6001-24-00-6ап/1146
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 12 ақпан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,
судьялар – Ш.Т. Даниярова, Г.К. Нұрбаев болып,
талап қоюшының өкілі З.Б. Аманбайдың, жауапкер Е.С. Карпековтың, жауапкердің өкілі О.М. Дацюктің қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Куралай Кенесовна Боранкулованың жеке сот орындаушысы Ерик Серикұлы Карпековке 2023 жылғы 20 қазандағы ақы төлеу туралы қаулыны заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша,
Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 2 ақпандағы шешіміне және Қарағанды облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 4 наурызындағы қаулысына талап қоюшы берген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы К.К. Боранкулова жоғарыда аталған талап бойынша сотқа жүгініп, онда жеке сот орындаушы (бұдан әрі – ЖСО, сот орындаушысы) қызметі үшін борышкерден өндіріп алмаған атқарушылық іс жүргізу сомасынан заңсыз өндіріп алуымен негіздеген.
Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 2 ақпандағы шешімімен талап арыз толық көлемде қанағаттандырылған. 2023 жылғы 20 қазандағы ақы төлеу туралы қаулы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Қарағанды облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 4 наурызындағы қаулысымен бірінші саты сотының шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымдарында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Тараптардың пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда жеке сот орындаушысының заң бұзушылықтарға жол бергенін, яғни ЖСО даулы қаулысы бойынша соманы есептеуді негізді түрде есепке алмағанын, өйткені, бұл есеп борышкерден өндіріп алған немесе борышкер атқарушылық іс жүргізуді тоқтату кезінде мәжбүрлеп орындату кезеңінде өтеген сомадан жасалуы тиіс деп тұжырымдаған.
Сот алқасы төменгі саты соттарының тұжырымдарымен толық келісіп, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп тапты.
Іс құжаттарынан белгілі болғандай, 2023 жылғы 25 сәуірде ЖСО қаулысымен К.К.Боранкуловадан «Қанат» шаруа қожалығының пайдасына 36 073 537 теңге берешек сомасын өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізу қозғалған.
2023 жылғы 21 тамызда өндіріп алушы ЖСО тараптардың татуласуы орын алғандықтан, өндіріп алудан бас тартуына байланысты атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы өтінішпен жүгінген.
2023 жылғы 21 тамызда «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі - Заң) 47-бабы 1-тармағының 1) тармақшасының негізінде атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған.
2023 жылғы 20 қазанда ЖСО өндірілген берешек сомасының қалдығын есептеу негізінде 1 543 512 теңге сомасындағы ЖСО қызметі бойынша төлем мөлшерін бекіту туралы қаулы шығарған.
Осының негізінде, ЖСО К.К. Боранкуловадан ЖСО қызметі үшін 1 543 512 теңге мөлшерінде төлемді өндіру туралы атқарушылық іс қозғаған.
Заңның 118-бабының 2-тармағына сәйкес, жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу атқарушылық құжат толық немесе ішінара орындалған жағдайда ғана жүргізіледі. Егер мүліктік сипаттағы атқарушылық құжат ішінара орындалса, онда жеке сот орындаушысына оның қызмет ақысының өндіріп алынған сомаға немесе мүлік құнына пропорционалды бір бөлігі ғана төленеді.
Заңның 118-бабының 3-тармағына сәйкес, жеке сот орындаушысы өзінің көрсеткен қызметтерінің ақысы үшін сомаларды осы бапта көзделген және уәкілетті орган белгілейтін мөлшерде ғана өндіріп алуға құқылы. Жеке сот орындаушысына өзінің қызмет ақысы сомаларының белгіленген мөлшерін өзгертуге тыйым салынады. Атқарушылық құжатты орындау кезеңінде ЖСО 330 298 теңге мөлшерінде сома өндірген және өндірілмеген сома қалдығы 35 743 239 теңгені құраған. Атқарушылық іс жүргізу талаптары толық көлемде орындалмағандықтан, өндіріп алушыға төленбеген сома бөлігінде ЖСО қызметіне ақы төлеу өндірілуге жатпайды.
Сонымен, жергілікті соттармен жауапкер даулы қаулы бойынша ЖСО-ның қызметіне ақы төлеу атқарушылық іс жүргізуді тоқтату кезіндегі қарыз қалдығы есебінен жүргізілгенін анықталған, яғни Заңның талаптары бұзылған.
Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп санайды.
Жауапкердің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, сот алқасы жауапкердің кассациялық шағымын қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 02 ақпандағы шешімі және Қарағанды облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 04 наурызындағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын.
Жауапкер Ерик Серикұлы Карпековтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Б. Дуйсенбаев
Судьялар
Ш.Т. Даниярова Г.К. Нұрбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.