Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 23.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/2598 (Гражданское)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 23 желтоқсан №6003-25-00-2к/2598 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков,

судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева, прокурор О.С.Пернеевтің,

талап қоюшы өкілі Д.С.Мухамедиевтің, жауапкерлер М.Қ.Садыбектің өкілі М.К.Ирисметовтың, Түркістан облысының Сайрам ауданы әкімдігінің өкілі Х.Р.Тойчибаевтің қатысуларымен, бейнеконференц байланысы арқылы

талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) жауапкерлер Надирхан Артукходжаевич Имамсидиковқа, Дилфуза Равшанбековна Имамсидиковаға, Мейірбек Қайратұлы Садыбекке, Шымкент қаласының әкіміне, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, Түркістан облысының Сайрам ауданы әкімдігіне, «Сайрам аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне сыйға тарту келісім шартын, сатып алу-сату үлгілік шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер М.Қ.Садыбектің Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 10 сәуірдегі шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Депаратмент жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 10 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Н.А.Имамсидиковтың Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Сайрам тұрғын үй алабы, Жаңақұрылыс көшесі 245 «а» мекен жайда орналасқан кадастр №22-330-043-245 жер учаскесін М.Қ.Садыбекке сыйға тарту туралы 2024 жылғы 4 қазандағы №4373 тізілімде тіркелген шарты, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесі мен М.Қ.Садыбектің арасында жасалған 2024 жылғы 16 ақпандағы №004/405 жер учаскесін сатып алу-сатудың үлгілік шарты жарамсыз деп танылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, жауапкер Н.А.Имамсидиковтың өкілінің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Жауапкер М.Қ.Садыбек кассациялық шағымында жергілікті соттардың тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, анықталған жағдайларға тиісті құқықтық баға берілмегенін, материалдық және процестік

құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымдардың уәждерін зерттеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Азаматық істің материалдарына қарағанда Сайрам ауылдық округі әкімінің 2004 жылғы 26 қаңтардағы № 18 шешімімен жауапкер Н.А.Имамсидиковқа оның арызы мен Сайрам аудандық жер комиссиясының 2003 жылғы 24 қарашадағы № 44 қорытындысы негізінде Сайрам ауылы, Жаңақұрылыс көшесі нөмірсіз үй мекен жайынан көлемі 800,0 шаршы метр жер телімі жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жеке меншігіне берілген.

Н.А.Имамсидиковтың арызына сәйкес, «Шымкент Зем.Проэкт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жерге орналастыру жобасы Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының 2023 жылғы 18 шілдедегі №Б-46-Ө бұйрығымен бекітіліп, Шымкент қаласы, Қарастау ауданы, Сайрам тұрғын үй алабы, Жаңақұрылыс көшесі № 245«а» участок мекенжайдан (бұдан әрі - даулы жер учаскесі) Н.Имамсидиковқа жеке меншік құқығымен қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін көлемі 0,008 га, кадастр № 22-330-043-245 жер учаскесі сәйкестендіру берілген.

2023 жылғы 4 қазандағы сыйға тарту келісім шартымен Н.Имамсидиков даулы жер учаскесін жауапкер М.Садыбекке сыйға тартқан.

Шымкент қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 15 ақпандағы № 599 қаулысымен М.Садыбекке тиесілі даулы жер учаскесінің нысаналы мақсаты құрылыстар мен ғимараттарға қызмет көрсету үшін өзгертілген.

Осы қаулының негізінде Шымкент қаласының сәулет қала құрылысы және жер қатынастары басқармасымен 2024 жылғы 16 ақпанда № 004/405 жер учаскесін сатып алу - сату үлгілік шарты түзілген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 157бабының 1-тармағына сәйкес мәміле сот оны осындай деп (дауланатын мәміле) тануына байланысты осы Кодексте немесе өзге де заңнамалық актілерде белгіленген негіздер бойынша не осылай тануына (маңызсыз мәміле) қарамастан, заңнамалық актілерде тікелей көзделген негіздер бойынша жарамсыз болады.

АК-нің 157-1-бабының 2-тармағында жарамсыздығына байланысты

және жасалған кезінен бастап жарамсыз болған мәмiлелерді қоспағанда, егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерінде өзгеше көзделмесе немесе мәмiленiң мәнiнен немесе мазмұнынан өзгеше туындамаса, жарамсыз мәмiле заңдық салдарларға алып келмейтіні қарастырылған.

АК-нің 158-бабының 1-тармағына сай, мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін мәміле, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мәміле болып табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 2003 жылғы 20 маусымдағы № 442-ІІ (бұдан әрі - Жер кодексі) редакциясының 43-бабының 2-тармағына сәйкес жер учаскелерiн меншiкке немесе жер пайдалануға берудi жергiлiктi атқарушы органдар өздерiнiң осы Кодексте белгiленген құзыретi шегiнде жүзеге асырады. Жер учаскесiн беру туралы шешiмдер немесе жер учаскесiн беруден бас тарту жергiлiктi өкiлдi органның депутаттары, жер ресурстарын басқару, сәулет және қала құрылысы жөнiндегi аумақтық органдар мен жергiлiктi өзiн - өзi басқару органдарының (олар құрылған болса) өкiлдерi арасынан жергiлiктi атқарушы органдар құратын комиссияның қорытындысы негiзiнде қабылданады.

Жер кодексінің 43-бабының 7-тармағында жергiлiктi атқарушы органның жер учаскелерiне тиiстi құқықтар табыстау туралы шешiмi жерге орналастыру жобасы негiзiнде қабылданып, өтiнiш берушiге шешiм қабылданған кезден бастап жетi күн мерзiмде жер учаскесiне меншiк құқығын немесе жер пайдалану құқығын табыстау туралы шешiмнiң көшiрмесi тапсырылатыны көзделген. Сотта істі қарау барысында Сайрам ауылдық округі әкімінің 2004 жылғы 26 қаңтардағы № 18 шешімін қабылдауға негіз болған Сайрам аудандық жер комиссиясының 2003 жылғы 24 қарашасындағы № 44 қорытындысында Н.Имамсидиковқа Сайрам ауылдық округінен жер учаскесін табыстау туралы арызы қаралмағаны, ұзақ уақыт бойы жер кадастрлық ісі жүргізілмегені анықталған. Жауапкерлер тарапы бұл фактіні теріске шығаратын дәлелдемелерді сотқа ұсынбаған.

Сонымен қатар, тексеру барысында, даулы жер учаскесі Шымкент қаласы Сайрам ауданы аумағы Сайрам су көшесінің бойында орналасқаны, яғни басқа жер теліміне орналастырылғаны анықталған. Сайрам ауылдық округі әкімінің 2004 жылғы 26 қаңтардағы № 18 шешімімен жер учаскесі Н.Имамсидиковқа Шымкент қаласы, Қарастау ауданы, Сайрам тұрғын үй алабы, Жаңақұрылыс көшесі № 245«а» участок мекенжайдан берілген болатын.

Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» Заңының (әрі қарай - Заң) 64-бабы 1-тармағы 1-тармақшасына сәйкес, мемлекеттік

органдардың құқықтық актісі Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарға және жоғары тұрған мемлекеттік органдардың құқықтық актілеріне қайшы келмеуі тиіс. Ал, осы баптың 2-тармағында мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетін құқықтық актілері қабылданған кезінен бастап жарамсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының аумағында қолданылмауға тиістігі көрсетілген.

Сондай ақ, осы Заңның 65-бабының 2-тармағына сәйкес жеке-дара қолданылатын құқықтық акт оның талаптарын немесе онда қамтылған тапсырмаларды осы құқықтық акт өздеріне арналған тұлғалар орындаған кезден бастап қолданылуын тоқтатады.

Сайрам ауылдық округі әкімінің 2004 жылғы 26 қаңтардағы № 18 шешімі өз қолдануын тоқтатқан себепті ол даулануға жатпайды.

Жергілікті соттар бұл аталған әкім шешімнің заң талаптарына сәйкес келмейтінін, жауапкер Н.Имамсидиковқа даулы жер учаскесі заң талаптары сақталмай табысталғанын назарға алып, осы заңсыз әрекеттен туындаған кейінгі мәмілелерді дұрыс жарамсыз деп тапқан.

Соттарда істі қарау барысында жауапкерлер тарапы жоғарыда аталған мән-жайларды теріске шығаруға немесе негізсіз деп тануға сотқа қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы тұрғысынан тиісті дәлелдемелер ұсынбаған.

Кассациялық шағымдағы уәждер материалдық құқық нормалары мен іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді қайта бағалауға байланысты келтірілген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген. Жауапкердің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

Аталған негіздерге байланысты кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 10 сәуірдегі шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: Л.Мамырбаева

В.Тохтарбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.