ҚАУЛЫ
2024 жылғы 3 қыркүйек 6001-24-00-6ап/110 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Ш.Т.Даниярова, Ғ.Ө.Әлжанов болып,
жауапкер «Орал қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-нің өкілі И.Е.Джазыкбаевтың қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Жания Садыровна Урынгалиеваның «Орал қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-не 2023 жылғы 08 қыркүйекте берген хабарламасына дау айту туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 17 қазандағы ұйғарымына, Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 14 қарашадағы ұйғарымына талап қоюшы Ж.С.Урынгалиеваның келтірген кассациялық шағымы бойынша келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 17 қазандағы ұйғарымымен талап қоюы әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайтындықтан қайтарылған.
Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 14 қарашадағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған. Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, сотқа жаңадан қарауға жолдауды сұраған.
Талап қоюшы Ж.С.Урынгалиева сотқа келген жоқ, келмеуі туралы себептерін сотқа хабарлаған жоқ.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы, жауапкер өкілінің қарсылығын тындап, кассациялық шағымның уәждерімен танысып, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Істің мән-жайларына қарағанда, талап қоюшы жауапкер «Орал қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-не 2018-2022 жылдары аралығында көзі көрмейтін 2 топтағы мүгедектерге ай сайын төленетін әлеуметтік көмектің не себептен төленбей келгенін түсінідруді сұрап, өтініш түсірген. Аталған өтінішке жауапкердің берген жауабымен келіспейтін көрсетіп, бұл әрекетін заңсыз деп тануды туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қайтарғанда дау талап қоюшы мен жауапкер арасында жария-құқықтық қатынастардан туындамайтындықтан әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды деген қорытындыға келген.
Бірақ осы дау бойынша талап қоюшы Ж.С.Урынгалиева жауапкер "Орал қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" ММ-нен өз пайдасына әлеуметтік көмекке тиесілі ақша соммасын, яғни 111 782 теңге, өндіру туралы талап арызымен Орал қаласының №2 сотына жүгінген және осы соттың 2023 жылы 1 маусымдағы шешімімен оның талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Бұл шешім заңды күшіне 2023 жылы 16 тамызда енген.
Осыған орай тараптардың арасындағы осы іс бойынша дау азаматтық сот өнідірісінде қаралған, сондықтан әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қайта қарауға жатпайды деген апелляциялық соттың тұжырымы негізді болып табылады.
Бұндай жағдайда, талап қою арызын ӘРПК-ның 138 бабы 2 бөлігінің 12 тармағының талаптарына сәйкес талап қоюшыға кері қайтаруға жатады.
Талап қоюды қайтару, сол жауапкерге сол нысана мен сол негіздер туралы әкімшілік сотқа талап қоюмен қайтадан жүгінуіне кедергі келтіреді.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 17 қазандағы ұйғарымы, Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 14 қарашадағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Ж.С.Урынгалиеваның келтірген кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С.Баймаханов
Судьялар
Ш.Даниярова
Ғ.Әлжанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.