ВС РК - Постановление от 11.03.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2694 (Административное)

6001-24-00-6ап/2694

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 11 наурыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Ғ.Ө.Әлжанов, судьялар - Ж.Б.Ермагамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып, прокурор Н.Ә.Молдахановтың,

жауапкер және мүдделі тұлға өкілдері Б.А.Аликенованың,

А.Б.Умбеталиеваның қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «ION AQUA Шипажайы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС, Серіктестік) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Қармақшы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» (бұдан әрі - Басқарма) республикалық мемлекеттік мекемесіне қойған камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаларды заңсыз деп танып, күштерін жою талабы бойынша қабылданған

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 11 сәуірдегі шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 9 тамыздағы қаулысына талап қоюшы келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Серіктестік сотқа талап қою арызымен жүгініп, 2023 жылғы 5 және 6 қаңтардағы камералдық бақылау нәтижелері бойынша қалыптастырылған хабарламаларды заңсыз деп тануды және олардың күшін жоюды сұраған.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 11 сәуірдегі шешімімен Серіктестіктің талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 9 тамыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттардың сот актілерімен келіспей, олардың күшін материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына орай жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған талап қоюшы өкілінің кассациялық сатының сот отырысына келмеуі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік- процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Сот алқасы, процеске қатысушылардың уәждерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Соттармен анықталған мән-жайларға қарағанда камералдық бақылау нәтижесінде салық органдары «ION AQUA Шипажайы» ЖШС-ға қатысты 2023 жылғы 5 қаңтарда №3304Н8800007, №3304Н8700009 және 2023 жылғы 6 қаңтарда №3304Н9200004, №3304Н9300002, №3304Н9400004 хабарламаларын (бұдан әрі - даулы хабарламалар) қалыптастырды.

№3304Н8800007 және №3304Н8700009 хабарламаларда 2020 жылғы 1 сәуірден 30 маусымға және 1 шілдеден 30 қыркүйекке дейінгі кезеңдерге арналған камералдық бақылау деректері бойынша салық есептіліктерінде жалдамалы қызметкерлердің көрсетілмеу фактілері анықталған.

№3304Н9200004, №3304Н9300002 және №3304Н9400004 хабарламалар 2021 жылғы 1 сәуірден 31 желтоқсанға дейінгі үш кезеңге арналған, онда да кәсіпкерлік қызметтің белгілері болғанына қарамастан, есептіліктерде жалдамалы қызметкерлер көрсетілмегені анықталған.

Талап қоюшы сотқа жүгініп, даулы хабарламаларды заңсыз деп тануды және олардың күшін жоюды талап сұраған. Өз ұстанымын Байқоңыр қаласы Ресейге жалға берілген аймақ екенін, ол жердегі кәсіпкерлік субъектілерінің Ресей салық органдарына тіркеліп, салықты сол елге төлеуі қажет екенімен және хабарламаларда салық органының ЭЦҚ-сының болмауымен негіздеген.

Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім қабылдау кезінде даулы хабарламалардың Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес қалыптастырылғанын және талап қоюшының уәждерінің негізсіз екенін анықтап көрсеткен. Соттар талап қоюшының дәлелдерін мұқият зерделеп, даулы хабарламалардың заңды екендігі туралы тұжырым жасаған.

Салық кодексінің 217-бабының 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған және тиімді басқару орны Қазақстан аумағында орналасқан ұйымдар Қазақстан Республикасының резидент-заңды тұлғалары болып есептеледі. Сонымен қатар, 482-бабының 1-тармағының 3) тармақшасына сай, резидент-заңды тұлғалар әлеуметтік салық төлеушілер ретінде танылады.

Ал 657-бабына сәйкес, жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық бойынша декларация салық төлеу орны бойынша тоқсан сайын өткізілуі тиіс.

«Байқоңыр қаласының мәртебесі туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы келісімді бекіту туралы» Заңның 1-бабының 1-тармағы Байқоңыр қаласының Қазақстанның әкімшілік-аумақтық бірлігі екенін, бірақ жалға алынған аймақ ретінде ерекше мәртебеге ие екенін белгілейді.

Іс материалдары мен қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес, Серіктестік Байқоңыр қаласындағы «Ғарышкер» бөбекжай бақшасы филиалын Ресей Федерациясының заңды тұлғасы ретінде тіркемеген. Сонымен қатар, Филиал Қазақстан Республикасының Әділет департаментінде тіркеліп, салық төлеуші ретінде есепке алынған. Осы деректер Серіктестіктің Қазақстанның резидент-заңды тұлғасы екендігін растайды және оны Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық төлеуге міндеттейді.

Яғни, Серіктестік пен оның филиалы Қазақстан Республикасының заңды тұлға-резиденттері болып табылады, сондықтан олар елдің салық заңнамасына сәйкес салық төлеуге міндетті екендігі туралы жергілікті соттардың тұжырымдары дұрыс.

Жергілікті және кассациялық сот алқасының отырысында даулы хабарламалар QR-код арқылы расталып, онда Басқарма басшысының қолы қойылғаны анықталды. Бұл олардың Салық кодексіне және әкімшілік актілердің электронды түрде әзірлену талаптарына сәйкес дайындалғанын дәлелдейді.

Жоғарыда баяндалған және соттар анықтаған мән-жайларды ескере отырып, сот алқасы жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымымен келіседі. Себебі сот талқылауында даулы хабарламалардың заңды түрде әрі негізді қабылданғаны дәлелденді.

Сот актілері материалдық және процестік құқық нормаларына сүйене отырып шығарылған, заң нормалары дұрыс қолданылып, іс бойынша дәлелдемелерге заң тұрғысынан объективті және дұрыс баға берілген.

Сот алқасы шағымдалып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негізделген дәлелді себептер жоқ деп санайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 11 сәуірдегі шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 9 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы «ION AQUA Шипажайы» ЖШС-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Ғ. Әлжанов

Судьялар

Б. Нажмиденов

Ж.Ермагамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.