ВС РК - Постановление от 05.12.2024 по делу 6001-23-00-6ап/2556 (Административное)

6001-23-00-6ап/2556,6001-23-00-6ап/2556(2)

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 5 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар Ж.Б.Ермағамбетова, Г.К.Нұрбаев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Ерлан Жұмагелдіұлы Көрпештің жауапкер жеке сот орындаушысы Еркин Тлеккабылович Султангалиевке әрекетсіздігін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша,

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 15 маусымдағы шешіміне, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 шілдедегі қаулысы мен жеке ұйғарымына жауапкер берген кассациялық шағымдары түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Е.Ж. Көрпеш сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгініп жеке сот орындаушысы (бұдан әрі – ЖСО) Е.Т. Султангалиевтың әрекетсіздігін даулаған. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 15 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Сот шешіміне сәйкес ЖСО Е.Т.Султангалиевтың №467/21-23-1662 атқарушылық өндірісті қаулы шығарып тоқтатпау әрекетсіздігі заңсыз деп танылған.

Жауапкер ЖСО Е.Т.Султангалиевтың №467/21-23-1662 атқарушылық өндірісті тоқтату туралы қаулыны шығарып талап қоюшы Е.Ж.Көрпештің бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру міндеттелген.

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 шілдедегі жеке ұйғарымымен ЖСО Е.Т.Султангалиевпен «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) нормалары бұзылғаны туралы Атырау облысының Әділет департаментінің басшысының назарына хабарланған. Жауапкер кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып істі мәні бойынша қарау үшін апелляциялық саты сотына жіберуді сұраған.

Тараптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, талап қоюшы Е.Ж.Көрпеш атқарушылық құжаттын орындау мақсатында ЖСО Ф.К.Ибрагимованың депозиттік банктік есеп шотына 2021 жылғы 13 желтоқсанда 44 850 теңге және 2019 жылғы 4 қаңтарда ақшалай қаражатты алыс-беріс актісімен 2 800 000 теңгені ақша қаражатын ішінара өтеген.

ЖСО Ф.К.Ибрагимова 2021 жылғы 28 маусымда атқарушылық құжатты 889 934 теңге қалдығымен өндіріп алушыға кері қайтарған.

Алайда, ЖСО Е.Т.Султангалиев 2021 жылғы 15 қазанда өндіріп алушы «Банк Астаны» акционерлік қоғамының пайдасына борышкерден 3 734 934,47 теңге өндіру туралы атқарушылық іс жүргізуді қайта қозғаған.

Е.Ж.Көрпеш ЖСО Е.Т.Султангалиевтің атқару өндірісі бойынша қалдық сомасын өтеп, атқарушылық өндірісті тоқтату туралы арызымен жүгінген.

Алайда сот орындаушысы, борышкердің арызына заңда көзделген мерзімде қарамай, ол бойынша қандай да бір қаулылар қабылдамаған.

Е.Ж.Көрпеш ЖСО Е.Т.Султангалиевтың бұл әрекетсіздігін даулап, жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар, Е.Ж.Көрпеш атқару өндірісі бойынша өзінің міндеттемелерін орындағанымен және атқару өндірісін тоқтатпауға ЖСО Е.Т.Султангалиевте негіз болмағандығымен уәждеп, талап қоюды қанағаттандырған. ӘРПК-нің 5 бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

ӘРПК-нің 7 бабында белгіленген заңдылық қағидатына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.

ӘРПК-нің 13-бабының 1-бөлігіне сай, әкімшілік рәсімге қатысушының әкімшілік органның, лауазымды адамның қызметіне сенімі Қазақстан Республикасының заңдарында қорғалады.

Заңның 2-бабына сәйкес осы Заңға сәйкес азаматтық және әкiмшiлiк iстер бойынша сот шешiмдерiнің, ұйғарымдардың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша нұсқамалар мен қаулылардың, мүлiктiк өндiрiп алу бөлiгiнде қылмыстық iстер бойынша үкiмдер мен қаулылардың, сондай-ақ өзге де органдар қаулыларының негізінде берілетін атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шараларды мiндеттi және уақтылы қолдану атқарушылық iс жүргiзудің мiндеттерi болып табылады.

Заңның 47-бабының 1-бөлігінің 7) тармақшасына сәйкес, атқарушылық iс жүргiзу, егер атқарушылық құжаттың өндiрiп алу немесе өзге де талабы толық көлемде орындалса тоқтатылады.

Бірінші сатылы сот отырысында талап қоюшы Е.Ж.Көрпеш ЖСО Е.Т.Султангалиевтің атқару өндірісі бойынша қалдық сомасы 890 084,47 теңгені толық көлемінде төлегені анықталған.

Заңның 126-бабының 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес сот орындаушысы бес жұмыс күні ішінде тараптардың атқарушылық iс жүргiзуге байланысты арыздары мен өтiнiшхаттарын қарауға және олар бойынша қаулылар шығаруға, оларға шағым және наразылық білдіру мерзiмдерi мен тәртiбiн түсiндiруге, егер оның өзi атқарушылық iс жүргiзудiң нәтижесіне тiкелей немесе жанама түрде мүдделi болса немесе оның әдiлдiгiне күмән туғызатын өзге де мән-жайлар бар болса, iстi қараудан бас тартуға міндетті.

Е.Ж.Көрпеш ЖСО Е.Т.Султангалиевқа атқару өндірісі бойынша қалдық сомасын өтегеннен кейін атқарушылық өндірісті тоқтату туралы арызымен жүгінген.

ЖСО Е.Т.Султангалиев атқарушылық өндірісті тоқтату туралы қаулы қабылдамау әрекеттеріне борышкермен ақша қаражаты өндіріп алушыға толық көлемінде аударылмағаны туралы уәждер келтірген.

Сотта анықталғандай, борышкер ЖСО Ф.К.Ибрагимоваға алыс беріс актісі бойынша берешек қаражаттың бөлігін өткізген, бұл ақшалар Ф.К.Ибрагимовамен өндіріп алушының шотына аударылмаған. Ал борышкер өзінің міндеттемелерін толық көлемінде орындап, өндірілген қаражатын төлеген.

Осыған байланысты, жергілікті соттар жауапкердің аталған уәждерін негізсіз деп дұрыс бағалаған.

Жоғарыдағылар негізінде, сот алқасы жергілікті соттардың ЖСО Е.Т.Султангалиевтің әрекетсіздігін заңсыз деп танып, талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымдары заңды әрі негізді деп есептейді.

АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 270 бабына сәйкес заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.

Сот жауапкер тарапынан заң бұзушылықтарды анықтаған, сәйкесінше заң бұзушылықтар туралы жеке ұйғарымды негізді шығарған.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерімен тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 15 маусымдағы шешімі, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 шілдедегі қаулысы мен жеке ұйғарымы өзгеріссіз, жауапкердің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б.Дуйсенбаев Ж.Б.Ермағамбетова

Судьялар

Г.К.Нұрбаев

Көшірмесі дұрыс Судья

Г.К.Нұрбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.