Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 01.04.2026 по делу 6003-25-00-2к/4601 (Гражданское)

6003-25-00-2к/4601

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 1 сәуір Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,

судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,

талап қоюшының өкілі А.Ж.Кудайбергеновтың қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Астана қаласының әкімдігі «Тұрғын үй қоры» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер Батима Абылдиновна Батырбаеваға, Алибек Хамидович Батырбаевқа жалға беру шартын бұзу және мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үйден тұрғын үй бермей шығару туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 25 маусымдағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 қыркүйектегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 25 маусымдағы шешімімен талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, жауапкер А.Х.Батырбаев Астана қаласы, Ықылас Дүкенұлы көшесі, № 7 үй мекен-жайы бойынша орналасқан № 04 бөлмеден шығарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 қыркүйектегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды толық қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған. Кассациялық шағымды қолдаған талап қоюшының өкілі А.Ж.Кудайбергеновты тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның (бұдан әрі-Заң) 8-бабының 2-тармағында азаматтарды және заңды тұлғаларды олардың тұратын тұрғын үй-жайларынан тек осы Заңда белгiленген негiздемелер бойынша, сот тәртiбiмен ғана шығаруға болады.

Іс құжаттарына қарағанда, Б.А.Батырбаева мүгедектігіне байланысты коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж әлеуметтiк жағынан осал топ ретінде 23 қазан 2015 жылдан бері №5170 кезекте тұр.

Астана қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен Б.А.Батырбаеваның арасында 2023 жылғы 3 қарашада №392 мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді жалдау туралы шарты жасалған.

Жалдау шартының талаптарына сәйкес жалға алушыға 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін Астана қаласы, Ы.Дүкенұлы көшесі, 7 үй, 04 бөлме мекенжайында орналасқан бір бөлмеден тұратын 12,8 шаршы метр болатын бөлме жалға берілген.

Жоғарыда көрсетілген бөлмені қабылдау актісінің негізінде Б.А.Батырбаева қабылдап алған.

Жалдау шартының 9.3 тармағының талаптарында жалға беруші жалға алушыны және онымен бірге тұратын адамдарды Заңның 107-1-баптарында көзделген негіздер бойынша басқа тұрғын үй берместен одан шығаруға құқылы екені көрсетілген.

Ұжымдық өтініште көршілер жауапкерлер тарапынан басқа тұрғындардың тұру (болу) жағдайларын жүйелі түрде бұзатынын хабарлаған.

Жауапкердің 2024 жылғы 7 ақпандағы жалдау шарты ұзарту туралы өтініші Тұрғын үй мәселелерін қарау жөніндегі комиссия шешімінің негізінде 2024 жылғы 1 сәуірдегі №183 хаттамасымен Б.А.Батырбаеваға Астана қаласы, Ы.Дүкенұлы көшесі, 7 үй, мекенжайы бойынша орналасқан 04 бөлмеге тұрғын үйді жалдау (жалға алу) шартының мерзімін ұзартудан бас тартқан.

Шарттың 6.13 тармағында жалдау шарты осы тараптың бірінің бастамасы бойынша кемінде бір ай бұрын басқа тарапқа жазбаша ескерте отырып, кез келген уақытта бұзылуы, тоқтатылуы мүмкіндігі қарастырылған.

Сот Б.А.Батырбаеваға шарттың бұзылатыны туралы бір ай бұрын жазбаша түрде хабарлама жолданбағанын анықтаған.

Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде Б.А.Батырбаева 1-топтағы мүгедек екенін, әлеуметтiк жағынан осал топқа жататынын, шарттың бұзылатыны туралы бір ай бұрын жазбаша түрде хабарлама жолданбағанын, меншігіне қабылдап алған бөлмеден басқа тұрғын үйдің болмауын, әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшем шарттарын негізге алған.

Сондықтан, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйді жалдау шартын бұзу және тұрғын үйден басқа тұрғын үй берместен шығару туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылуға жатады деген тұжырымға келген.

Сонымен қатар, жергілікті соттар А.Х.Батырбаев мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үйден тұрғын үй бермей шығаруға жатады деген қорытындыға келген.

Өйткені, бөлме Б.А.Батырбаеваға ғана берілген, ал А.Х.Батырбаев өз еркімен мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы бөлмеге қоныстанып, пайдаланған. Өз кезегінде Заңның 21-бабына сәйкес, Б.А.Батырбаева А.Х.Батырбаевты отбасы құрамына қосу бойынша тиісті өтініштер бермеген. Жауапкер А.Х.Батырбаевтың тарапынан басқа тұрғындардың тұру жағдайларын жүйелі түрде бұзатыны және анасы А.Б.Батырбаеваны күнде ұрып-соғатыны көршілерінің ұжымдық өтінішхатымен анықталған.

Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен. Істің мұндай тұрғысында, соттардың талап қоюды ішінара қанағаттандырып, тек А.Х.Батырбаевты мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үйден тұрғын үй бермей шығару заңды. Заңның 107-бабының 6)-тармақшасына сәйкес, егер адам тұрғын үйге өз бетiмен басып кiрiп алса, басқа адамдарды басқа тұрғын үй берiлместен шығаруға жол берiледi.

Кассациялық сотта талап қоюшының өкілі жауапкер Б.А.Батырбаева тұрғын үй қорынан берілген бөлмеде тұрып жатқандығын растады. Демек, талап қоюшының Б.А.Батырбаеваны үйсіз қалдырмау шаралары қолданылып, ол «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жатыр деген уәжі негізсіз.

Талап қоюшының кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылады. АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 25 маусымдағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков Судьялар: А.О.Тогумбетова Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.