ҚАУЛЫ
2023 жылғы 21 желтоқсан 6001-23-00-6ап/1352 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өміралиев болып,
талап қоюшы Б[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Б[...] жауапкер Астана қаласы әкімдігінің «Қалалық психикалық денсаулық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына (бұдан әрі – О[...]) 2022 жылғы 10 қарашадағы дәрігерлік-консультациялық комиссиясының есептен және динамикалық байқаудан шығарудан бас тартуын заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 26 қаңтардағы шешіміне және Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 26 қаңтардағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсеткен.
Жауапкер және мүделі тұлғаның өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша уәждерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Б[...] 2016 жылдан бері О[...] F20 «Параноидті шизофрения» диагнозымен Д[...] динамикалық бақылау тобында (бақылау мерзімділігі үш айда кемінде бір рет) динамикалық бақылауда және есепте тұрады.
2022 жылғы 22 маусымдағы № 3997 дәрігерлік-консультативтік комиссия (бұдан әрі – ДКК) қорытындысына сәйкес талап қоюшы психиатрдың динамикалық байқауда тұруға жатады.
2022 жылғы 22 қыркүйектегі № 3014250 анықтамасына сәйкес Б[...] медициналық-әлеуметтік сараптама № 1221665-1088 актісі негізінде қайта куәландыру мерзімінсіз екінші топтағы мүгедектік анықталған.
2022 жылғы 3 және 9 қарашада талап қоюшы психиатрдағы есептен шығару туралы арыздармен О[...] жүгінген.
2022 жылғы 10 қарашадағы № 7585 ДКК қорытындысына сәйкес оны динамикалық байқаудан және есептен шығарудан бас тартылған.
Бұл бас тартумен келіспеген Б[...] сотқа жүгінген.
Соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқанда мына мәнжайларды негізді ескерген.
Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) (бұдан әрі – ПМБ) бар адамдарды динамикалық байқау, сондай-ақ динамикалық байқауды тоқтату қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінін 2020 жылғы 25 қарашадағы № ҚР ДСМ-203/2020 бұйрығымен бекітілген.
Қағидалардың 12-тармағы 5) - тармақшасы бойынша динамикалық психиатриялық байқаудың екінші тобында есепте тұрған F20 «Шизофрения» диагнозы бар адамдар, динамикалық байқауға алынған сәттен бастап 12 ай ішінде мүгедектік тобы анықталмаған жағдайда динамикалық байқау тоқтатылып және есептен шығарылу мүмкін.
Б[...] F20 «Параноидті шизофрения» диагнозымен О[...] динамикалық психиатриялық бақылаудың 2-тобы Д[...] (бақылау мерзімділігі үш айда кемінде бір рет) динамикалық байқауда және есепте тұрған және екінші топтағы мүгедек деп танылған. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 26 қаңтардағы шешімі, Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Б[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.