ҚАУЛЫ
2025 жылғы 4 қырқүйек 6003-25-00-4к/753 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Е.М.Нұралиев
cудьялар – Л.Е.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,
ашық сот отырысында талап қоюшы Сойркас Селим Султанулының жауапкер Алматы облысының жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Талгат Серикбаевич Кененбаевтің (бұдан әрі – ЖСО Т.Кененбаев) атқарушылық құжатты қайтару туралы 2025 жылғы 30 қаңтардағы қаулысын заңсыз деп танып, күшін жоюды, борышкердің Қазақстан Республикасынан шығуына уақытша шектеуді алып тастау туралы 2025 жылғы 30 қаңтардағы қаулысын заңсыз деп танып, күшін жоюды, № 808/23-19-2921 санды атқарушылық iс жүргiзудi қайта жалғастыруға міндеттеуді, борышкерге Қазақстан Республикасынан шығуына уақытша шектеуді қолдануға міндеттеу туралы талабымен қозғалған әкімшілік ісімен,
Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы12 ақпандағы ұйғарымына, Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 наурыздағы ұйғарымына талап қоюшы өкілінің берген кассациялық шағымын қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы C.Сойркас сотқа, жауапкер ЖСО Т.Кененбаевке қатысты жоғарыда көрсетілген талап арызбен жүгінген.
Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 12 ақпандағы ұйғарымымен талап қоюшының талап арызы, Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК-сі) 138-бабының 2-бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес қайтарылған.
Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 наурыздағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы өзінің кассациялық шағымында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және әкімшілік істі қайта қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа қайтаруды сұраған.
Кассациялық саты сотының отырысына тиісті түрде хабарланған тараптар келмеді, бұл ӘРПК-нің 115-бабының бірінші бөлігіне сай келеді, әр істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Кассациялық сот, іс құжаттары мен шағым уәждерін жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.
Зерттелген құжаттардан анықталғандай, ЖСО Т.Кененбаевтың атқару өндірісінде өндіріп алушы С.Сойркастың борышкер А.Есиркеповтен қарыз ақшаны өндіріп алу туралы атқарушылық қағазы болған.
Жауапкердің 2025 жылғы 30 қаңтардағы қаулы бойынша атқарушылық құжат өндіріп алушыға оның арызы бойынша қайтарылған. Осыған байланысты борышкердің Қазақстан Республикасынан шығуына уақытша шектеуді алып тастау туралы 2025 жылғы 30 қаңтардағы сот орындаушының қаулысы шығарылған.
Төменгі сатыдағы соттар ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес, іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды деп, талап арызды қайтару туралы ұйғарым шығарған. Оған негіз ретінде борышкер А.Есіркепов Алматы қаласында тіркелген, сондықтан, ЖСО Т.Кененбаевтың Алматы облысында атқарушылық әрекеттер жүргізуге құқығы жоқ, осыған байланысты, жауапкер талап қоюшыға қатысты қандай да бір ауыртпалық салатын актілер шығарған жоқ, өйткені атқарушылық құжаттың қайтарылуы талап қоюшыға Алматы қаласына жүгінуіне кедергі келтірмейді деп көрсеткен.
Алайда, төменгі сатыдағы соттармен қабылданған сот ұйғарымдарымен кассациялық сот келісе алмайды.
ӘРПК-нің 102-бабының екінші бөлігіне сәйкес, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, осы Кодексте көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады.
ӘРПК-нің 4-бабының бірінші бөлігінің 4),5),9) тармақшаларына сәйкес,
әкімшілік акт – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім;
әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) – әкімшілік органның, лауазымды адамның жария-құқықтық қатынастардағы, әкімшілік акт болып табылмайтын әрекеті (әрекетсіздігі);
әкімшілік талап қою (талап қою) – жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарды, бостандықтарды немесе заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру мақсатында сотқа берілген талап.
Мұндай жағдайда, талап қоюшының жауапкерге қатысты жоғарыда көрсетілген талаптары әкімшілік сот өндірісінде даулануға жатады.
Анықталған мән-жайлар төменгі сатыдағы соттардын процессуалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын, оның өз кезегінде сот қорытындысының негізсіздігіне әкеліп соққанын көрсетеді.
Осыған байланысты, төменгі сатыдағы соттардың ұйғарымдарының күші жойылуға, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылуға жатады.
Жаңадан қарау кезінде бірінші сатыдағы сот жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жоюы керек, іс үшін маңызы бар барлық мән-жайды зерделеп, дәлелдерге тиісті құқықтық бағасын беріп, дауды қолданылуға жататын материалдық және процессуалдық құқық нормаларына сәйкес шешуі қажет. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Алматы облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы12 ақпандағы ұйғарымының және Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 наурыздағы ұйғарымының күші жойылып, әкімшілік іс бірінші сатыдағы соттың жаңа карауына жіберілсін.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Е. Нұралиев Л. Кудекова
Судьялар
Ш.Манжуева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.