ҚАУЛЫ
2025 жылғы 5 тамыз № 6003-25-00-4к/1629 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Д.Ә.Әбдіғалиев, судьялар – Д.Н.Нұрлыбаева, Ә.Ж.Назарова болып,
прокурор А.Камашев,
талап қоюшының өкілдері А.Әбдімәлікқызы, А.Қазақбайұлы, жауапкер өкілі М.Н.Көбей,
мүдделі тұлғаның өкілі А.С.Рахымбекованың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне анықталған бұзушылықтарды жою туралы және оларға жол берген адамдардың жауаптылығын қарау туралы 2024 жылғы 23 мамырдағы нұсқаманың 1) және 2) тармақшаларын заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі шешімі мен Астана қаласының сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 қарашадағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымы және прокурордың кассациялық өтінішхаты бойынша келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі» мемлекеттік мекемесі жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
2024 жылғы 23 мамырдағы нұсқаманың 1) тармақшасы заңсыз деп танылды. 2024 жылғы 19 наурыздағы аудиторлық есептің 19 тармағында көрсетілген бұзушылықтар бойынша лауазымды адамдардың жауаптылығын қарауды міндеттеу бойынша 2024 жылғы 23 мамырдағы нұсқаманың 2) тармақшасы заңсыз деп танылған.
Астана қаласының сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Сот актілерімен келіспей, жауапкер кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот шешімнің және апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын толық жоюды, талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрады. Прокурор кассациялық өтінішхатында сот актілерін өзгертуді, талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігінде қанағаттандырудан бас тартуды сұрады.
Кассациялық сатыдағы сот жауапкер өкілінің кассациялық шағымды, прокурордың кассациялық өтінішхатын қолдаған, талап қоюышының сот актілерін өзгеріссіз қалдыруды сұраған түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын, шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік – кодексінің (бұдан әрі АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2023 жылғы 23 қазандағы № 28 еңбек шарты бойынша А.Рахымбекова «Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі Экология министрлігі) басшы хатшысы лауазымына 2023 жылғы 23 қазанда жұмысқа қабылданған.
2023 жылғы 7 желтоқсандағы № 22 еңбек шарты бойынша А.Рахымбекова арнайы тексерудің нәтижелерін алған күнге дейін 2023 жылғы 7 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Мемлекеттік активтерді басқару және бюджет саясаты департаменті Бухгалтерлік есеп және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы міндеттерін уақытша атқару үшін қабылданған.
2023 жылғы 13 желтоқсандағы № 259 және 2023 жылғы 22 желтоқсандағы № 263 бұйрығымен А.Рахымбековаға 2 486 900 тенге сомасында сыйлықақы берілген.
2024 жылғы 20 ақпандағы № 32 бұйрығымен 2023 жылғы 7 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Мемлекеттік активтерді басқару және бюджет саясаты департаменті бухгалтерлік есеп және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы лауазымына тағайындалған.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті (бұдан әрі Комитет) Экология министрлігіне жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікке мемлекеттік аудит жүргізген. Тексеру қорытындылары бойынша 2024 жылғы 19 наурыздағы аудиторлық есеп жасалып, 2024 жылғы 23 мамырдағы аудиторлық қорытынды шығарылды және анықталған бұзушылықтарды жою туралы және оларға жол берген адамдардың жауаптылығын қарау туралы 2024 жылғы 23 мамырдағы нұсқама (бұдан әрі - Нұсқама) берілді.
Тексеру нәтижелері бойынша А.Рахымбековаға 2 486 900 тенге сомасында сыйлықақы заңсыз берілген (бас бухгалтер лауазымында бір айдан кем жұмыс істеген және арнайы тексеруден өтпеген) бөлігінде қаржылық бұзушылықтар анықталған.
Экология министрлігі Нұсқамамен келіспей, 2023 жылғы 20 маусымда аталған әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгініп, онда А.Рахымбековаға сыйлықақы заңды берілген көрсетіп, 2024 жылғы 23 мамырдағы нұсқаманың 1) және 2) тармақшаларын заңсыз деп тануды сұрады.
Талапты қанағаттандыра отырып, төменгі сатыдағы соттар даулы әкімшілік актінің заңсыздығына назар аударған.
Кассациялық сот аталған тұжырымдарды заңды және негізді деп санайды.
ӘРПК-нің 132-бабына сәйкес ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіде талап қоюшының құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, ол әкімшілік актінің толық немесе оның қандай да бір бөлігінің күшін жою талабымен дау айту туралы талап қою беруге құқылы. Нұсқаманың 1-тармағында Министрліктен 206109 бюджеттік сыныптама коды бойынша 2 486 900 теңгені бюджетке өтеу (аудару) ұсынылған. 2024 жылғы 19 наурыздағы аудиторлық есептің 19 тармағында келесі бұзушылықтар көрсетілген: 2001 жылғы 29 тамыздағы №1127 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу туралы» қағидаларының 4-тармағы 2) және 3) тармақшаларына (бұдан әрі Қағидалар) сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қаржы Министрінің 2010 жылғы 3 тамыздағы №393 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу» қағидаларының 4, 15, 18 және 187-тармақтарына сәйкес, А.Рахымбековаға 2 486 900 теңге сомасында сыйлықақыны заңсыз төлеу фактісіне заңсыз жол берді, аталған бас бухгалтер лауазымында бір айдан аз жұмыс істеген және сынақ мерзімінде болған (арнайы тексеруден өтпеген).
Қағидалардың 1-тармағымен олардың еңбегіне ақы төлеу «Мемлекеттiк бюджет есебiнен қамтылған барлық органдар үшін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудiң бiрыңғай жүйесiн бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 16 қазандағы №646қбп қаулысының негізінде жүргізілетін мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын барлық органдардың қызметкерлеріне таратыландығы белгіленген.
Еңбекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесімен тұрақты негізде жұмыс істейтін депутаттардың; судьялар, ғалым-заңгерлер мен адвокаттар қатарындағы Жоғары Сот Кеңесінің мүшелерінің; Конституциялық Сот судьяларының; Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшілері мен Халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдерінің; Қазақстан Республикасының шетелдегі дипломатиялық қызмет персоналының; мемлекеттік қызметшілердің; әскери қызметшілер мен күш органдары қызметкерлерінің, әскери, арнаулы оқу орындарының курсанттары, тыңдаушылары және кадеттерінің еңбегіне ақы төлеу бекітілген. Осылайша, Қағидалардың күші тек мемлекеттік қызметшілерге қолданылады.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі Заң) 8-бабымен Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекеттік қызметші мәртебесіне Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік лауазымға тағайындалған немесе сайланған кезден бастап ие болады және мемлекеттік қызметті тоқтатқан кезден бастап одан айрылатыны қарастырылған.
Заңның 15-бабының 2-тармағымен мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін немесе оны тоқтатқаннан кейін қайтадан кіретін азаматтарды мемлекеттік әкімшілік лауазымға тағайындау арнайы тексерудің оң нәтижелері алынғаннан кейін жүзеге асырылатыны белгіленген.
А.Рахымбекова арнайы тексерудің оң нәтижелері алынғаннан кейін мемлекеттік лауазымға 2024 жылғы 20 ақпанда тағайындалған.
Төменгі сатыдағы соттар, талап қоюды қанағаттандыра отырып, А.Рахымбекова сыйақы сыйлық алу кезінде мемлекеттік қызметші мәртебесіне ие болмағандықтан, оған Қағидалардың ережелері қолданылмайды денег тұжырымға негізді себептермен келген. Қағидалардың 1-2, 2-тармақтарына сәйкес мемлекеттік органдардың басшылары, аппарат басшылары осы органдардың қызметкерлеріне сыйлықақы беру туралы ережелерді дербес әзірлеуге және бекітуге құқылы.
Бұл жағдайда Экология министрлігі Жауапты хатшысының 2019 жылғы 11 қарашадағы № 152-ж бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қызметкерлеріне сыйлық беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемақылар белгілеу туралы ереже» (2023 жылғы 2 қазандағы өзгерістерді ескере отырып) (бұдан әрі Ереже) қолданылады. Ереженің 11-тармағына сәйкес қызметкерлерге: оның алынбаған тәртіптік жазасы болған кезде; Министрлікте бір айдан кем жұмыс істеген болса; сынақ мерзімінен өту кезеңінде сыйлықақы берілмейді.
Жауапкер 2023 жылғы 13 және 22 желтоқсандағы сыйлықақы беру туралы бұйрықтарды шығарған кезде А.Рахымбековаға қатысты Ереженің 11-тармағыда көрсетілген сыйлықақы берілмейтін негіздерді анықтамады.
Яғни, сыйлықақы берілген кезде А.Рахымбековада тәртіптік жазасы болмаған, Экология министрлігінде 2023 жылғы 23 қазаннан бастап жұмыс істеген (бір айдан астам жұмыс істеген) және сынақ мерзімі белгіленбеген, себебі ол бірінші рет емес, мемлекеттік қызметке қайта қосылған.
Осыған байланысты, кассациялық сот төмен тұрған сатыдағы соттардың нұсқаманың 1-тармағын заңсыз деп тану және күшін жоюға жатады деген уәждерін дұрыс деп есептейді.
Нұсқаманың 2- тармағында анықталған бұзушылықтарға жол берген лауазымды адамдардың тәртіптік жауапкершілігін қарау жүктелген.
Тексеру қорытындылары бойынша А.Рахымбековадан бөлек басқа да қаржылық бұзушылықтар анықталған.
Соған байланысты нұсқаманы заңсыз деп тану туралы талап қоюы ішінара қанағаттандырылуға жатады, яғни 2024 жылғы 19 наурыздағы аудиторлық есептің 19-тармағында көрсетілген А.Рахымбековаға қатысты анықталған бұзушылықтар бойынша лауазымды адамдардың жауаптылығын қарауды міндеттеу бойынша 2024 жылғы 23 мамырдағы нұсқаманың 2) тармақшасын заңсыз деп тану қажет.
Кассациялық сот, жауапкердің және прокурордың басқа да уәждерін талдай және бағалай келе, олар осы сот актілерде көрсетілген тұжырымдардан басқа қорытындыға әкеп соқпайды деген тұжырымға келді.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы АПК-де апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің және прокурордың өтінішхатында келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда және өтінішхатта жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген. Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі шешімі мен Астана қаласының сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкердің кассациялық шағымы және прокурордың кассациялық өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Д. Әбдіғалиев
Д.Нұрлыбаева
Судьялар
Ә.Назарова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.