Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 28.04.2026 по делу 6003-26-00-2к/581 (Гражданское)

ҚАУЛЫ 2026 жылғы 28 сәуір Астана қаласы

№6003-26-00-2к/581

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков,

судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова,

талап қоюшының өкілі С[...], жауапкерлер Ә[...], оның өкілдері К[...], И[...], Іле ауданы Қараой ауылдық округінің әкімінің өкілі А[...], Іле ауданы сәулет және қала құрылысы бөлімінің өкілі К[...] қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында,

талап қоюшы Алматы облысы, [...] прокурорының жауапкерлер Ә[...], Іле ауданы Қараой ауылдық округінің әкіміне, «Іле ауданы жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесін (бұдан әрі -Ж[...] қатынастар бөлімі), «Іле ауданы сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне жауапкерлер Ә[...] мен Ж[...] қатынастары бөлімі арасында 2024 жылғы 29 ақпанда жасалған №69875 жер учаскесіне жеке меншік құқығын бөліп төлеу арқылы сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер Ә[...] өкілінің Алматы облысы Іле аудандық сотының 2025 жылғы 15 тамыздағы шешіміне және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 8 қаңтардағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Прокурор жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, 2024 жылғы 29 ақпанда жасалған №69875 жер учаскесіне жеке меншік құқығын бөліп төлеу арқылы сатып алу-сату шартын жарамсыз деп танып, күшін жоюды сұраған.

Алматы облысы Іле аудандық сотының 2025 жылғы 15 тамыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Ж[...] қатынастар бөлімі мен Ә[...] арасында 2024 жылғы 29 ақпанда жасалған Алматы облысы, [...] бойынан берілген көлемі 1,0000 гектар, нысаналы мақсаты «үй жайларға (құрылыстар мен ғимараттарға)» № 69875 жер учаскесіне жеке меншік құқығын бөліп төлеу арқылы сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылып, күші жойылған. Сот шығындары туралы мәселе шешілген.

Талап қоюдың Іле ауданы Қараой ауылдық округі әкімінің 2024 жылғы 16 ақпандағы № 45 н/қ өкімін заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы бөлігі бойынша азаматтық іс жүргізу тоқтатылған.

Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 8 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер Ә[...] өкілі кассациялық шағымында төменгі сатыдағы соттар істің мән-жайын дұрыс айқындамағанын, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, дауланып отырған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық сот іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін тыңдап, іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді зерделеп, кассациялық шағымның уәждерін талқылап, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Төменгі сатыдағы соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының Ж[...] кодексінің (бұдан әрі -Ж[...] кодексі) 48-бабының 1-тармағының 5)-тармақшасының талабына сәйкес, жер учаскесі немесе жер учаскесін жалдау құқығы: жеке және заңды тұлғаларға оларға меншік құқығымен және (немесе) өзге де заттай құқықпен тиесілі үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) пайдалану және ұстау үшін, оның ішінде іргелес аумақтағы үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген сәулет-қала құрылысы және (немесе) құрылыс құжаттамасына сәйкес кеңейту және реконструкциялау үшін мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын беру сауда-саттықта (аукциондарда) жүзеге асырылады.

Ж[...] кодексінің 109-бабының 1-тармағына сай, қалалардың, кенттердiң, ауылдық елдi мекендердiң барлық жерi олардың бас жоспарларына, егжейтегжейлі жоспарлау мен құрылыс салу (ондай жобалар болған жағдайда) жобаларына және аумақтың жер-шаруашылық орналастыру жобаларына сәйкес пайдаланылады.

«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 47-бабының 1, 2- тармақтарына сай, елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және оған құрылыс салу белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарлар негiзiнде жүзеге асырылады.

Елдi мекендердiң бас жоспарлары қаланы, кенттi, ауылды не басқа да қонысты дамытуды кешендi жоспарлауды айқындайтын және аумақты ұйымдастырудың бекiтiлген бас схемасы мен аймақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемасына сәйкес әзiрленетiн негiзгi қала құрылысы құжаты болып табылады.

Іс құжаттарына қарағанда, Қараой ауылдық округінің әкімінің 2024 жылғы 16 ақпандағы № 45-н/қ өкіміне сәйкес Ә[...] тиесілі кадастрлық №[...] ауданы 1,0 га болатын жер учаскесінің нысаналы мақсаты «шаруа қожалығынан» «үй жайларға (құрылыстар мен ғимараттарға)» қызмет көрсету үшін (бұдан әрі - даулы жер учаскесі) деп ауыстырылған.

2024 жылғы 29 ақпанда Ж[...] қатынастар бөлімі мен Ә[...] арасында даулы жер учаскесіне жеке меншік құқығын 5 жылға бөліп төлеу арқылы сатып алу-сату туралы №69875 шарт жасалғанын.

Алматы облысының «Іле ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің берген мәліметіне сәйкес, 2023 жылғы 29 желтоқсандағы № 18-55 Іле ауданының мәслихаты шешімімен бекітілген Қараой ауылының Бас жоспарына даулы жер учаскесі толығымен жасыл желектер аумағында орналасқан.

Істі қарау барысында даулы жер учаскесінің нысаналы мақсаты заң талаптары сақталмай өзгертілгені анықталған.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі-АК) 158бабының 1-тармағына сай, мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін мәміле, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мәміле болып табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін. Дауланып отырған мәміле жоғарыда аталған заң нормаларын сақтамай жасалынғандықтан, жергілікті соттар бұл мәмілені жарамсыз деп тануы заңды.

Кассациялық сот жауапкер өкілінің кассациялық шағымындағы Іле ауданы Қараой ауылдық округі әкімінің 2024 жылғы 16 ақпандағы № 45 н/қ өкімі жарамсыз немесе күші жойылған деп танылмағандықтан дауланып отырған мәміленің заңдылығына күмән келтіруге негіз жоқ деген уәждерін дәйексіз деп табады.

Іле ауданы Қараой ауылдық округі әкімінің 2024 жылғы 16 ақпандағы № 45 н/қ заңсыз өкімі негізінде Ж[...] қатынастар бөлімі мен Ә[...] арасында 2024 жылғы 29 ақпанда № 69875 жер учаскесіне жеке меншік құқығын бөліп төлеу арқылы сатып алу-сату шарты жасалған.

Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» 2016 жылдың 6 сәуіріндегі № 480-V Заңының 65-бабының 2-тармағына сай, жеке-дара қолданылатын құқықтық акт оның талаптарын немесе онда қамтылған тапсырмаларды осы құқықтық акт өздеріне арналған тұлғалар орындаған кезден бастап қолданылуын тоқтатады.

Дауланып отырған мәміле әкімнің заңсыз өкімі негізінде жасалғандықтан, бірінші сатыдағы сот бұл өкім орындалған деп санап, іс жүргізу өндірісін талаптың бұл бөлігінде дұрыс тоқтатқан.

Кассациялық шағымда бұдан басқа жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында төменгі сатыдағы соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.

Жауапкер өкілінің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы облысы Іле аудандық сотының 2025 жылғы 15 тамыздағы шешімі және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 8 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер Ә[...] өкілі К[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: Л.Мамырбаева

А.Тогумбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.