№6003-25-00-2к/4121 №6003-25-00-2к/4121 (2)
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 3 ақпан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, прокурор А.Е.Кадылбековтың,
талап қоюшының өкілі С.Х.Тастыбайдың, жауапкерлер Л.Б.Безбожнаяның, В.М.Безбожныйдың және оның өкілі А.Ж.Калиеваның, аудармашы Р.Т.Шайхының қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында
талап қоюшы Астана қаласының әкімдігі атынан «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Мекеме) жауапкерлер Безбожный Виктор Михайловичке, Безбожная Лариса Петровнаға, Безбожный Михаил Викторовичке ақшалай өтемақы төлеумен, мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) және үйден шығару туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының және жауапкер өкілінің Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 26 наурыздағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 мамырдағы қаулысына берген кассациялық шағымдары бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Мекеме жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 26 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
В.Безбожныйдың меншік құқығына тиесілі, Астана қаласы «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі, 61 үй, кадастрлық № 21-318-029-416, жалпы ауданы 0,0533 га жер учаскесі онда орналасқан жылжымайтын мүлiк объектiлерiмен бірге 68 287 546 теңге ақшалай өтемақы төлеумен мәжбүрлеп иеліктен шығарылған.
Ақшалай өтемақы төлегеннен кейін жауапкерлер Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі №61 үй мекен-жайдағы тұрғын үйден шығарылуға міндеттелген.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз, тараптардың апелляциялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында қабылданған сот актілерімен келіспей, оларды өзгертіп, жауапкерге мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесі үшін сотпен өндірілген 68 287 564 теңге өтемақыны «НОК Дом оценки» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі -ЖШС) 2024 жылғы 12 желтоқсандағы №0549/24-ASTANA мүлікті бағалау туралы есебі бойынша 37 128 335 теңге мөлшерінде анықтауды сұраған.
Жауапкер В.М.Безбожный кассациялық шағымында сот актілерін өзгертуді, 92 922 302 теңге көлемінде өтемақы анықтауды сұраған.
Талап қоюшы өкілінің және жауапкерлердің кассациялық шағымдарды қолдаған түсініктерін, прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымдарының уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі негіздерге байланысты дауланып отырған сот актілерін күшінде қалдыру қажет деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 3-тармағына сай, соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды. Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 188бабының тармағында меншiк құқығының мерзiмi шексiз екені, мүлiкке меншiк құқығы осы Кодексте көзделген негiздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкiн екені көрсетілген.
АК-нің 255-бабының 1-тармағына сай мемлекеттiк органның меншiк иесiнен мүлiктi алып қоюға тiкелей бағытталмаған шешiмiне, соның iшiнде меншiк иесiне тиесiлi үй, өзге де қора-қопсы, құрылыстар немесе өсiмдiктер бар жер учаскесiн алып қою туралы шешiмiне байланысты қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының заң құжаттарымен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана меншiк иесiне құны тең мүлiк берiп және өзге де келтiрiлген залалдарын өтей отырып немесе меншiк құқығының тоқтатылуынан келтiрiлген залалдарын толық көлемiнде өтей отырып тоқтатылуына жол берiледi.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 84-бабының 1-тармағына сәйкес жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 1 бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару - жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда
мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.
Заңның 67-бабының 2, 3 - тармақтарында мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалатыны қарастырылған.
Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің 1- нарықтық құнын бағалаушы осы Заңның 208-бабы тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.
Азаматтық істің құжаттарына қарағанда, Астана қаласы әкімдігінің 2024 жылдың 12 тамыздағы № 510-2652 қаулысына сәйкес Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі, С.Сейфулин көшесінен Ә. Жангельдин көшесіне дейінгі мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 1,1357 га жер учаскесі «Сырдария көшесі» объектісінің іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін, мемлекет мұқтаждығына мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.
Мемлекет мұқтажы үшін алынатын жер учаскесінің шегіне жауапкер В.М.Безбожныйдың меншік құқына тиеселі Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі, 61 үі мекенжайында орналасқан кадастрлық №21318-029-416, жалпы аудны 0, 0533 га жер учаскесі енеді.
Жауапкер В.М.Безбожныйға көрсетілген жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылуға жататындығы туралы хабарлама тапсырылған.
Алайда, жауапкер жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға қарсы болмағанымен, талап қоюшымен ұсынылған «НОК Дом оценки» ЖШС-нің 2024 жылғы 12 желтоқсандағы №0549/24-ASTANA мүлікті бағалау туралы есебі бойынша анықталған 37 128 335 теңге мөлшерінде жер учаскесі мен ондағы орналасқан жылжымайтын мүліктің нарықтық құнымен келіспеген.
Бірінші сатыдағы сотта істі қарау барысында тағайындалған «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынның филиалының Сот сараптамасының ғылыми-практикалық орталығының 2025 жылғы 5 наурыздағы қорытындысына сәйкес алып қою нысанының ондағы тіркелген және тіркелмеген ғимараттар, жеміс және басқа ағаштармен қосқандағы жалпы нарықтық құны 68 352 539 теңгеге бағаланған.
Талап қоюшының өкілінің сот сараптамасының қорытынысымен келіспеуіне байланысты қосымша кешенді сот сараптамасы тағайындалған.
«Прогресс Конслатинг» ЖШС-нің 2025 жылғы 20 наурыздағы қорытындысымен жауапкер В.М. Безбожныйдың меншік құқығына тиесілі үй
мен жер учаскесінің жақсартулардың және көп жылдық екпелердің нарықтық бағасы 68 287 546 теңге құрайтыны комиссиялық түрде анықталған.
Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған. Салыстырмалы зерттеу әдістемесін қолданғанда сарапшылар жер учаскелерінің ұқсас аналогтарын пайдаланған. Бұл сараптама қорытындысына сотпен күмән келтіретіндей, тараптардан қандай да бір дәлелдемелер ұсынылмаған.
Сонымен қатар, сарапшыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 420-бабы бойынша көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiлген.
Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.
Талап қоюшы мен жауапкер өкілінің кассациялық шағымдарында келтірген уәждері дәйексіз, олар жергілікті соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымдарда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
Талап қоюшы мен жауапкер өкілінің іс бойынша анықталған мәнжайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының және жауапкер өкілінің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева
А.Тогумбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.