ВС РК - Постановление от 01.09.2021 по делу 6001-21-00-2апк/11 (Об административном правонарушении)

2апк-11-21

ҚАУЛЫ

2021 жылғы 1 қыркүйек Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья А.Қ. Қыдырбаева,

судьялар М.Т. Балкен, А.М. Нұрбеков,

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының аға прокуроры К[...],

әкімшілік жауаптылыққа тартылған «Ботбай ата» қоғамдық қорының өкілі А[...] қатысуымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы,

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 136-бабы бойынша «Ботбай ата» қоғамдық қорына қатысты,

Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 19 қазандағы және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 17 қарашадағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы бойынша келіп түскен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі кассациялық тәртіппен қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Шымкент қаласының қала құрылысын бақылау басқармасының жер инспекциясы бөлімі (бұдан әрі - Басқарма) басшысының м.а. мемлекеттік инспекторы У[...] 2019 жылғы 5 желтоқсандағы № 52 санды қаулысымен «Ботабай ата» қоғамдық қоры (бұдан әрі – Қоғамдық қор) ӘҚБтК-нің 136-бабы бойынша жауапкершілікке тартылып, оған 252 500 теңге әкімшілік айыппұл салынған.

Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 19 қазандағы қаулысымен уәкілетті органның қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 17 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актілерін қайта қарауды көрсетілген. Ұсыну дәлелдерін қолдаған қоғамдық қор өкілі А[...] түсініктемелерін, прокурор К[...] қорытындысын тындап, іс материалдарын зерделеп, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы келесі тұжырымға келді.

Басқарма қаулысымен «Ботбай ата» қоғамдық қоры алаңы 9,45 шаршы метр жер учаскесінде құрылыс жұмыстарын жүргізіп, кесене салу мақсатында жер учаскесінің нақтылы шекарасын белгілемей, жерді пайдалануға рұқсат беретін құжаттарды алмай, өз бетінше иеленіп, жерге мемлекеттік меншік құқығын бұзды деп әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 252 500 теңге әкімшілік айыппұл салынған.

Соттар уәкілетті орган қаулысының негізділігі туралы қорытындыға келген.

Алайда жергілікті соттардың қаулылары негізсіз және заңсыз болып табылады.

ӘҚБтК-нің 829-10-бабының 1 және 2-бөліктері бойынша сот істі қарауға кіріскенде өзіне қатысты іс бойынша іс жүргізіліп жатқан адамның түсiнiктемелерiн, iс жүргiзуге қатысатын басқа да адамдардың айғақтарын, маманның түсiндiрмесiн және сарапшының қорытындысын тыңдайды, өзге де дәлелдемелерді зерттейді, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің қозғалуын, істі толық көлемде тексереді, бұл ретте ол жаңа фактілерді анықтауға және жаңа дәлелдемелерді зерделеуге құқылы.

Басқарманың іс материалдарына сәйкес даулы құрылыстар мен нысандар 2004-2006 жылдары қоғамдық қордың меншігіне сатып алынған жер учаскелеріне салынған. Бұл ретте істе бар схемада Қоғамдық қордың жер учаскелерінің, сондай-ақ аралас жерлердің шекараларын көрсету қамтылмайды. Бұл құқық бұзушылық жасау фактісін дұрыс анықтауға мүмкіндік бермейді.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 12-бабының 8-1, 32-1тармақшаларына сәйкес жер учаскелерінің шекаралары туралы мәліметтер жерге орналастыру жобасында және мемлекеттік жер кадастрының ақпараттық жүйесінде қамтылған.

Жер учаскелерінің шекараларының сәйкестігін тексеруді «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ-ы жүзеге асырады (Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 6 мамырдағы № 379 бұйрығымен бекітілген жерге орналастыру жобасын әзірлеу жөніндегі жерге орналастыру жұмыстарын орындау қағидаларының 16-тармағы). Алайда іс материалдарында уәкілетті органнан алынған тиісті дәлелдемелер жоқ.

Жергілікті соттар Қоғамдық қордың жер учаскелеріне құқықтарының болуын, мемлекеттік жер учаскесін нақты иеленуінің дәлелдемелерін тексермеген.

ӘҚБтК-нің 822-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулы заңды және негізделген болуға тиіс.

Соттардың қаулылары «Әкімшілік құқық бұзушылық іс бойынша соттың қаулысы туралы» Жоғарғы Соттың 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 5 нормативтік қаулысының талаптарына сәйкес келмейді.

Осыған байланысты жергілікті соттардың қабылданған қаулылары құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайларға ие, ӘҚБтК-тің 851-бабының 5-бөлігі 3) тармақшасына сәйкес қайта қарауды талап етеді.

Іс бойынша қабылданған сот қаулылары бұзылып, апелляциялық саты сотына жаңа сот қарауына жіберілуге жатады. Істі жаңа сот қарауында заң бұзушылықтарды жойып, қажет болған жағдайда қосымша құжаттары сұратып, істі мән-жайы бойынша терең зерттеп, әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс өндірісі қатысушыларының уәждерін тексеріп, дұрыс құқықтық баға беріп және іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес заңды және негізді қаулы қабылдау қажет.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандыруға жатады.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып сот алқасы,

ҚАУЛЫ ЕТТІ :

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 136-бабы бойынша «Ботбай ата» қоғамдық қорына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 19 қазандағы және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 17 қарашадағы қаулыларының күшін жойып, істі жаңа сот қарауына апелляциялық сатыдағы сотына жіберілсін.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

А. Қыдырбаева

Судьялар

М. Балкен

А. Нұрбеков

Көшірмесі дұрыс Судья А. Қыдырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.