ВС РК - Постановление от 14.03.2025 по делу 6001-24-00-6ап/1361 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 14 наурыз №6001-24-00-6ап/1361 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы Ғ.Ө.Әлжанов,

судьялар –Ж.Б.Ермағамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып,

талап қоюшы И.Е.Майлыбаеваның өкілі Р.М.Ильясовтың қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Индира Ерманбаевна Майлыбаеваның жауапкер «Түркістан облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесіне конкурстық комиссияның хаттамалық шешімінің бөлігін заңсыз деп танып, күшін жою, конкурстың осы бөлігін қайта өткізуге міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 29 қарашадағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 наурыздағы қаулысына талап қоюшы И.Е.Майлыбаеваның келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік ісін қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 29 қарашадағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп күшін жоюды сұраған.

Жауапкер өкілдері және мүделлі тұлға Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Талап қоюшының өкілінің пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Істің мән-жайларына қарағанда, Төлеби ауданы, Әңгір ата жалпы орта мектебі (бұдан әрі – Мектеп) директоры лауазымына конкурс жарияланып, оған үміткер ретінде талап қоюшы И.Е.Майлыбаева мен мүдделі тұлға Т.А.Тұтқышов қатысқан.

Конкурс қорытындысымен 2023 жылғы 12 қазандағы Түркістан облысы білім басқармасының (бұдан әрі – Басқарма) білім беру ұйымдарының басшысы лауазымына конкурстық тағайындау комиссия отырысының № 2 хаттамасының 11 тармағына сай, ашық дауыспен тікелей көрсетілімде мектеп директорының бос лауазымына үміткер Т.А. Тұтқышовқа ұсыныс хат енгізу туралы шешім қабылданған.

Талап қоюшы өзінің нақтылаған талабында, конкурстық комиссия мүшелерімен үміткерлермен әңгімелесу барысында бағалау жұмыстары дұрыс жасалмағанын, яғни, жеңімпаз ретінде ұсыныс енгізілген Т.А. Тұтқышов өзіне қойылған сұрақтарға жауап бере алмағанын, керісінше өзі қойылған сұрақтарға дұрыс әрі нақты жауап бергенін көрсетіп, хаттамалық шешімді заңсыз деп тану туралы талап коюмен сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда тараптардың ұсынған құжаттарын зерттеп, Конкурстық комиссияның отырысының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасының бұзыла отырып жүргізілген деп есептегенімен, жоғарыдағы дау нысанасы болып отырған хаттамалық шешімді заңсыз деп тануға негіз болмағанын дұрыс тұжырымдаған.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 19 қарашадағы № 568 және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 22 қарашадағы № 432 бірлескен бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағиданың (бұдан әрі – Қағида) 26-тармағына сай комиссияның отырысы, егер оған комиссияның жалпы құрамының кемінде үштен екісі қатысса, өтті деп, ал оның шешімі заңды деп есептеледі. Аталған жағдайда, комиссия отырысының өткізілуіне кворум жеткілікті болған. Сондықтан комиссия мүшелерінің түгел еместігі істің мән-жайына тікелей әсер етпейді, яғни дауыс берудің түпкілікті нәтижесі дұрыс.

Қағиданың 27-тармағына сай Конкурстық комиссиясының шешімі ашық дауыс беру жолымен жай көпшілік дауыспен қабылданады, ал дауыстар тең болса онда төрағаның дауысы шешуші болып табылады.

Әкімшілік іс құжаттарына қарағанда дауыс беру нәтижесі бойынша комиссия отырысына қатысқан 9 мүшесінің 5 мүшесі үміткер Т.А.Тұтқышовты қолдап, ал 4 мүшесі үміткер И.Е.Майлыбаеваны қолдап дауыс берген, яғни комиссия қөпшілік дауыспен Мектеп басшылығына

үміткер Т.А.Тұтқышовты тағайындау туралы ұсыныс хат беру туралы түпкілікті дұрыс шешім қабылдаған.

Соттардың басқа уәждері мен заң талаптарына сілтемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.

Осымен байланысты талап қоюшы И.Е.Майлыбаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 29 қарашадағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы И.Е.Майлыбаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Ғ.Әлжанов

Судьялар Ж.Ермағамбетова

Б.Нажмиденов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.