Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 10.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/1131 (Гражданское)

№ 6003-25-00-2к/1131 Қ А У Л Ы

2025 жылғы 10 қараша Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья Г.С.Джаппарова судьялар А.К.Айкенова, Д.Д. Махметова талап қоюшының өкілі С.А.Рахимованың

жауапкердің өкілі А.К.Амировтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Арслан Кибатоллаевич Амировтың жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру, жұмыссыз бос жүруге мәжбүр болған күндеріне жалақы өндіру, моральдық зиян өтемақысын және ұжымдық шартпен кепілдік берілген әлеуметтік көмекті өндіру туралы талабы бойынша қабылданған Атырау қалалық сотының 2024 жылғы 30 қыркүйектегі шешіміне, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

Талап қоюшы А.К. Амиров сотқа аталған талап қоюымен жүгінген.

Атырау қалалық сотының 2024 жылғы 30 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қаңтардағы қаулысымен шешім өзгертілген.

Шешімнің ұжымдық шартпен кепілдік берілген әлеуметтік көмекті өндіру туралы талап қою бөлігін қанағаттандырудан бас тартуының күші жойылып, осы бөлікте жаңа шешім шығарылған. Қоғамнан А.К. Амировтың пайдасына 337 500 теңге өндірілген.

Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот іс жүзінде еңбек жағдайларының өзгеруі емес, штат қысқарту орын алғанын ажыратпағанын, басқа жұмысқа ауыстыруды еңбек жағдайларының өзгеруі деп теріс бағалағанын, Атырау соттарымен сот тәжірибесіндегі біркелкілік, бірізділік қағидасы бұзылғанын көрсетіп, бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, сот алқасының қаулысын ішінара күшін жойып, талап қоюды толығымен қанағаттандыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан,

материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, А.К.Амиров «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» (бұдан әрі - Қоғам) коммерциялық емес акционерлік қоғамы Атырау облысының Исатай аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің басшысы лауазымын атқарған.

Қоғамның басқарма төрағасының 2024 жылғы 1 наурыздағы №107 н/қ бұйрығы бойынша Қоғамның директорлар кеңесі бекіткен ұйымдық құрылымы мен штат саны шегінде Қоғам филиалдарының (Республика көлемінде) құрылымы мен штат саны, лауазымдар тізілімі бекітілген. Аталған бұйрық негізінде халқы аз аудандық бөлімшелері біріктірілген.

Қоғамның Атырау облысы бойынша филиалының Исатай аудандық тіркеу және жер кадастры бойынша бөлімі, әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі және халыққа қызмет көрсету бөлімі біріктіріліп, жаңа Исатай аудандық бөлімі құрылған.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек Кодексі) 46-бабының 1- тармағына сәйкес оның еңбек жағдайының өзгеруі мүмкін екені, Еңбек кодексінің 33-бабының 2-тармағына сәйкес мамандығына, кәсібіне және біліктілігіне сәйкес басқа лауазым бойынша жұмысты орындау үшін еңбек шартының талаптарын өзгерту ұсынылатыны, егер ол еңбек жағдайларының өзгеруіне байланысты жұмысты жалғастырудан жазбаша түрде бас тартса немесе еңбек жағдайларының өзгеруіне байланысты жұмысты жалғастырудан бас тартқанын куәландыратын акті бар болса еңбек шарты Еңбек Кодексінің 58-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіздер бойынша тоқтатылатыны туралы жазбаша түрде хабарланады. Мүндай хабарламамен А.К.Амиров танысқан.

А.К.Амировке Исатай аудандық бөлімінің бас маман - заңды тұлғаларды тіркеуші лауазымы 2024 жылғы 1 сәуірде ұсынылған, алайда талап қоюшы 4 сәуірде ұсынылған лауазыммен келіспеген.

Қоғамның 2024 жылғы 15 сәуірдегі № 297-ж/қ бұйрығымен А.К.Амировпен Еңбек кодексінің 58-бабының 1-тармағының 1), 2) тармақшалары негізінде еңбек шарты бұзылған. Жеке еңбек дауын қарау жөніндегі келісім комиссиясының 2024 жылғы 27 мамырдағы және 5 маусымдағы шешімдерімен А.К.Амировтың аталған бұйрықтың күшін жою, әлеуметтік көмекті төлеуді міндеттеу туралы арыздары қанағаттандырусыз қалдырылған.

Бірінші сатыдағы сот, талап қоюдың 2024 жылғы 15 сәуірдегі № 297-ж/қ бұйрығын заңсыз деп танып, оның күшін жою, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру, жұмыссыз бос жүруге мәжбүр болған күндеріне жалақы және моральдық зиянның өтемақысын өндіру туралы бөліктерін қанағаттандырудан бас тартқан.

Апелляциялық сот, тараптардың арасында еңбек шарты еңбек

заңнамасының талабына сай бұзылған, жауапкердің тарапынан еңбек шартын бұзу барысында заң бұзушылықтары орын алмаған деген бірінші сатыдағы соттың түйінімен келіскен. Өйткені Қоғамның директорлар кеңесі бекіткен ұйымдық құрылымы мен штат саны шегінде Қоғам филиалдарының (Республика көлемінде) құрылымы мен штат саны, лауазымдар тізілімі бекітілген, яғни қаралып отырған жағдайда филиал бойынша штат қысқартылуы емес еңбек жағдайлары өзгеруі орын алған, яғни Еңбек кодексінің 46-бабының 1 тармағына сәйкес еңбек жағдайының өзгеруі бұйрықты шығаруға заңды негіз болған.

Қоғамның филиалдары қызметкерлерінің лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарында бас маман - заңды тұлғаларды тіркеуші лауазымына қойылатын талаптың бірі қызметкерде жоғарғы, орта-техникалық немесе кәсіби білім болу керектігі көрсетілген, ұсынылған лауазымнан талап қоюшы бас тартқан.

Осы мән-жайларға сәйкес талап қоюды аталған бөліктері дұрыс қанағаттандырусыз қалдырған.

Апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың талап қоюдың әлеуметтік көмекті өндіру туралы бөлігін қанағаттандырудан бас тарту туралы түйінімен келіспей, осы бөлікте шешімнің күшін жойып, қанағаттандыру туралы негізді түйін жасаған, өйткені Қоғам мен еңбек ұжымы арасында 2023 жылғы 27 сәуірдегі ұжымдық шартының 15.1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, жұмыс беруші жұмыскерлердің 50 және 60 жылдық мерейтойларына жетуі - бір лауазымдық жалақы мөлшерінде, растатйтын құжаттар болған кезде әлеуметтік көмек көрсетеді.

Сот алқасымен анықталғандай, А.К.Амиров Исатай аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің басшысы лауазымы қызметін атқарғанда 2023 жылдың 13 қыркүйегінде 50 жасқа толуына байланысты материалдық көмек беру туралы жазбаша өтініш келтірген. Ал шарттың 15.1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес бөлінген қаржының бар жоқтығына қарамастан әлеуметтік көмек көрсету міндеттілігі Қоғаммен ескертілмеген.

Осы мән-жайға сәйкес апелляциялық соттың талап қоюшыға бір лауазымдық жалақы мөлшерінде соманы өндіруі дұрыс.

Сол себепті сот, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдыруға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.С.Джаппарова

судьялар А.К.Айкенова

Д.Д. Махметова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.