Кассационный суд Республики Казахстан - Постановление от 27.08.2025 по делу 6003-25-00-4к/1115 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 27 тамыз 6003-25-00-4к/1115 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының əкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – Д.Ә.Әбдіғалиев,

судьялар – Г.М.Ыдырысова, М.А.Қасымов болып,

ашық сот отырысында талап қоюшылар Сайлаукул Асемованың, Айдар Кудайбергенович Болусовтың, Маржан Тувелбаевна Айтмұханованың, Ботакоз Джарасбаевна Картбаеваның, Сисенбай Абдырахманович Садибековтың, Мамай Нуртореевич Алпысбайдың (бұдан əрі – талап қоюшылар) жауапкерлер Маңғыстау облысының полиция департаментінің тергеу бөлімінің басшысы Р.Саткановқа, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлеріне, прокурор А.С.Валиевке, тергеушілер М.Сұлтанбайға, Р.Мұхамбетовке, Маңғыстау облысының əділет департаментіне, Маңғыстау облысының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының төрағасына мемлекеттік мекемелердің əрекетсіздік салдарын айқындау, моральдық зиянның өтемақысын өндіріп алу, жауапкерлерді кінəлі деп тану, 37 миллион теңгені іске тіркемеу əрекетсіздігін заңсыз деп тану, сот орындаушылардың əрекетіне құқықтық баға беруді прокурорға міндеттеу туралы əкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2025 жылғы 10 қаңтардағы ұйғарымына, Маңғыстау облыстық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы ұйғарымына талап қоюшылардың келтірілген кассациялық шағымымен түскен əкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшылар жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2025 жылғы 10 қаңтардағы ұйғарымымен талап қоюшылар С.Асемованың, А.Болусовтың, М.Т.Айтмұханованың, Б.Д.Картбаеваның, С.А.Садибековтың, М.Н.Алпысбайдың талап қоюы əкімшілік сот ісін жүргізу тəртібімен қарауға жатпауына байланысты қайтарылған.

Маңғыстау облыстық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз, жеке шағым қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшылар кассациялық шағымында бірінші жəне апелляциялық сатыдағы соттардың ұйғарымдарымен келіспейтіндерін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.

Талап қоюшылардан Астана қаласына бара алмауына байланысты бейнеконференцбайланыс режимінде сот отырысына қосылу туралы өтініш келіп түсті. Алайда бұл өтініш қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасы əкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында міндетті түрде жеке қатысу арқылы өткізуге тағайындалған, бұл туралы іске қатысушы барлық тұлғалар алдын ала хабарланған. Аталған мəн-жай кассациялық сатыдағы сотта сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды.

Жауапкер Маңғыстау облысының полиция департаментінен қатысуынсыз қарау туралы өтінішхат келіп түсті. Бірінші жəне апелляциялық сатыдағы соттарға қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты жəне форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сотқа келмеген жəне келмеу себептері туралы сотқа мəлімет бермеген.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рəсімдік-процестік кодексінің (əрі қарай - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сəйкес, əкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот кассациялық шағымның уəждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, ұсынылған дəлелдемелерді бағалай келе, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рəсімдік-процестік кодексінің (əрі қарай - ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау жəне кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тəртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (əрі қарай - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сəйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Апелляциялық сот алқасының тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мəн-жайларға қарағанда, Ақтау қалалық сотының 2022 жылғы 24 қаңтардағы үкімімен Құсайын Дархан Балтаұлы Қазақстан Республикасының Қылмысты Кодексінің (бұдан əрі-ҚК) 262-бабының 2- бөлігімен, 217-бабының 3-бөлігінің 1,2- тармақтарымен, 190-бабының 4- бөлігінің 1,2-тармақтарымен кінəлі деп танылған.

Кушниренко София Адаивна ҚК-нің 262-бабының 2-бөлігімен, 217бабының 3-бөлігінің 1,2- тармақтарымен, 251-бабының 2-бөлігімен, 190бабының 4-бөлігінің 1,2-тармақтарымен кінəлі деп танылған.

Жəбірленушілердің талап арыздары толықтай қанағаттандырылып, шығын сомасы өндірілген.

Ақтау қалалық сотының 2024 жылғы 21 мамырдағы үкімімен Әліпбаева Гүлжанат Еркешқызы ҚК-нің 262-бабы 2-бөлігімен, 28-бабы 5- бөлігі - 217-бабы 3-бөлігінің 1,2- тармақтарымен, 28-бабы 5-бөлігі - 190-бабы 4-бөлігінің 1,2-тармақтарымен кінəлі деп танылған.

Дулат Изгалиевич Юсупов, Ернияз Ахметкалийулы Ахметкалиев, Асхат Кобланович Бришев, Канат Серикович Даулетияров, Салауат Абилғазыевич Шотанбаев, Тимур Тулеугалиевич Саинов ақталған. Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 қазандағы Ақтау қалалық сотының 2024 жылдың 21 мамырындағы сотталғандар Гүлжанат Еркешқызы Әліпбаеваға, Дулат Изгалиевич Юсуповқа, Ернияз Ахметкалийулы Ахметкалиевке, Асхат Кобланович Бришевке, Канат Серикович Даулетияровқа, Салауат Абилғазыевич Шотанбаевқа, Тимур Тулеугалиевич Саиновқа қатысты үкімінің күші жойылып, аталған тұлғалар кінəлі деп танылып, жəбірленушілердің талап арыздары толықтай қанағаттандырылған, шығын сомасы толықтай өндірілген.

Үкімдер заңды күшіне енген.

Талап қоюшылар жауапкерлер сотқа дейінгі тергеп-тексеру əрекеттері бұрмаланғанын, солардың салдарынан үкім дұрыс қабылданбағанын, аталған лауазымды тұлғалардың жəне əкімшілік органдардың əрекетсіздігін тану мемлекеттен келтірілген шығынды өтеу үшін қажет екенін көрсетіп, сондықтан аталған мекемелердің əрекетсіздігін заңсыз деп тануды сұраған.

ӘРПК-нің 3-бабының 7-бөлігіне сай, іс жүргізу тəртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында жəне Қазақстан Республикасының əкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген істер əкімшілік сот ісін жүргізу тəртібімен қаралуға жатпайтындығы көрсетілген.

Жергілікті соттар дауланып отырған сот актілерін шығару барысында талап қоюшылардың талаптары тергеп-тексеру органдарының іс əрекеттерімен келіспеушіліктің салдарынан туындағандығын, яғни əкімшілік сот ісін жүргізу тəртібімен қаралуға жатпайтындығын көрсетіп, талап қою қайтарылуға жатады деген қорытындыға келген .

Сот алқасы төменгі тұрған соттардың қорытындысымен келіседі.

ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінің 11) тармақшасына сай, егер іс əкімшілік сот ісін жүргізу тəртібімен қарауға жатпаса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың əрекеттері (əрекетсіздігі) мен шешімдеріне шағым жасау тəртібі Қазақстан Республикасының Қылмыстықпроцестік кодексінің 6-тарауында көзделген.

Демек, бұл жағдайда талап қоюшылардың талап қоюы əкімшілік сот ісін жүргізу тəртібімен қаралуға жатпайды, себебі талап қоюдың мəні мен нысанасы қылмыстық іске қатысты лауазымды адамдардың іс-əрекеттерінен туындаған дау болып табылады.

Талап қоюшылардың кассациялық шағымында көрсетілген уəждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

– ӘРПК нің 169-бабын, АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2025 жылғы 10 қаңтардағы ұйғарымы, Маңғыстау облыстық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшылардың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Д. Әбдіғалиев

Судьялар

Г. Ыдырысова

М. Қасымов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.