрсете отырып, бағалау стандарттарына және (немесе) халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес бағалау әдiстерi мен бағалау амалдарын өзі дербес қолдануға құқығы бар.
Сарапшының бағалау тәсілдері мен әдістері сот құрылыс-тауартану сараптамасын жүргізу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын айқындау әдістемесінің талаптарына сәйкес келеді, оны теріске шығаратын дәлелдемелер талап қоюшымен ұсынылмаған.
Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
Судьялар: А.О.Тогумбетова
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.