ҚАУЛЫ
2026 жылғы 1 сәуір №6003-25-00-4к/2745 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші - судья Д.Ә. Әбдіғалиев, судьялар - М.А. Қасымов, Г.М.Ыдырысова прокурор Л.Е. Жоламанованың, талап қоюшының өкілдері: М.Ж. Абуованың және Н.А. Шаймахановтың, жауапкерлердің өкілдері: Б.Ж. Қордашбековтің, С.И. Айпазовтың, С.С. Серікбайдың, Т.Т. Таусаровтың, Е.Р. Әбдіхалыктың, Т.К. Максутовтың,
мүдделі тұлғалар: Т.О. Шартаевтың, Ж. Сагатбектің қатысуымен
ашық сот отырысында мүдделі тұлғалар: «Корпорация Ас и Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - ЖШС), «Компания НұрлыЖол» ЖШС-ні, «Төребек» ЖШС-ні, «Асель» ӨК-ні, ЖК Б.У. Сағынбаевты қатыстыра отырып, жеке кәсіпкер Бейсенкуль Бапаевна Дусмурзаеваның Түркістан облысының колледждері (№7 колледж, №8 колледж, №11 колледж, Д. Кұрманбек атындағы №20 колледж, Д. Қонаев атындағы аграрлықтехникалық колледж) мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына конкурс қорытындылары мен жасалған шарттарды даулау туралы
және «Компания Нұрлы-Жол» ЖШС-нің Түркістан облысы Білім басқармасының «Д. Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледж» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына ( бұдан әрі - Қонаев колледжі) «Нұрлы-Жол компаниясы» ЖШС-ға конкурстың қорытындылары туралы хаттаманың «Компания Нұрлы-Жол» ЖШС-ға тауар нарығындағы жұмыс тәжірибесінің өлшемшарты бойынша 4 балл және конкурстың барлық лоттарындағы отандық тауар өндірушінің мәртебесі бойынша 0 балл беруге қатысты бөлігін заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы; конкурстың қорытындыларын қайта қарау міндетін жүктеу туралы, тауарларды жеткізуге арналған шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша
Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 9 шілдедегі шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қазандағы қаулысына мүдделі тұлға «Корпорация Ас и Ко» ЖШС-нің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшылар жоғарыда аталған әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 9 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Сот барлық бес конкурстың қорытындылары туралы хаттамаларды заңсыз деп танып, күшін жойған, колледждерге шешім заңды күшіне енген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде олардың нәтижелерін қайта қарау міндетін жүктеген, сондай-ақ:
— № 20 колледж бен «Компания Нұрлы-Жол» ЖШС-нің (№ 13899755ОК1 конкурс);
— №7 колледж бен «Корпорация Ас и Ко» ЖШС-нің (конкурс №13935911-ОК1);
— №8 колледж бен «Асель» ӨК-нің (№13997485-ОК1 конкурс);
— №11 колледж бен «Корпорация Ас и Ко» ЖШС-нің (№13942507-ОК1 конкурс);
— Қонаев колледжі мен «Корпорация Ас и Ко» ЖШС-нің (№13857196ОК1 конкурс) арасында жасалған мемлекеттік сатып алу шарттарын жарамсыз деп таныған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымында мүдделі тұлға «Корпорация Ас и Ко» ЖШС сот актілерін өзгертуді, шағым беріліп отырған сот актілерінің жеке кәсіпкер Б.Б. Досмурзаеваның «Корпорация Ас и Ко» ЖШС-ға қатысты талап қоюының қанағаттандырған бөлігінің күшін жоюды, осы бөлік бойынша талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұрайды.
Алдыңғы сатыдағы соттарға қатысқан, сот отырысының күні, уақыты және форматы туралы тиісінше хабардар етілген өзге адамдар сот отырысына келген жоқ, келмеу себептері туралы сотқа хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің ( бұдан әрі - ӘРПК ) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот отырысына қатысып отырған адамдарды, кассациялық шағымды қанағаттандырудан бас тарту қажет деп санаған прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық шағымның уәждерін талқылап, іс материалдарын зерттеп, кассациялық сот мынадай қорытындыға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабы бірінші бөлігінің талаптарына сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Соттар мұндай бұзушылықтарға жол бермеген. Іс материалдары бойынша 2025 жылдың басында Түркістан облысының орта кәсіптік білім беру мекемелері болып табылатын бес мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын (№ 7 колледж, № 8 колледж, № 11 колледж, № 20 Д.Құрманбек атындағы колледж, Д.Қонаев атындағы аграрлықтехникалық колледж) мемлекеттік сатып алу жүйесінде тапсырыс берушілер ретінде тәрбиеленушілер мен білім алушылар үшін азық-түлік өнімдерін жеткізу бойынша ашық конкурстар өткізген. Конкурстар 2025 жылғы 7-20 наурыз аралығында өткізілген және №13935911-ОК1, №13997485-ОК1, №13857196-ОК1, №13942507-ОК1, №13899755-ОК1 сәйкестендіру нөмірлері берілген.
Конкурстардың әрқайсысына азық-түлік өнімдерін жеткізу қызметін жүзеге асыратын жеке кәсіпкер Бейсенкуль Бапаевна Досмурзаева қатысқан. Барлық бес конкурстың қорытындысы бойынша талап қоюшы өтінімдерді бағалаудың жиынтық балы бойынша жеңімпаздарға жол беріп, екінші орындарды иеленген.
Лоттардың басым көпшілігі бойынша «Корпорация Ас и Ко» ЖШС (№ 7, № 11, Қонаев колледждері) және «Компания Нұрлы-Жол» ЖШС (№ 20 колледж), ал жекелеген лоттар бойынша «Асель» ӨК (№ 8 колледж) жеңімпаз деп танылған.
Конкурстық комиссиялар өтінімдерді бағалау өлшемшарттары бойынша балдарды мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұза отырып есептеген деп санап, ЖК Б.Б. Досмурзаева әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгініп, конкурстар қорытындылары туралы хаттамаларды заңсыз деп тануды және олардың күшін жоюды; конкурстарды ұйымдастырушыларға балдарды дұрыс есептеуді ескере отырып олардың нәтижелерін қайта қарау міндетін жүктеуді; конкурс жеңімпаздарымен жасалған тауарларды жеткізу шарттарын жарамсыз деп тануды сұраған.
Талап қоюшы конкурстық комиссия өтінімдерді бағалаудың үш негізгі өлшемшарты, яғни тауар нарығындағы жұмыс тәжірибесі, отандық тауар өндіруші мәртебесі және көлік құралдарының болуы бойынша оған берілетін балдарды заңсыз төмендеткен, бір мезгілде жеңімпаздарға осыған ұқсас балдарды негізсіз жоғарылатқан деп есептейді. Атап айтқанда, талап қоюшы бірқатар лоттар бойынша өзінің отандық тауар өндіруші мәртебесі расталғанын (бұл 3 балл алуға құқық бергенін), алайда комиссия аталған өлшемшарт бойынша оған 0 балл бергенін көрсеткен. Ал жеңімпаздар талап қоюшының уәждеріне сәйкес ең жоғары балдарды алған, бірақ бұл балдарды жеткілікті құжаттармен растамаған.
Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдай отырып, конкурстық комиссия қатысушылардың өтінімдерін бағалауда біркелкі тәсілді қолданбағаны іс материалдарымен расталатынын ескерген: өлшемшарттар бойынша талап қоюшының балдары төмендетілген, ал жеңімпаздарға тиісті құжаттармен расталмайтын ең жоғары балдар берілген. Атап айтқанда, сот бірқатар лоттар бойынша ЖК Б.Б. Досмурзаеваның отандық тауар өндіруші мәртебесін растайтын құжаттары болғанын, бірақ комиссия оны ескермей, аталған өлшемшарт бойынша 0 балл бергенін анықтаған. Мұндай тәсіл Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында бекітілген объективтілік және конкурсқа қатысушыларға тең қарым-қатынас қағидаттарының бұзылуы деп танылған. Сонымен қатар, сот жеңімпаздар ұсынған тауар нарығындағы жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттарды сыни тұрғыдан бағалап, осы құжаттардың бір бөлігі дәлелдемелердің анықтығы талаптарына сәйкес келмейтіндігі туралы тұжырымға келген.
«Компания Нұрлы-Жол» ЖШС-нің Қонаев колледжіне берген дербес талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың жеңімпазға балдар дұрыс есептелмегені, талап қоюшының бірқатар лоттарда отандық өндіруші мәртебесіне ие болғаны ( 3 балл ), бірақ оған нөл балл берілгені, осы ретте, жеңімпаз кейде жеткілікті негіз болмаса да ең жоғары балл алғаны туралы тұжырымымен келісе отырып, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған.
Кассациялық сот дауланып отырған сот актілерінің заңдылығын тексере келе, шағымды қанағаттандыруға негіз жоқ деп есептейді.
Шағымның дәлелдемелер толық зерттелмегені туралы уәжі негізсіз болып табылады. Іс материалдары мен сот актілерінің мәтіндерінен көрінетіндей, екі сатыдағы соттар процеске қатысушылар ұсынған барлық дәлелдерді, соның ішінде шарттар мен «Корпорация Ас и Ко» ЖШС-нің қабылдау-тапсыру актілерін толығымен зерттеген. Әрбір дәлелдемеге оның қатыстылығы, жарамдылығы және анықтығы тұрғысынан ескере отырып, уәжді баға берілген. Арыз иесінің осындай бағалау нәтижесімен келіспеуі өздігінен процестік бұзушылықты дәлелдемейді.
Соттың конкурстық комиссияның құзыретіне араласқаны туралы уәж соттың әкімшілік сот ісін жүргізудегі өкілеттілігін қате түсінуіне негізделген уәж ретінде қабылданбайды. Әкімшілік сот ісін жүргізу жария билік субъектілерінің, оның ішінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыратын конкурстық комиссиялардың әрекеттері мен шешімдерінің заңдылығына сот бақылауын көздейді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес конкурстық комиссия өтінімдерді бағалау кезінде конкурстық құжаттамада белгіленген өлшемшарттар мен әдіснаманың шеңберінде әрекет етуге міндетті. Комиссияның әрекеттерінің осы талаптарға сәйкестігін тексеру бұл соттың тікелей құзыреті болып табылады және әкімшілік органның қызметіне араласу ретінде қарастырылмайды. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар комиссиялардың балдарды есептеу әдістемесін сақтамаған нақты фактілерін анықтаған, бұл хаттамаларды заңсыз деп тануға жеткілікті негіз болып табылады. Балдар бойынша есептеуге соттың баға бермейтіні туралы уәждердің нормативтік негізі жоқ.
Конкурстық құжаттамада көзделмеген талаптар қолданылғаны туралы уәжді де қабылдауға болмайды.
Сот актілерінің мазмұнынан соттардың конкурсқа қатысудың қосымша талаптарын белгілемегені және қатысушылардан конкурстық құжаттамадан тыс құжаттарды ұсынуды талап етпегені байқалады. Соттар тек жеңімпаздар ұсынған құжаттардың конкурстық құжаттама мен мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың талаптарына сәйкес мәлімделген өлшемдерді қаншалықты растайтынын ғана тексерген. Балл есептеу үшін дәлелдеу базасының жеткіліктілігі мен дұрыстығын бағалау сот талқылауының нысанасына жатады және бұл жаңа талаптарды енгізу болып табылмайды.
Кассациялық соттың пікірінше, соттардың пандемия кезеңіндегі уақытша медициналық құрылымдардың қызметіне байланысты құжаттарға қатысты тұжырымы қосалқы сипатта және хаттамаларды заңсыз деп тануға жалғыз негіз болып табылмайды.
Соттар конкурстық рәсімдердің объективтілігі қағидаттарының бұзылғанын куәландыратын мән-жайлардың жиынтығын назарға алған. Арыз иесінің уақытша стационарлар мен ұтқыр медициналық орталықтардың қызметі заңды деген уәждері соттардың конкурс талаптарында белгіленген өлшемшарттарға сәйкес тауар нарығындағы жұмыс тәжірибесінің құжаттармен расталмағаны тиісті түрде туралы қорытындысын өздігінен теріске шығармайды. Бұл ретте, өтінімнің конкурс талаптарына сәйкестігін дәлелдеу ауыртпалығы қатысушының өзіне жүктеледі, ал соттар бұл ауыртпалықтың орындалуын жеткіліксіз деп бағалаған.
Осылайша, кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар істің нақты мән-жайларын дұрыс анықтады, материалдық құқық нормаларын, атап айтқанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын, ӘРПК-нің нормаларын дұрыс қолданған, сондай-ақ процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуына жол бермеген деген қорытындыға келеді.
«Корпорация Ас және Ко» ЖШС-нің кассациялық шағымының уәждері дәлелдемелерді қайта бағалауды және соттың тұжырымымен келіспеуді білдіреді, бұл АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылмайды. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 9 шілдедегі шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға «Корпорация Ас и Ко» ЖШС-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші судья Д.Әбдіғалиев Судьялар М.Қасымов
Г.Ыдырысова
⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.