1
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 18 тамыз № 6399-2500-4а/234 іс Астана қаласы
Қазақстан Республикасының əкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрамында:
төрағалық етуші судья Е.Б. Тулеев,
судьялар Р.М. Айнакулова, Н.М. Кабдрахманова,
ашық сот отырысында «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамының «Қазақстан Республикасы Əділет Министрлігі Маңғыстау облысының Əділет департаментінің Ақтау аумақтық бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесінің сот актілерін орындау бойынша филиалының мемлекеттік сот орындаушысы Маханбетов Жəнібек Мырзағалиұлына 2024 жылғы 30 қазандағы атқарушылық санкцияларды төлеу, 2024 жылғы 30 қазандағы №1030/24-47-19, №1031/24-47-19 атқарушылық істерді жүргізуді қозғау туралы қаулыларын заңсыз деп тану, күшін жою туралы əкімшілік талап қоюы бойынша Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2024 жылғы 4 желтоқсандағы шешіміне, Маңғыстау облыстық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен əкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамы (бұдан əрі АҚ) жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2024 жылғы 4 желтоқсандағы шешімімен «Қаражанбасмұнай» АҚ-нің талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған.
Маңғыстау облыстық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген, «Қаражанбасмұнай» АҚ-нің 2024 жылғы 30 қазандағы №№1030/24-47-19, 1031/24-47-19 санды атқарушылық іс жүргізулерді қозғау туралы қаулыларын заңсыз деп тану, күшін жою туралы талабының қанағаттандырусыз қалдырылған бөлігінің күші жойылған, талап қоюдың бұл бөлігінде талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданып, мемлекеттік сот орындаушысы Ж.М. Маханбетовтың 2024 жылғы 30 қазандағы №№1030/24-47-19, 1031/24-47-19 санды атқарушылық іс жүргізулерді қозғау туралы қаулылары заңсыз деп танылып, күші жойылған, шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған. Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, қанағаттандырылған бөлігінде күшін жоюды сұраған. Əкімшілік процеске қатысушылар əкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының отырысына қатысуға дəлелді себепсіз келген жоқ.
Қазақстан Республикасы Əкімшілік рəсімдік-процестік кодексінің (бұдан əрі – ƏРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сəйкес əкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
ƏРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сəйкес кассациялық шағым жасау жəне кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тəртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 449-бабының екінші бөлігіне сəйкес кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде кассациялық шағымның немесе наразылықтың шегiнен шығуға жəне шағым жасалған, наразылық келтірілген сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Даудың мəні бойынша шешім қабылданғанда мұндай кемшіліктер орын алған.
2023 жылғы 27 қыркүйектегі Маңғыстау облысы Актау қаласының №2 сотының шешімі жəне 2023 жылғы 17 қазандағы қосымша шешімі негіздерінде Қоғамнан Е.Ж. Берекетовтың пайдасына 500 000 теңге мөлшерінде моральдық зиянның ақшалай өтемақысы жəне 100 000 теңге мөлшерінде өкіл көмегіне төлеген сот шығыны өндірілген.
Аталған шешімдер заңды күшіне 2023 жылдың 26 желтоқсанында енді.
2024 жылғы 15 қаңтарда өндіріп алушының өкілі «Маңғыстау облысының əділет департаменті РММ-нің Ақтау аумақтық сот актілерін орындау жөніндегі бөлімі» филиалына жүгініп, мемлекеттік сот орындаушысы Ж.Маханбетовтың (бұдан əрі - МСО) осы күнгі қаулыларымен №36/24-47-19 санды (100 000 теңге сот шығындарын өндіру туралы, бұдан əрі - №1 атқарушылық іс жүргізу) жəне №37/24-47-19 санды (500 000 теңге моральдық зиянның ақшалай өтемақысы өндіру туралы, бұдан əрі - №2 атқарушылық іс жүргізу) атқарушылық іс жүргізулерді қозғаған.
МСО-ның 2024 жылғы 17 қаңтарда атқарушылық іс-жүргізулер қозғалғаны жəне сот актілерін орындау туралы хабарламаны АҚ-ға жолдаған, кейін оны 2024 жылғы 18 қаңтарда алған. 2024 жылғы 22 қаңтардағы №52 жəне №9108967 санды төлем тапсырмаларға (түбіртектерге) сəйкес АҚ өндіріп алушы Е.Берекетовтың пайдасына 450 000 теңге (10% мөлшерде салық ұсталынған) мөлшерінде моральдық зиянның өтемақысын жəне 100 000 теңге мөлшерінде сот шығынын толықтай төлеген.
Сот шешімдері толығымен орындалғанына байланысты, МСО-мен аталған атқарушылық іс жүргізулер 2024 жылғы 23 қаңтардағы қаулылары негізінде тоқтатылған.
2024 жылғы 21 қазандағы МСО АҚ-ға 10 пайыздық атқарушылық санкциясын ерікті түрде төлеу туралы ұсыныстарды (шығыс №08-0108/1675-И) «Documentolog» құжат айналымы арқылы жолдап, 5 жұмыс күн ішінде төленуі (орындалуы) ұсынылған.
Осы мерзім өткеннен кейін, МСО-мен 10 пайыздық атқарушылық санкцияларын төлеу туралы 2024 жылғы 30 қазандағы қаулылар шығарылып, сəйкесінше атқарушылық №1030/24-47-19 санды (10 000 теңге мөлшерінде) жəне №1031/24-47-19 санды (50 000 теңге мөлшерінде) іс жүргізулер қозғалған.
2024 жылғы 31 қазандағы АҚ жауапхатында сот шешімдері уақытылы орындалғанын, сондықтан 10 пайыздық атқарушылық санкциясын төлеуден бас тартатынын көрсеткен.
2024 жылғы 31 қазанда МСО атқарушылық іс жүргізулерді қозғалғаны жəне оны орындау туралы хабарламаны борышкерге жолдаған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, біріншіден, Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сəуірдегі №261 IV «Атқарушылық iс жүргiзу жəне сот орындаушыларының мəртебесi туралы» Заңының (бұдан əрі – Заң) 9-бабы 1- тармағының 8) тармақшасына сəйкес атқарушылық санкцияны өндіріп алу туралы қаулы атқарушылық құжат болып табылатына байланысты, атқарушылық іс жүргізуді қозғауға негіздер болғанымен, екіншіден, 124бабының 1, 2 тармақтарының талаптарына сəйкес МСО-да қоғамды өндіріп алудан босатуға əкімшілік қалауы да, заңды негіздері де болмағанымен уəждеген.
Апелляциялық сатыдағы сот шешімді өзгерткенде Заңның 9-бабы 1- тармағының 8) тармақшасына сəйкес атқарушылық айыппұлды өндіріп алу туралы қаулы атқарушылық құжаттар тізбесінде көрсетілгендіктен, Заңның 11-бабының 1-1-тармағының ережелері қолданылып, жауапкер атқарушылық құжат заңды күшіне енгеннен кейін ғана атқарушылық іс жүргізуді қозғауға құқылы болғанымен уəждеген. Бұл ретте апелляциялық сатыдағы сот 2024 жылғы 30 қазанда бір күнде атқарушылық санкцияларды өндіріп алу туралы қаулылар шығарылып, солар бойынша атқарушылық істер қозғалған мəн-жайды назарға алып отыр. Апелляциялық сатыдағы соттың қорытындылары қате, материалдық құқық нормаларын дұрыс түсіндірмегеніне негізделген.
Заңның 11-бабының 1-1 тармағына сəйкес осы баптың 1-тармағының
- тармақшасында көзделген құжаттарды қоспағанда, атқарушылық құжаттар заңды күшіне енгеннен кейін бес жұмыс күнінен соң мəжбүрлеп орындатуға ұсынылуы мүмкін.
Сот орындаушысы аталған Заңның 38-бабы 1-тармағының 10) тармақшасы бойынша өзіне атқарушылық құжат келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде, егер осы Заңның 11-бабының 1-1-тармағында белгіленген мерзiм өтпесе, атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
Құқықтық нормалардың мəнінен заң шығарушы атқарушылық құжат заңды күшіне енген кезден бастап бес күн өтпей тұрып атқарушылық іс жүргізуді қозғауға тыйым салғаны көрінеді. Бұл арқылы борышкерге атқарушылық құжатты өз еркімен орындау мүмкіндігі берілген, осылайша ол кейін атқарушылық іс жүргізу шығындарын жəне жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеуден босатылады.
Аталған нормалар жалпы сипатқа ие жəне атқарушылық іс жүргізудің барлық қатысушылары үшін міндетті болып табылады.
Сонымен бірге Заңның 124-бабы арнайы нормаларды қамтиды, олар жалпы нормалармен бəсекелестікке түскен жағдайда басымдыққа ие.
Осылайша, Заңның 124-бабының 1-тармағына сəйкес мемлекеттік сот орындаушысы атқарушылық құжат толық орындалғаннан кейiн борышкерге өндіріп алынған соманың немесе мүлiк құнының он пайызы мөлшерiнде немесе мүлiктiк емес сипаттағы атқарушылық құжаттар бойынша жеке адамдардан он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде жəне заңды тұлғалардан жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде мемлекет кірісіне атқарушылық санкциясын ерікті түрде төлеуді ұсынады.
Борышкер бас тартқан жағдайда мемлекеттік сот орындаушысы борышкерден атқарушылық санкциясын өндіріп алу туралы шығарылған қаулы негізінде атқарушылық санкциясын өндіріп алады.
Атқарушылық санкциясы, егер:
борышкер атқарушылық құжат мəжбүрлеп орындатуға ұсынылғанға дейін толық көлемде атқарушылық құжатты орындаса;
атқарушылық құжат бойынша өндірілген сомадан он пайызы мөлшерінде өндірілуге тиісті атқарушылық санкциясы бір айлық есептік көрсеткіштен аз болса;
борышкер мемлекет болып табылса, өндірілмейді.
Аталған нормалар арнайы, себебі оларды, біріншіден, арнайы субъект, мемлекеттік сот орындаушысы, қолданады, екіншіден, кейнгі Заңның 138бабының 1-тармағының 1)-6) тармақшаларында көзделген арнайы атқарушылық құжаттарды орындайды.
Заңның 124-бабының 1-тармағының бірінші бөлігінде көзделген ережелері мемлекеттік сот орындаушысының ұсынысы бойынша борышкерге атқарушылық санкцияны ерікті түрде төлеу мүмкіндігін қарастыратын арнайы норма болып табылады.
Осындай атқарушылық санкцияны төлеу туралы ұсынысты МСО 2024 жылдың 21 қазанында АҚ-ға жолдаған, ал атқарушылық санкцияларды өндіріп алу туралы қаулы 2024 жылғы 31 қазанында шығарылды, яғни атқарушылық іс жүргізулер қозғалғанға дейін 9 күнтізбелік күнге немесе 7 жұмыс күнге ерте.
МСО атқарушылық санкцияларды өндіріп алу туралы қаулыларды тек АҚ оларды төлеуден бас тартқаннан кейін ғана шығарған.
Бірінші сатыдағы сот МСО-ның атқарушылық санцияларды салу туралы қаулыларды жəне атқарушылық іс жүргізулерді қозғауды жоюға əкімшілік қалауы жоқ екенін дұрыс атап өтті, себебі Заңның 124-бабының 1- тармағының үшінші бөлігінде көзделген санкция өндіріп алынбайтын жағдайлар бұл істе анықталған жоқ.
Заңның 124-бабының 1-тармағының мəнінен негізгі атқарушылық құжатты мəжбүрлеп орындалған жағдайда: ерікті орындау кезінде (атқарушылық санкция МСО-ның ұсынысы бойынша төленгенде), мəжбүрлеп орындату кезінде (атқарушылық санкцияны өндіру туралы қаулының негізінде атқарушылық өндіріс қозғалғаннан кейін санкция төленгенде) атқарушылық санкцияны төлеуге міндетті екені көрінеді: «Соттардың атқарушылық іс жүргізу туралы заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 31 наурыздағы № 1 Нормативтік қаулысының 17-ші тармағына сəйкес атқарушылық санкция атқарушылық құжатты өз еркімен орындамаған борышкердің мүліктік жауапкершілігінің дербес түрі болып табылады. Сондықтан заң шығарушы олардың өндіріп алу тəртібіне қатысты арнайы нормаларды енгізген.
МСО атқарушылық санцияларды өндіріп алу туралы жəне атқарушылық іс жүргізулерді қозғау туралы қаулыларды шығару кезінде Заңның 124-бабы 1-тармағында көзделген арнайы құқықтық нормаларды басшылыққа алғаны заңды. Мұндай құқықты қолдану Заңның 2, 3-баптарында көзделген атқарушылық іс жүргізудің міндеттері мен қағидаттарына сəйкес келеді жəне атқарушылық санкция институтын дұрыс əрі мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етеді. Бірінші сатыдағы сотының қорытындылары мəні бойынша дұрыс, ал апелляциялық сатыдағы соты материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбаған, сондықтан оның қаулысы өзгертілуге жатады. Талап қоюшының өкілі Р.С. Мұратбековтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады, себебі оның уəждері негіссіз. ƏРПК-ның 169-бабы, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің тармақшасын басшылыққа ала отырып, əкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУ Л Ы ЕТТІ:
Маңғыстау облыстық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қантардағы қаулысы өзгертілсін.
Мемлекеттік сот орындаушысы Ж.М. Маханбетовтың 2024 жылғы 30 қазанындағы №№1030/24-47-19, 1031/24-47-19 санды атқарушылық іс жүргізулерді қозғау туралы қаулыларын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюдың қанағаттандыру бөлігі жойылсын, талап қоюдың бұл бөлігінде Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2024 жылғы 4 желтоқсандағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Дау айтылған сот актісінің қалған бөлігі күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының өкілі Р.С. Мұратбековтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Е. Тулеев
Судьялар Р. Айнакулова
Н. Кабдрахманова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.