ВС РК - Постановление от 09.03.2022 по делу 6001-21-00-6КА/1210 (Об административном правонарушении)

6кп-20/22

Қ А У Л Ы

2022 жылғы 9 наурыз Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші - судья А.Қ.Қыдырбаева, судьялар Г.Ж.Әлмағамбетова, М.Т.Балкен, прокурор Т[...],

әкімшілік жауапқа тартылған тұлғаның қорғаушысы Н[...] қатысуларымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2019 жылғы 20 мамырдағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен түскен,

С[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2019 жылғы 20 мамырдағы қаулысымен С[...] Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 517-бабының 5-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы тағайындалған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында сот қабылдаған қаулысы соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатындығы туралы көрсетілген.

Алқа, әкімшілік жауапқа тартылған тұлғаның қорғаушысының, прокурордың ұсынуды қолдаған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарды зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот қаулысы өзгертуге жатады деп есептейді.

Іс материалдарына сәйкес Қырғызстан Республикасының азаматы С[...] 2019 жылғы 3 сәуірде Қазақстан Республикасына жеке сапармен өтіп, жұмысқа арнайы рұқсат алмай, Шымкент қаласында орналасқан «Автонур» базарында киім сатып, сауда жұмыстарын атқарып, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзған. Осы факт бойынша оған қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.

Бірінші сатыдағы сот С[...] кінәсі сот отырысында мойындалған және зерттелген істегі айғақтармен толық дәлелденген деген тұжырымға келіп, оған әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі жаза тағайындаған.

Сот С[...] әрекетін ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен дұрыс саралаған. Сонымен қатар аталған норманың санкциясы әкімшілік жазаның балама түрлерін - 25 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуды не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуды не Қазақстан Республикасының шегiнен әкімшілік жолмен шығарып жiберуді қамтиды.

ӘҚБтК-нің 55-бабының 2 және 3-бөліктеріне сәйкес әкімшілік жаза әділ, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетін болуы тиіс. Жеке тұлғаға әкімшілік жаза қолдану кезінде жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтың сипаты, кінәлінің жеке басы, оның ішінде құқық бұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқы, мүліктік жағдайы, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар ескеріледі.

Сот жаза тағайындағанда істегі мән-жайларға қажетті көңіл бөлмей, С[...] көрсетілген жазалардың ішіндегі әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі ең қатал жаза тағайындаған.

ӘҚБтК-нің 41-бабында белгіленген әкімшілік жазаны тағайындаудың және түрін таңдаудың жалпы қағидаттарынан балама жазалар болған кезде соттар бірінші кезекте неғұрлым қатаң емес жазаны қолдануды және сосын одан да ауыр жазаны қолдануды талқылауы қажет.

С[...] Қазақстанда 2011 жылдан бері тұрақты тұрып жатқан және шетелдіктің тұруына ыхтиярхатын алған Н[...] 2008 жылдан бастап заңды некеде тұрады. Некеден кәмелетке толмаған, Шымкент қаласының Ұлықбек атындағы № 3 жалпы орта білім беретін мектебінің 7, 6 және 3-сыныптарында оқитын 3 оқушы балалары және Шымкент қаласындағы «Ханшайым Жасмин» бөбекжай балабақшасына баратын (мүгедек) 1 баласы бар.

Сотпен тағайындалған жаза Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңда бекітілген балалардың қажетті өмір сүру деңгейіне, өз ата-аналарынан күтіп-бағу, отбасында тұру және тәрбиелену, ата-аналарымен бірге тұру құқықтарын бұзады. Сондықтан, С[...] Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы жаза оның Қазақстан Республикасына бес жыл бойы келуге тиым салу қолайсыз салдарға әкеп соғады.

Бірақ сот осы мән-жайларға қажетті көңіл бөлмей, ӘҚБтК-нің 56-бабы бойынша жеңілдететін мән-жайлар ретінде танымаған, жаза тағайындаған кезде осыны ескермеген.

Мұндай жағдайда, бірінші сатыдағы соттың қабылданған қаулысы ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінің 3) тармағында көзделген негіздер бойынша өзгертуге жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзады. ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен 25 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу көзделген. С[...] отбасылық, материалдық жағдайын ескере отыра, алқа ӘҚБтК-нің 829-11-бабының 2- бөлігіне сәйкес айыппұл мөлшерін 44 188 теңгеге дейін азайтады.

Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінің 3) тармағын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы,

Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2019 жылғы 20 мамырдағы қаулысы өзгертілсін.

С[...] тағайындалған Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы әкімшілік жазаның орнына 44 188 (қырық төрт мың жүз сексен сегіз) теңге айыппұл салынсын.

Қаулы қалған бөлігінде өзгеріссіз қалдырылсын. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші А. Кыдырбаева Судьялар Г. Әлмағамбетова М. Балкен Көшірмесі дұрыс Судья А. Кыдырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.