ҚАУЛЫ
2025 жылғы 30 шілде №6003-25-00-4к/41 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев,
судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов,
«Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі» (бұдан әрі – Агенттік) республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі Р.Р.Айтеннің қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшының Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2024 жылғы 27 қыркүйектегі ұйғарымына және Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2024 жылғы 26 желтоқсандағы ұйғарымына кассациялық шағымы бойынша,
Сарсенбаев Сабитхан Донесхановичтің Агенттікке және республикалық мемлекеттік мекеме «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне» қатысты әрекеттерді заңсыз деп тану және міндеттеу туралы әкімшілік талап арызы бойынша әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған әкімшілік талап арызымен сотқа жүгінген. Талап арыз беруіне негіз болған мән-жай – 2024 жылғы 21 тамызда «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-да төлемдер жүргізу кезінде мемлекеттік және орыс тілдерінде рәсімделген түбіртектердегі қаріптің дұрыс рәсімделмегенін көрсеткен. Жауапкерлерден бұл мәселені реттейтін тиісті қаулы не бұйрық қабылдауды сұраған. Алайда, жауапкерлер тыңдау жүргізбеген, хаттама толтырмаған.
2024 жылғы 26 желтоқсандағы ӘІСА-ның ұйғарымымен өзгеріссіз қалдырылған, 2024 жылғы 27 қыркүйектегі МАӘС-тың ұйғарымымен талап арыз әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (бұдан әрі – ӘРПК) 138бабының екінші бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды деп қайтарылған.
Кассациялық шағымда талап қоюшы жоғарыда көрсетілген сот актілерін жойып, істі мәні бойынша қарауды сұрайды.
Талап қоюшыдан сот отырысына бейнебайланыс арқылы қосу туралы өтініш келіп түсті. Алайда, бұл өтініш қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында қатысушылардың міндетті түрде жеке қатысуымен өткізілуі белгіленген, бұл жөнінде процестің барлық қатысушыларына алдын ала хабарланған. Көрсетілген мән-жай сот отырысының кассациялық инстанцияда өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды. Сот отырысының күні, уақыты және өткізу форматы туралы тиісті түрде хабарландырылған өзге тұлғалар сот отырысына келмеді, келмеу себептері туралы сотқа хабарламады.
ӘРПК-нің 115-бабы бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысушы тұлғалардың келмеуі, егер олар тиісті түрде хабарландырылған болса, сот отырысын өткізуге кедергі келтірмейді.
Тараптардың уәждерін тыңдап, кассациялық шағымның дәйектерін талқылап, іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, кассациялық сот келесіні анықтады.
ӘРПК-нің 169-бабы бірінші бөлігінің талаптарына сәйкес, кассациялық шағымдану тәртібі мен кассациялық инстанциядағы іс жүргізу Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларымен реттеледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қараудың негіздері болып, заңсыз сот актісінің қабылдануына әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және іс жүргізу құқығы нормаларының елеулі бұзылуы табылады. Мұндай құқық бұзушылықтарға соттармен жол берілмеген. Іс бойынша анықталған мән-жайлардан белгілі болғандай, талап қоюшы түбіртектердегі мемлекеттік және орыс тілдеріндегі қаріптің дұрыс рәсімделмеуі мәселесі бойынша жауапкерлерге жүгініп, бұл мәселелерді реттейтін тиісті қаулы немесе бұйрық қабылдауды сұраған.
Талап қоюшының өтінішіне жауапкерлер қарапайым әкімшілік рәсім тәртібімен түсіндірме сипатындағы жауаптарын ұсынған.
Төменгі соттар талап арызды қайтару кезінде тараптар арасында қарапайым әкімшілік рәсім шеңберінде жауап беру арқылы реттелген жарияқұқықтық даудың болмауына байланысты дұрыс қорытындыға келген. Тыңдау өткізу мен тиісті хаттама жасау қажеттілігі болмаған.
Кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатылар соттарының бұл даудың әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайтындығы туралы қорытындыларымен келіседі және бұл келесі негіздерге сүйенеді.
ӘРПК-нің 102-бабы екінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың қарауына ӘРПК-де көзделген жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар жатады.
ӘРПК-нің 4-бабының бірінші бөлігінің 8) тармақшасына сәйкес, әкімшілік рәсім – бұл әкімшілік органның, лауазымды тұлғаның әкімшілік істі қарау, ол бойынша шешім қабылдау және оны орындау жөніндегі қызметі, сондай-ақ өтініштің негізінде не өз бастамасымен жүзеге асырылатын және қарапайым әкімшілік рәсім тәртібімен жүргізілетін қызметі болып табылады. ӘРПК-нің 87-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, хабарламаларды, ұсыныстарды, үнқатуларды және сұрауларды қарау қарапайым әкімшілік рәсім тәртібімен жүзеге асырылады.
ӘРПК-нің 4-бабының бірінші бөлігіне сәйкес:
әкімшілік акт – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік органның, лауазымды тұлғаның белгілі бір адамға немесе дараланған адамдар тобына қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешімі;
әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік органның, лауазымды тұлғаның әкімшілік акт болып табылмайтын әрекеті (әрекетсіздігі).
Бұл ретте, даудың нысанасы әкімшілік рәсімнің қатысушысының құқықтарын іске асырудан бас тартатын, оларды шектейтін, тоқтататын не оған белгілі бір міндеттер жүктейтін, сондай-ақ, оның жағдайын өзге түрде нашарлататын акт немесе әрекет (әрекетсіздік) болып табылады.
Соттық бақылау әкімшілік рәсімнің қатысушысының құқықтары мен міндеттерін іске асыратын және нақты құқықтық нәтижеге бағытталған әкімшілік органдардың осындай әрекеттеріне қолданылады. Талап қоюшының өтініші жауапкерлер тарапынан қарапайым әкімшілік рәсім тәртібімен қаралған, және олар түсіндірме сипатындағы тиісті жауаптарын ұсынған.
Мұндай сипаттағы әрекеттер (хаттар, хабарламалар) әкімшілік сот ісін жүргізу шеңберінде жеке сот бақылауына жатпайды, себебі олар түсіндірме (хабарлама) сипатында болып табылады, талап қоюшының жария-құқықтық қатынастардағы құқықтары мен міндеттерін іске асыруға бағытталмаған және нақты құқықтық нәтижеге қол жеткізуді мақсат етпейді.
Осылайша, даулы құқықтық қатынастарға ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 11) тармақшасын қолдану және талап арызды қайтару дұрыс деп танылды.
Жалпы, кассациялық шағымдағы дәйектер өз мазмұны, мағынасы және мақсаты бойынша бірінші және апелляциялық саты соттарында келтірілген дәйектерге ұқсас. Бұл дәйектер апелляциялық саты сотында қаралып, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа дәйектер келтірілмеген.
Іс бойынша төменгі соттар мән-жайларды дұрыс анықтап, материалдық және іс жүргізу құқығы нормаларын дұрыс қолданған, дауланып отырған сот актілерін жоюға негіздер жоқ.
Осы мән-жайларды ескере отырып, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 27 қыркүйектегі ұйғарымын және Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Д. Әбдіғалиев Г. Ыдырысова
Судьялар
М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.