ВС РК - Постановление от 06.09.2018 по делу 6001-18-00-6КА/759 (Об административном правонарушении)

6кп-60- Қ А У Л Ы

2018 жылғы 6 қыркүйек

Астана

қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының

мамандандырылған сот алқасы құрамында: төрағалық етуші судья М.Балкен, судьялар Т. Ибрашев, Б.Шермұхаметов,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің прокуроры Т[...],

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық сотының 2018 жылғы 30 қаңтардағы және 19 ақпандағы Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулыларына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты мамандырылған алқа төрайымының ұсынуымен келіп түскен

Ә[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 434-бабының 1-бөлігінің бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық сотының 2018 жылғы 30 қаңтардағы қаулысымен Ә[...] ӘҚБтК-нің 434-бабының 1- бөлігімен кінәлі деп танылып, оған бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 12 052 теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынған.

Қаулыға сәйкес, 2018 жылғы 9 қаңтарда Ә[...] 10 сағат 45 минут шамасында Қандыағаш қаласында, Мұғалжар аудандық сотында, сот отырысында жарияланған үзіліс мезгілінде адвокат К[...] ар-намысына тиетін былапыт сөздер айтып, төңірегіндегілерге сыйламаушылық білдіріп, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін кінәлі деп танылған.

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 19 ақпандағы қаулысымен аталған сот актісі өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандырылған сот алқасының төрағасы ұсынуда соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актісін қайта қарауды ұсынады.

Ұсынудың уәждерін қолдаған бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың қаулыларының күшін жойып, іс бойынша іс жүргізуді қысқарту жөніндегі прокурордың қорытындысын тыңдап, алқа келесі тұжырымға келді.

Жергілікті соттардың қабылдаған қаулылары ӘҚБтК-нің 851бабының 5-бөлігінде көзделген кассациялық тәртіппен қайта қарауға жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзады.

Осы іс бойынша мынадай негіздер бар.

Жергілікті соттар Ә[...] қоғамдық орындағы белгіленген тәртіпті сақтамай, өзінің іс-әрекеттерімен жәбірленуші К[...] себепсіз тиісіп, өзге де адамдардың тыныштығын бұзған және айналасындарға сыйламаушылықты білдірген деген тұжырымға келіп әкімшілік жауаптылыққа тартқан.

Алайда соттардың әкімшілік жауаптылыққа тарту жөніндегі

қаулылары негізсіз және заңсыз болып табылады.

Белгілі болғандай, Ә[...] 1993 жылдан бастап Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында судья, арасында аудандық сот төрағасы болып, жиырма үш жылдан астам уақыт қызмет жасап, Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 27 қыркүйектегі № 342 Жарлығымен судья лауазымы орнына түсу (отставка) құқығымен судья қызметінен босатылған.

«Сот жүйесі және Қазақстан Республикасындағы судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңының 35-бабының 1-бөлігіне сәйкес (бұдан әрі-Конституциялық заң), мінсіз беделі, кемінде жиырма жыл судьялық жұмыс өтілі бар судьяның судья атағын, судьялар қоғамдастығына жататынын, жеке басына тиіспеушілік кепілдігін және осы Конституциялық заңда көзделген өзге де материалдық және әлеуметтік кепілдіктерін сақтай отырып,

лауазымынан құрметпен кету нысанында судья өкілеттіктерінің тоқтатылуы отставка болып табылады.

Конституциялық заңның 27-бабына сәйкес, қылмыс үстінде ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайлардан басқа кезде, судьяны Жоғары Сот Кеңесінің қорытындысына негізделген Қазақстан Республикасы Президентінің келісімінсіз, ал Конституцияның 55-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы П[...] келісімінсіз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

ӘҚБтК-нің 873-бабының ережесінде, судьяны Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің қортындысына негізделген Қазақстан Республикасы Президентінің келісуінсіз немесе Қазақстан Республикасы Конституциясының 55-бабының 3) тармақшасында белгіленген жағдайда Қазақстан Республикасы П[...] келісуінсіз қамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалау шараларын қолдануға болмайды. Бұл ретте, жергілікті соттардың қорытындылары қате болып табылады, өйткені келтірілген заң нормаларындағы талаптар отставкадағы судьяларға да қолданылады.

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Заңының 2-бабының тәртібіне сәйкес судьяға Жоғарғы Сот Кеңесінің қорытындысына негізделген Қазақстан Республикасы Президентінің келісімінсіз сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалау шараларын қолдануға болмайтындығын көрсетілген.

Әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы іс материалдарынан, заң талаптарының сақталмағаны байқалады.

ӘҚБтК-нің 6-бабында көзделгендей, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнаманың міндеттері - адамның және азаматтың, оның ішінде сот процессінің қатысушыларының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қорғау.

Сонымен қатар, ӘҚБтК-нің 7-бабына сай, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнама қағидаттарының маңызы мынада: оларды бұзу, оның сипаты мен мәнiне қарай, iс бойынша болған iс

жүргізуді жарамсыз деп тануға, осындай iс жүргiзудiң барысында шығарылған шешiмдердiң күшiн жоюға не осы тұрғыда жиналған материалдарды дәлелдеу күшi жоқ деп тануға әкеп соғады.

Өз кезегінде, әкімшілік жауаптылыққа тартудан бұрын, судьяға қатысты өзгеше тәртібі белгіленген заң нормаларындағы рәсімдерді сақтамай, әкімшілік өндірісін жүргізудің өзі заңсыз болып табылады.

Аталғандардың негізінде, алқа, ӘҚБтК-нің нормалары бұзылғандықтан, іс бойынша жүргізілген сот өндірісін негіссіз деп табады. ӘҚБтК-нің 840-бабының 1-бөлігіне сәйкес сот қаулысының күшiн жоюға не оны өзгертуге және қаулы шығаруға мыналар: судьяның сот қаулысында жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуi; әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңның дұрыс қолданылмауы негіздер болып табылады.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851бабын басшылыққа алып, мамандандырылған сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық сотының 2018 жылғы 30 қаңтардағы және 19 ақпандағы Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы қаулыларының күші жойылсын.

Ә[...] қатысты Қазақстан РеспубликасыӘкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша іс жүргізу қысқартылсын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандырылған сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші М.Балкен Судьялар Т.Ибрашев Б.Шермұхаметов

Көшірмесі дұрыс. Судья Б.Шермұхаметов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.