6кг/2-25
2025 жылғы 21 ақпан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші судья Е. Мәукен, судьялар Н.К. Құрманғалиев, Г.Ғ. Исамберлиева, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының аға көмекшісі
А. Төремұратұлының,
аудармашы Р.Т.Шайхының,
әкімшілік іс жүргізу тоқтатылған тұлға Т.Ж. Бабакуловтың және оның өкілі М.В.Лаптеваның,
Ақтөбе облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі А.Б. Кенжебаевтың қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында кассациялық тәртіппен, ашық сот отырысында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 463-бабының 1-бөлігі бойынша Талгат Жагипарович Бабакуловқа қатысты,
Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 4 сәуірдегі және Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 тамыздағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасарымен келтірілген кассациялық наразылығы бойынша келіп түскен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі кассациялық тәртіппен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 4 сәуірдегі қаулысымен ӘҚБтК-нің 463-бабының 1-бөлігі бойынша Т.Ж. Бабакуловқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс оның әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.
Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 тамыздағы қаулысымен сот актісі өзгеріссіз қалдырылған.
Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы анықталған заңсыздыққа алдағы уақытта жол бермеу мақсатында жауапты тұлғаларға тиісті шаралар қабылдау үшін Ақтөбе облысы прокурорының назарын аударып жекеше қаулы шығарған.
Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актілерін қайта қарауды сұраған. Кассациялық наразылық уәждерін қолдаған прокурор А. Төремұратұлының, құқықбұзушы мен оның өкілінің, уәкілетті органның өкілінің түсініктемелерін тындап, іс материалдарын зерделеп, сот алқасы келесі тұжырымға келді.
ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес қаулыларды кассациялық тәртіпте қайта қарауға әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша қабылданған қаулылармен соттардың заң нормаларын түсiндiру мен қолданудағы бiркелкiлiгiн бұзатын жағдайлар негіз болып табылады. Осы іс бойынша мұндай негіздер бар.
Іс материалдарына сәйкес Т.Ж. Бабакуловқа қатысты әкімшілік іс қозғауға Ақтөбе қалалық прокуратурасының 2023 жылғы 11 желтоқсандағы орта мектептерде қоғамдық тамақтандыру қызметтерін көрсету барысында санитариялық-эпидемиологиялық саласындағы заңдылықтың бұзылғанына байланысты жоспардан тыс жүргізілген тексеру нәтижесі себеп болған.
Тексеріс барысында білім беру ұйымдарының объектілерінде тегін тамақпен қамтамасыз етілген балалардың ұлануына әсер ететін бұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, Қызылжар орта мектебінде (ішек таяқшасы, алтын түстес стафилоккок) түріндегі патогенді микроорганизмдері ыдыс-аяқтың, мукәммалдың шайындыларынан, тамақтың сынамаларынан анықталған. Объектіде жұмыс істеуге рұқсат беретін санитарлықэпидемиологиялық қорытынды болмаған.
Сол себептен уәкілетті орган Т.Ж. Бабакуловқа қатысты 2024 жылғы 19 наурызда хаттама толтырып, әкімшілік іс сотқа қарауға жолданған.
Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 4 сәуірдегі қаулысымен Т.Ж. Бабакуловқа қатысты іс ӘҚБтК-нің 463-бабының 1- бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.
Бірінші сатыдағы сот әкімшілік істі тоқтатуға негіз ретінде Т.Ж. Бабакуловқа қатысты кәсіпкерлік субъектісі ретінде кәсіпкерлік кодекстің талаптарына сәйкес тексеріс ашылмаған, және құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органында тіркелмеген деп көрсеткен. Апелляциялық сатыдағы сот өз бастамасымен «qamqor.gov.kz» ақпараттық жүйесінен алған мәліметінде Қызылжар орта мектебінде жүргізілетін тексеру объектісі туралы ақпарат болмаған, яғни тексеріс тағайындалмаған, бірінші сатыдағы соттың қорытындысы дұрыс, сот актісін өзгертуге немесе оның күшін жоюға негіз жоқ деп көрсеткен.
Алайда жергілікті соттардың бұл тұжырымдары мерзімінен бұрын
жасалған және әкімшілік істегі құжаттарға сәйкес келмейді.
Тіркеу, рұқсат беру, хабарлама жіберу мiндеттi болған жағдайларда, тiркеусiз, рұқсатсыз, сол сияқты хабарлама жібермей кәсiпкерлiк немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру үшін ӘҚБтК-нің 463-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілік туындайды.
Т.Ж. Бабакуловта Қызылжар орта мектебінде оқушыларды тамақпен қамтамасыз етуге рұқсат беретін санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы болмаған.
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабы 8-тармағының талаптарында эпидемияның, карантиндік объектілер және аса қауіпті зиянды организмдер ошақтарының, инфекциялық, паразиттік аурулардың, уланулардың, радиациялық авариялардың таралу қатері төнген жағдайда, бақылау мен қадағалау субъектісін алдын ала хабардар етпестен және тексеруді тағайындау туралы актіні тіркеместен, оны кейіннен құқықтық статистика және арнаулы есепке алу жөніндегі уәкілетті органға келесі жұмыс күні ішінде ұсына отырып, объектілерге жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.
Бұл заң талаптары, эпидемиологиялық объектілерге жоспардан тыс бақылау мен қадағалауды кәсіпкерге алдын ала хабарламай, тексеру актісін тіркемей жүргізуге рұқсат береді. Бұл құжаттарды келесі күні арнаулы есепке алу органына ұсынуға болады.
Ақтөбе қаласының прокурорының тексеру жүргізу туралы қаулысы 2023 жылғы 11 желтоқсанда шығарылған. Қаулыда Т.Ж. Бабакуловтың балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша талаптардың сақталуына тексеру жоспарланған, құқықтық статитика органдарында тіркелген. Т.Ж. Бабакулов әкімшілік өндіріс барысында оған қатысты жасалған хаттама мен нұсқаманы дауламаған, кінәсін мойындаған, берілген уақытта нұсқамада көрсетілген «кемшіліктер қалпына келтіру үстінде» деп Департаментке ақпарат берген. Істің бұл мән-жәйларына соттармен дұрыс құқықтық баға берілмеген, Департамент өкілінің уәждері сотпен тексерілмей қалған.
Прокурордың кассациялық наразылығында «qamqor.gov.kz» ақпараттық жүйесінде тексеру объектісінің біреуі туралы мәліметтің болмауы, бұзушылықтың орын алмағанын жоққа шығармайды деген уәждері назар аударуға лайықты.
ӘҚБтК-нің 737-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу міндеттері әрбір істің мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті анықтау, оны осы Кодекске сәйкес шешу, іс жүргізуге қатысушылардың құқықтары мен міндеттерінің іске асырылуын қамтамасыз ету; әкімшілік құқық бұзушылықтар жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау жатады.
Сонымен, жергілікті соттармен жоғарыда көрсетілген заңдардың талаптары орындалмаған, әкімшілік істегі жиналған дәлелдемелерге дұрыс құқықтық баға берілмеген.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде алқа жергілікті соттардың қаулыларының күшін жоюға және істі жаңадан қарау үшін сол сатыдағы сотқа жіберуге негіз бар деп есептейді. Осыған байланысты апелляциалық сатыдағы сотының жекеше қаулысы негізсіз шығарылған, күшін жоюға жатады.
Істі жаңадан қарау кезінде заң бұзушылықтарды жойып, қажет болған жағдайда қосымша материалдарды сұратып, істің барлық мән-жайларын мұқият зерделеп, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуге қатысушылардың уәждерін тексеріп, оларға дұрыс құқықтық баға беріп және анықталған мән-жайларға орай іс бойынша заңды және негізді қаулы шығаруы тиіс.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып сот алқасы,
Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 4 сәуірдегі және Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 тамыздағы қаулыларының және Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 тамыздағы жекеше қаулысының күштері жойылсын, іс бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жолдансын.
Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Е. Мәукен
Судьялар
Н. Кұрманғалиев
Г. Исамберлиева
Көшірмесі дұрыс.
Судья Е. Мәукен
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.