Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 02.06.2026 по делу 6003-25-00-2к/5616 (Гражданское)

6003-25-00-2к/5616

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 2 маусым

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,

судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,

прокурор К[...], аудармашы Т[...],

талап қоюшының өкілі Р[...], жауапкер «ОБ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Н[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Алматы облысы, [...] әкімінің жауапкерлер «ОБ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі-ЖШС, Серіктестік), «Ұйғыр ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі- жер қатынастары бөлімі, Мекеме), «Шонжы ауыл әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне жер учаскесін сатып алу-сату келісім шартты жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер Серіктестіктің Алматы облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 31 қаңтардағы шешіміне және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 тамыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

. Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген

Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 тамыздағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Алматы облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 31 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, 2021 жылғы 1 сәуірдегі Серіктесік пен Мекеме арасында жасалған №37 жер учаскесінің сатып алу – сату келісім шарт жарамсыз деп танылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Жауапкер Серіктестік кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот шағымды қолдаған жауапкер өкілдерін, шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілін, талап қоюшының осы талаппен сотқа жүгінуге өкілеттігі жоқ болғандықтан сот актілерінің күші жойылуға жатады деген прокурордың қорытындысын тындап, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Іс бойынша мұндай бұзушылықтарға жол берілген.

Серіктестіктің басшысы А.М[...] ауылында орналасқан орталық базардың жеріне қарама-қарсы Арзиев көшелерінің қиылысынан

автотұрақ ұйымдастыру үшін жеке меншік пайдалану құқығымен жер учаскесін беру туралы өтінішін қарап, автоинспекция және аудандық сәулетшінің келісіміне сай, Ұйғыр ауданы Шонжы селолық округі әкімінің 27 маусым 2002 жылғы №29 шешімімен, Шонжы селолық округінің тұрақты пайдаланымдағы жерінен 240 шаршы метр жері Серіктестікке автотұрақ ұйымдастыру үшін өтеусіз, жерді жеке меншік пайдалану құқығымен бөлініп берілген.

2004 жылғы 14 маусымда аудандық жер комиссиясының қорытындысымен комиссия құрамы, жоғарыда көрсетілген жер учаскесін беруге келісіп, 2004 жылғы 20 маусымда Серіктестікке Шонжы [...] мекен-жайындағы автотұраққа арналған жер учаскесін таңдау және зерттеу актісі Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасарымен 2004 жылы 29 шілдеде бекітілген.

Серіктестіктің 2018 жылғы 26 ақпандағы №02-05-34-38/47 арызы негізінде «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциалық емес акционерлік қоғамы Алматы облысы филиалының, [...] жер кадастры және жылжымайтын техникалық түгендеу бөлімі Шонжы [...] орналасқан ауданы 0,0240 га жер учаскесіне 2018 жылғы 5 наурызда жерге орналастыру жобасын жасап, ол жоба Ұйғыр ауданы жер қатынастары бөлімінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі №KZ03VBG00814785 бұйрығымен бекітілген.

Он тоғыз жылдаң соң, «ОБ[...]» ЖШС-нің директоры М[...] 2021 жылғы 10 наурыздағы өтінішін басшылыққа ала отырып, Шонжы селолық округі әкімінің 2002 жылғы 27 маусымдағы №29 шешіміне келесідей толықтырулар енгізілген: Жер телімінің орналасқан мекен-жайы Шонжы ауылдық округінің тұрақты пайдаланымындағы жерінен (Шонжы [...]) деп, 2021 жылғы 5 наурызындағы №2103041640003721 жер телімінің құнын анықтау актісіне сәйкес «117 600 теңгені есеп шотқа аудару арқылы төленсін және аудан әкімімен сатып алу шартын жасасын» деп өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы Шонжы ауылдық округінің әкімі 2021 жылғы 19 наурыз №3-156 шешім қабылданған.

Осыған байланысты, Ұйғыр ауданы жер қатынастары бөлімімен 2021 жылы 1 сәуірде №37 жер учаскесін сатып алу-сату келісім шарты жасалып, «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ Алматы облысы филиалының, [...] жер кадастры және жылжымайтын техникалық түгендеу бөлімімен Шонжы [...] жер учаскесінде орналасқан, кадастрлық №[...] автотұрақ объектісіне қызмет көрсету үшін, ауданы 0,0240 га жеке меншік құқығындағы жер учаскесіне 2021 жылғы 22 сәуірде №2104221520073545 актісі рәсімделген.

«Алматы облысының жер ресурстарын басқару департаментімен» 2024 жылғы 9 тамыздағы К[...] арызы негізінде тіркелген 2024 жылғы 11

қыркүйектегі №365 тексеруді тағайындау туралы актісімен «Ұйғыр ауданының Шонжы ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ-не жоспардан тыс тексеру жүргізілген.

2024 жылғы 27 қыркүйектегі №365 «Алматы облысының жер ресурстарын басқару департаменті» РММ-нің бұзушылықты жою туралы нұсқамасында Шонжы селолық округінің тұрақты пайдаланымдағы жерінен 240 шаршы метр жер «ОБ[...]» ЖШС-не автотұрақ ұйымдастыру үшін, өтеусіз жерді жеке меншік пайдалану құқығымен бөліп беру туралы, Ұйғыр ауданы Шонжы селолық округі әкімінің 27 маусым 2002 жылғы №29 шешімі заң талаптарына қарама-қайшылықпен қабылданғанына байланысты, оның күшін жоюға қатысты іс-шараларды орындауды міндеттеген.

Жер учаскесін сатып алу-сату келісім шарты заң нормаларын бұза отырып жасалғанына байланысты Алматы облысы, [...] әкімі сотқа Серіктестік пен Ұйғыр ауданы жер қатынастары бөлімі арасында жасалған 2021 жылғы 1 сәуірдегі №37 жер учаскесін сатып алу-сату келісім шарты жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыруын сотта жер учаскелерін беру тәртібі қолданыстағы жер заңнамасына сәйкес келмейтіні анықталғанымен, аукцион өткізбей даулы жер учаскесі берілгенін, жер заңнамасын өрескел бұзылғанымен негіздеген.

Бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен сот алқасы келіскен.

Алайда, бірінші сатыдағы сот істі қараған кезде аталған талап қою тиісті емес талап қоюшымен берілгенін ескермеген. Апелляциялық сатыдағы сот осы мән-жайға дұрыс баға бермеген.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 147-бабына сәйкес, орталық уәкілетті орган осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құзыреті шегінде жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады және жүргізеді.

Аумақтық бөлімшелер жердің пайдаланылуы мен қорғалуына, атап айтқанда:

  1. облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің Қазақстан Республикасының жер заңнамасы саласында қабылдаған шешімдерінің заңдылығына;

  2. облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың уәкілетті органдарының жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары бойынша қабылдаған шешімдерінің заңдылығына мемлекеттік бақылауды жүргізеді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 157-бабының 3- тармақшасына сай, мүдделі тұлғалар, тиісті мемлекеттік орган не прокурор мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап қоюы мүмкін.

Жоғарыда көрсетілген жер заңнамасымен мәмілелерді жарамсыз деп тануды талап етуге тиісті мемлекеттік орган айқындалған.

Әкім жергілікті атқарушы органды басқаратын жауапты өкіл, ал Мекеме жекелеген функцияларын жүзеге асыруға әкімдік уәкілеттік берген орган.

Демек, Әкім тиісті талап қоюшы бола алмайды, себебі аталған мемлекеттік орган даулы шартты жасасу барысында заңнама талаптарының бұзылуына жол берген. Өзінің жіберген бұзушылықтарына сілтеме жасай отырып, сол бұзушылықтарды даулауға бағытталған талап қоюы құқықты теріс пайдалану деп бағаланады. Мұндай жағдайда талап қою құқығы заңда белгіленген құзыретті мемлекеттік бақылау органына тиесілі.

Осы мән-жайларға соттар дұрыс баға бермеген, істі қараған кезде соттармен материалдық және процестік құқық нормалары елеулi түрде бұзылған.

Аталған бұзушылықтар сот актілерінің күшін жоюға негіз болып табылады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 31 қаңтардағы шешімінің және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 тамыздағы қаулысының күші жойылсын.

Талап қоюшы «Алматы облысы, [...] әкімінің жер учаскесін сатып алу-сату келісім шартты жарамсыз деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылсын.

Жауапкер «ОБ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

Судьялар: А.О.Тогумбетова

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.