ВС РК - Постановление от 26.11.2024 по делу 6001-24-00-6ап/1929 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 26 қараша 6001-24-00-6ап/1929 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Г.К.Нұрбаев болып, мүдделі тұлғалар:

«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Ұлытау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) өкілі Е.Н.Утеулиевтің,

жеке кәсіпкер (бұдан әрі – ЖК) «Дастан» атауымен әрекет етуші Имангалиева Мадина Сунгатовнаның (бұдан әрі – ЖК «Дастан») өкілі С.М.Нургалиевтың қатысуларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы ЖК «Сейдалиева С.М.» атауымен әрекет етуші Салтанат Мелдехановна Сейдалиеваның (бұдан әрі – ЖК «Сейдалиева С.М.») жауапкер Ұлытау облысы білім басқармасының Жезқазған қаласы білім бөлімінің «№4 жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - №4 мектеп) қорытындылар туралы хаттаманы заңсыз деп танып, күшін жою, қызмет көрсету туралы шарттарды жарамсыз деп тану, конкурс нәтижелерін қайта қарауды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 25 қаңтардағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20 наурыздағы қаулысына мүдделі тұлға ЖК «Дастанның» кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20 наурыздағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 25 қаңтардағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.

2023 жылғы 24 шілдедегі №9204092-ОК2 қорытындылар туралы хаттамасы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

2023 жылғы 8 тамыздағы №173, №174 №4 мектеп пен ЖК «Дастан» арасында жасалған қызмет көрсету туралы шарттар жарамсыз деп танылған.

№4 мектебі №9204092-2 конкурс нәтижелерін қайта қарауға міндеттелген.

Мүдделі тұлға ЖК «Дастан» кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған. «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі» мемлекеттік мекемесінің өкілінен істі өзінің қатысуынсыз қарау туралы арызы түсті.

Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы мүдделі тұлғалар өкілдерінің кассациялық шағымды қолдаған пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда №4 мектептің тапсырысы бойынша әрі ұйымдастыруымен өткізілген оқушыларды және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету бойынша қызметтер жөнінде 2 лоттан тұратын №9204092-2 электронды ашық конкурсқа (бұдан әрі – Конкурс) ЖК «Сейдалиева С.М.», ЖК «Дастан» және ЖК «Отока М.В.» қатысқан.

Конкурс қорытындылары конкурсқа қатысушылардың шағымдарымен жүргізілген камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы Департаменттің хабарламаларына сәйкес бірнеше рет қаралған.

Соңғы рет Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің хабарламаға қарсылық қарау нәтижелері бойынша 2023 жылғы 24 шілдеде конкурс қорытындысы қайта қаралып, талап қоюшыға қатысты жұмыс тәжірибесі бойынша - 0 балл, аспаздар бойынша – 10 балл, диетолог бойынша - 1 балл, өндіріс меңгерушісі бойынша - 0 балл, аумақта тіркелуі бойынша - 0 балл беріліп, жиынтығы 11 балды құраған. Сондықтан жеңімпаз болып 14 балл берілген ЖК «Дастан» танылған, ЖК «Отока М.В.» (11 балл) екінші және ЖК «Сейдалиева С.М. » үшінші орын алған.

Тапсырыс беруші мен ЖК «Дастан» арасында 2023 жылғы 8 тамызда №№ 173,174 қызмет көрсету туралы шарттар жасалған. Бұл қорытындымен келіспеген ЖК «Сейдалиева С.М.» жоғарыда көрсетілген талаптармен сотқа жүгінген.

Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мән-жайларды ескерген.

ЖК «Сейдалиева С.М.» талап қоюын өзіне тиесілі жұмыс тәжірибесі үшін 5 балл және өндіріс меңгерушісі мен технологы бола тұра 2 балл негізсіз есептелмегенін, яғни жалпы 18 балл болуы тиіс деп негіздеген.

Соттар талап қоюшының басқа қоғамдық тамақтану объектілерінде тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша соңғы бес жылдағы жұмыс тәжірибесі 42 айды құрайтынын құжаттармен расталатын анықтап, тиісінше оған 3 балл есептелуі тиіс екені жайлы тұжырым жасаған.

Талап қоюшы өтінімінде технолог ретінде тағам технологиясы және тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығы бойынша дипломы бар Б.Турганбаевты және өндіріс меңгерушісі ретінде мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі мамандығы бойынша дипломы бар Ә.Есімбайды көрсеткен.

Яғни, технолог Б.Турганбаев өндіріс меңгерушісі ретінде ұсынылған және ол қызметті атқара алады. Сол сияқты, мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі мамандығы бойынша дипломы бар Ә.Есімбай да өндіріс меңгерушісі ретінде қызмет атқара алады.

Ә.Есімбайға жоғарыда көрсетілген диплом бойынша тағайындаған мамандықты, қоғамдық тамақтану саласына қатысты тағайындалған мамандықпен бірдей теңестіруге болады.

Сондықтан, сотар екі бірдей баламалы өндіріс меңгерушісі ретінде ұсынылған маман бола тұра талап қоюшыға бұл өлшемшарт бойынша 2 балл есептелуі тиіс деп санаған.

Соттар диетолог ретінде ұсынылған С.Е.Сейдалиевтің емдеу ісі мамандығы бойынша дәрігерлік дипломын және диетология мамандығы бойынша біліктілігін арттыру жөнінде куәлікті тапсырғандықтан 1 балл берілгені туралы талап қоюшы мен жауапкердің арасында дау жоқ екендігін ескерген.

Сол сияқты соттармен талап қоюшының басқа мектептер бойынша да өткізілген конкурстарға бірдей жұмысшыларды ұсынғандықтан, ол конкурстан шеттетілуі қажеттілігі жөніндегі ЖК «Дастан» уәждері назарға алынбаған.

ЖК «Дастан» конкурстың соңғы нәтижесі бойынша Департаментке шағым келтірмегені де ескерілген.

Сот алқасы жергілікті соттар істің мән-жайларын дұрыс анықтай тұра материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбаған деп есептейді. Бұл олқылық заңсыз сот актілерін қабылдауға әкеп соқтырған.

Соттардың талап қоюшының басқа қоғамдық тамақтану объектілерінде тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша соңғы бес жылдағы жұмыс тәжірибесі 42 айды құрайтындықтан оған 3 балл есептелуі тиіс екені жайлы тұжырымын сотқа қатысушылар және кассациялық шағым иесі де дауламаған.

Бірақ бұл жағдай сот актілерін күшінде қалдыруға өздігінен жеткілікті негіз бола алмайды.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларының (бұдан әрі – Қағида) 64-тармағына сәйкес конкурстық комиссия конкурс қорытындылары туралы хаттаманы қалыптастыру кезінде конкурсқа қатысуға бір өтінім берілген жағдайларды қоспағанда, конкурсқа қатысуға өтінім берген әрбір әлеуетті өнім берушіге қатысты Үлгілік конкурстық құжаттамаға 7- қосымшадағы (бұдан әрі - 7-қосымша) өлшемшарттарға сәйкес балл қояды.

Аталған 7-қосымшаның 4-тармақшасына сай (конкурс өткізілген уақыттағы редакция бойынша) технолог біліктілігі берілген (қоғамдық тамақтану саласында) арнайы орта білімі (білім туралы құжатын 2007 жылғы 27 шілдеге дейін алған жағдайда) немесе техникалық және кәсіптік, жоғары білімі бар өндіріс меңгерушісінің болған жағдайда 2 балл беріледі.

ЖК «Сейдалиева С.М.» өтінімінде технолог ретінде мамандығы бойынша дипломы бар Б.Турганбаевты ұсынған.

Ал, өндіріс меңгерушісі ретінде мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі мамандығы бойынша дипломы бар Ә.Есімбайды көрсеткен.

Конкурстық құжаттама бойынша аталған қызметкерлер дербес мамандар ретінде талап етілген. ЖК «Сейдалиева С.М.» да өтінімінде (конкурстық құжаттамаға 6-қосымшасында) аталған қызметкерлерді тиісінше дербес ұсынған.

Осыған қарамастан соттардың технолог Б.Турганбаев өндіріс меңгерушісі ретінде ұсынылған және ол қызметті атқара алады деген тұжырымы Конкурс талаптары мен құжаттамаларына қайшы келеді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 27 қыркүйектегі № 500 бұйрығымен бекітілген «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің мамандықтары мен біліктіліктерінің сыныптауышының» 1-қосымшасына (1013 Қонақ үй қызметі, мейрамханалар және тамақтану саласы) сәйкес:

  • Қонақ үй бизнесі мамандығына әкімші, аға қызметші, қонақ үйдің оперативті менеджері, супервайзер;

  • Тамақтану саласында қызмет көрсетуді ұйымдастыру мамандығына даяшы, бармен-бариста, метрдотель, іс-шараларға қызмет көрсету жөніндегі менеджер;

  • Тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығына кондитер-безендіруші, аспазшы, технолог жатады.

Ә.Есімбай жөнінде болса оның мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі мамандығы бойынша ғана дипломы ұсынылған. Алайда, оның технолог (немесе аспазшы, кондитер-безендіруші) біліктілігі берілген (қоғамдық тамақтану саласында) техникалық және кәсіптік, жоғары білімі жайлы диплом ұсынылмаған.

Яғни, талап қоюшыға бұл өлшемшарт бойынша 2 балл есептелуі тиіс екендігі жөнідегі соттардың тұжырымдары қате болып табылады.

ЖК «Дастан» Департаментке шағым келтірмеді деген соттардың тұжырымы қисынсыз болып табылады. Себебі ЖК «Сейдалиева С.М.» даулап отырған Конкурстың соңғы қорытындысы ЖК «Дастан» үшін қолайлы әкімшілік акті болғандықтан оны даулауға негіздер болмаған.

АПК-нің 226-бабының төртінші және бесінші бөліктеріне сай сот шешiмнiң сипаттау бөлiгiнде талап қоюшының талаптарының, жауапкердің түсініктемелерінің және iске қатысатын үшінші тұлғалардың түсініктемелерінің қысқаша мазмұны, олар дәлелдерін негіздеген дәлелдемелер көрсетіле отырып, баяндалуға тиіс. Шешiмнiң уәждеу бөлiгiнде соттың ол немесе өзге дәлелдемелерді қабылдамау дәлелдері және сот басшылыққа алған заңдар қысқаша көрсетіледі.

Дауланып отырған сот актілерінде бұл талаптар жете сақталмаған.

Мүдделі тұлға ЖК «Дастан» соттағы түсініктемелері мен қарсы пікірлерінде ЖК «Сейдалиева С.М.» №24 мектеп бойынша да 2023 жылдың 15 қыркүйегінде өткізілген конкурс бойынша даулы Конкурсқа ұсынған сол қызметкерлер құрамымен жеңімпаз болғанын. №24 мектеппен шарт жасасқанын. Сондықтан талап қоюшының ұсынған аспазы үшін балл берілмеуі керек болатын деген уәждеріне баға берілмеген.

Іс соттарда қаралған уақытта ЖК «Сейдалиева С.М.» мен №24 мектеп бойынша да 2023 жылдың 15 қыркүйегінде өткізілген конкурс бойынша да сол қызметкерлер (оның ішінде аспазшылар да) ұсынылып жеңімпаз болып танылып, шарт жасасқаны белгілі болған.

Қағиданың 7-қосымшасының ескертпесіне сәйкес әлеуетті өнім беруші жеңімпаз деп жарияланған және (немесе) шартқа сәйкес ағымдағы конкурсты өткізу кезеңінде қызмет көрсететін және (немесе) басқа ұйымда қызметін жүзеге асыратын бұрын өткізілген конкурстарда әлеуетті өнім беруші ұсынған аспаздардың болуы туралы мәліметтерді ұсынған кезде конкурстық комиссия балл қоймайды.

Қағиданың 2-тармағының 2) тармақшасына сай көрсетілетін қызметті берушіні таңдау өлшемшарттары – әлеуетті өнім берушінің қызмет көрсетуі бойынша мүмкіндіктері мен жағдайларын бағалау негізінде жасалатын белгілер.

Осы қағиданың 25-тармағында конкурсқа қатысу үшін әлеуетті өнім беруші еңбек ресурстарының болуы біліктілік талаптарына сәйкес келуі тиіс екендігі көзделген. Жоғарыда аталған нормалардың мазмұнынан әлеуетті өнім берушілер қызметкерлерінің бір құрамымен Қағидада көрсетілген бірнеше нысандарда бір уақыт кезеңінде білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыруына жол берілмейді. Сонымен қатар, Қағиданың 241-тармағы бойынша әлеуетті өнім берушіге веб-порталда үлгілік конкурстық құжаттамаға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша біліктілігі туралы мәліметтерді қамтитын конкурстық өтінімді орналастыру жүктелген. 6-Қосымшада басқа мәліметтермен қоса қызметкерлердің жеке сәйкестендіру нөмірлері көрсетілуі тиіс.

ЖК «Сейдалиева С.М.» конкурстық құжаттамасында қызметкерлерінің жеке сәйкестендіру нөмірлерін көрсетпеген. Департамент өкілі бұл жағдай әлеуетті өнім берушілердің ұсынған қызметкерлері туралы мәліметтердің дұрыстығын, оның ішінде олардың басқа тамақтандыру орындарында қызмет атқаратынын тексеруге мүмкіндік бермейтінін мәлімдеді.

Сондықтан ЖК «Сейдалиева С.М.» 6-Қосымшада қаралған мәліметтерді толық ұсынбаған деп бағалануы тиіс.

Қағиданың 72-тармағының 1) тармақшасына сай әлеуетті өнім беруші егер ол:

конкурстық құжаттамаға біліктілік туралы мәліметтерді ұсынбаса, сол сияқты мәліметтерді толық ұсынбаса;

конкурстық құжаттамада көрсетілген шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті материалдық және еңбек ресурстарына ие болу бөлігінде біліктілік талаптарына сәйкес келмесе конкурсқа қатысуға жіберілмейді, конкурсқа қатысушы, конкурс жеңімпазы ретінде таныла алмайды.

Сондықтан сот актілерін заңды және негізді деп есептеуге болмайды. Істің бұл тұрғысында іс бойынша қабылданған сот актілерінің күші жойылуы тиіс.

Сот алқасы істің мән-жайы толық және дұрыс анықталғанын, бірақ соттармен материалдық құқық нормаларын қолдануда қателік жіберілгенін ескере отырып, істі жаңадан қарауға жібермей талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауға жеткілікті негіздер бар деп санайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ: Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 25 қаңтардағы шешімінің, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20 наурыздағы қаулысының күші жойылсын.

Іс бойынша жаңа шешім қабылдансын.

Талап қоюшы жеке кәсіпкер Салтанат Мелдехановна Сейдалиеваның жауапкер Ұлытау облысы білім басқармасының Жезқазған қаласы білім бөлімінің «№4 жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қорытындылар туралы хаттаманы заңсыз деп танып, күшін жою, қызмет көрсету туралы шарттарды жарамсыз деп тану, конкурс нәтижелерін қайта қарауды міндеттеу туралы талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Мүдделі тұлға жеке кәсіпкер Имангалиева Мадина Сунгатовнаның кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ш. Даниярова Г. Нұрбаев

Көшірмесі дұрыс

Судья С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.