ҰЙҒАРЫМ ақшалай өндіріп алу туралы
2025 жылғы 11 қыркүйек №6003-25-00-4к/172 Астана қаласы
Қазақтан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья М.Туғанбаев,
судьялар Н.Нуралыева, Ж.Оспанова болып,
жауапкер өкілі С.Мухамеджановтың қатысуымен
ашық сот отырысында талап қоюшы Зият Убайдаұлы Тоғатайдың жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі –Корпорация)
жерге орналастыру жобаларына келісім беруден бас тарту әрекетін заңсыз деп танып, жауапкерге жерге орналастыру жобаларын жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесінің графикалық деректерімен келісуді міндеттеу туралы талабы бойынша қабылданған
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2024 жылғы 16 қыркүйектегі шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
З.Тоғатай жоғарыда көрсетілген талаппен сотқа жүгінген. МАӘС-тің 2024 жылғы 16 қыркүйектегі шешімімен талапты қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Кассациялық сатыдағы сотта Корпорация атынан өкіл ретінде С.Мухамеджанов қатысты. Ол кассациялық шағымға қарсылығын білдіргенімен, өзінің шағымға қатысты ұстанымын сотқа тиісті түрде жеткізе алмады. Істің мән-жайлары бойынша қойылған сұрақтарға жауап бере алмады.
Кассациялық шағымға қарсы пікір де осы өкілмен әзіргенген. Оның мазмұнынан пікір иесінің даудың мәнісін ұғынбай, қарсы пікірді формальды түрде әзірлегені көрінеді. Себебі пікірдегі уәждер мүлдем басқа қызмет түрі бойынша келтірілген: туындап отырған дау «Жобаланатын жер учаскесін жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесінің графикалық деректерімен келісу» мемлекеттік қызмет түрі бойынша болса, қарсы пікір «Жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын дайындау және беру» қызметінің көрсетілу тәртібі бойынша жазылған.
Мұнан талап қоюшыға мемлекеттік қызметтің нақты қандай түрі көрсетілгенінен жауапкер өкілінің бейхабар екені көрінеді.
Яғни жауапкер өкілі өзінің процестік міндеттерін орындамай, сот отырысына дайындықсыз келген.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі-ӘРПК) 29-бабының екінші бөлігінде жауапкер сотқа әкімшілік істің шын мәніндегі мән-жайлары туралы толық және шынайы түрде мәлімдеуге, әкімшілік істі, әкімшілік процеске басқа да қатысушылардың растайтын фактілерін теріске шығаратын құжаттарды сотқа айтуға немесе ұсынуға міндетті екені, жауапкердің процестік міндеттерді орындамауы осы Кодексте көзделген процестік салдарлардың басталуына алып келетіні көзделген.
Осы Кодекстің 127-бабының үшінші бөлігінде сот процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға әрбір әрекет (әрекетсіздік) үшін он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы екені бекітілген.
Осы әкімшілік істің кассациялық сатыда қаралуы барысындағы жауапкер өкілі С.Мухамеджановтың әрекеттеріне қатысты кассациялық сот оған ақшалай өндіріп алуды қолдануды қажет деп тапты.
Сот ақшалай өндіруді қолдану сот ісін жүргізудің - сотқа құрметпен қарауды қалыптастыру міндетін іске асыру үшін де септігін тигізеді деп санайды.
ӘРПК-нің 127-бабының үшінші бөлігін басшылыққа алып, кассацялық
сот
ҰЙҒАРЫМ ЕТТІ:
Жауапкер өкілі Сағыныш Оралович Мухамеджановтан он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 39320 (отыз тоғыз мың үш жүз жиырма) теңге өндіріліп алынсын.
ӘРПК-нің 127-бабына сай:
ақшалай өндіріп алуды төлеу ұйғарым табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылатыны және ол республикалық бюджеттің кірісіне өндіріп алынатыны;
сот актісін немесе соттың талаптарын орындамаған кезде сот тұлғаға он айлық есептік көрсеткішке ұлғайтылған мөлшерде қайтадан ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы екендігі түсіндірілсін. Ұйғарым шағымдануға жатпайды.
Төрағалық етуші М. Туғанбаев
Судьялар Н. Нурлыбаева
Ж.Оспанова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.