ВС РК - Определение от 31.01.2025 по делу 6001-25-00-2/5 (Гражданское)

2025 жылғы 31 қаңтар

Астана қаласы

Ұ Й ҒА Р Ы М

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Е.Ж.Айтжанов талап қоюшы Ерден Оркенович Сулейменовтің жауапкер Бакытбек Сайтбаевич Кожаковтан материалдық шығынды өндіру туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша Астана қалалық соты төрағасының азаматтық істің соттылығын анықтау туралы ұсынысын қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

Талап қоюшы жауапкерге жоғарыда көрсетілген талап қоюымен Қызылорда облысы Арал аудандық сотына жүгінген.

Қызылорда облысы Арал аудандық сотының 2024 жылғы 22 қазандағы ұйғарымымен талап қою іс жүргізуге қабылданған.

Осы сотының 2024 жылғы 24 желтоқсандағы ұйғарымымен Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 34-бабы 2- бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес, соттылығы бойынша азаматтық іс Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына жолданған.

Астана қалалық сотының төрағасы аталған ұйғарыммен келіспей, соттың мұндай тұжырымдамасы азаматтық процестік заңнама талаптарына сәйкес келмейтінін көрсетіп, Жоғарғы Сотқа жолдаған ұсынысында азаматтық істің соттылығын анықтауды сұраған.

Судья электронды іс материалдары мен ұсыныстың уәждерін зерделеп, Астана қалалық соттың бұл ұстанымы дұрыс деп санайды.

АПК-нің 34-бабының 6-бөлігіне сәйкес соттар арасындағы соттылық туралы дауларды жоғары тұрған сот шешеді, оның шешімі түпкілікті болып табылады және ол шағым жасауға, наразылық білдіруге жатпайды.

Әртүрлі облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада орналасқан бірінші сатыдағы соттар арасындағы дауды Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты тиісті облыстық және оған теңестірілген соттың ұсынуы бойынша шешеді.

АПК-нің 34-бабының, 2-бөлігінің, 3-тармақшасында, істі осы сотта қарау кезінде оның іс жүргізуге соттылық қағидалары бұзыла отырып қабылданғаны анықталған жағдайда басқа сотқа беріледі деп көрсетілген.

Қызылорда облысы Арал аудандық соты істі соттылығы бойынша Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына жолдау туралы ұйғарымында, жауапкердің Астана қаласы, Б.Момышұлы көшесі, 27үй мекенжайында нақты тұратыны көрсетілгенін негізге алынған.

АПК-нің 29-бабының бірінші бөлігіне сәйкес талап қою жауапкердің тұрғылықты жері бойынша сотқа беріледі.

Сонымен қатар, АПК-нің 34-бабының бірінші бөлігіне сәйкес соттылық қағидалары сақтала отырып, соттың іс жүргізуіне қабылданған іс кейіннен ол басқа соттың соттылығына жатқызылса да, сот оны мәні бойынша шешуге тиіс.

Яғни, талап қою жауапкердің тұрақты тұрғылықты жері бойынша соттылық қағидалары сақтала отырып Қызылорда облысы Арал аудандық сотының іс жүргізуіне дұрыс қабылданған.

Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың ақпарат алмасу жүйесінің мәліметтеріне сәйкес, жауапкер Б.С. Кожаков Қызылорда облысы, Арал ауданы, Арал қаласы, Тұрдалиев көшесі, 6-үй мекенжайы бойынша тұрақты тіркелген.

Істің мұндай тұрғысында, Астана қалалық соты төрағасының азаматтық істің соттылығын анықтауды сұраған ұсынысы негізді болып табылады. АПК-нің 34-бабының 6-бөлігін басшылыққа алып, судья

Ұ Й Ғ А Р Ы М Е Т Т І:

Талап қоюшы О.С.Ерден жауапкер Б.С.Кожаковтан материалдық шығынды өндіру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс соттылығы бойынша Қызылорда облысы Арал аудандық сотына жолдансын.

Астана қалалық соты төрағасының ұсынысы қанағаттандырылсын.

Ұйғарым түпкілікті болып табылады және шағым жасауға, наразылық келтіруге жатпайды.

Судья

Е.Ж. Айтжанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.