Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 01.10.2025 по делу 6003-25-00-2к/255 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 1 қазан №6003-25-00-2К/255 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші А.Тоқсанбаев, судьялар А.Даненова, М.Ибрагимова, талап қоюшы Ұ.Абдувалиеваның, талап қоюшының өкілдері Н.Қосмуратов пен А.Сатыбалдиевтің, жауапкер өкілі Ә.Қангелдиевтің қатысуларымен

ашық сот отырысында талап қоюшы Ұлбосын Нышанқызы Абдувалиеваның жауапкерлер Жандос Сайдығаниұлы Бекеевке, Шымкент қаласының нотариусы Калия Турсынкожаевна Маханбетоваға, даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға Улсара Айдарбековна Дулатоваға қолхатты және шартты жарамсыз деп тану туралы талап қоюымен қабылданған Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 9 қазандағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысына жауапкер Ж.Бекеевтің кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Ұ.Абдувалиева жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 9 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, 2024 жылғы 17 мамырдағы Ұ.Абдувалиеваның жауапкер Ж.Бекеевке жазған қолхаты және 2024 жылғы 17 мамырдағы Ұ.Абдувалиева мен жауапкер Ж.Бекеевтің арасындағы Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Шоқан Уалиханов көшесі №215Б үй, №65 пәтерді (бұдан әрі – даулы пәтер) сатып алу-сату келісім шарты жарамсыз деп танылған.

Талап қоюшы Ұ.Абдувалиевадан мемлекет кірісіне мемлекеттік баж 129 346 теңге өндірілген.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер шағымында, жергілікті соттардың қорытындылары істің мәнжайларына сәйкес келмейтінін, материалдық құқық нормаларды дұрыс қолданбағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, кассациялық шағым уәждері мен азаматтық істі зерделеп, Кассациялық сот төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 449-бабының 1-бөлігіне сәйкес, істi кассациялық тәртiппен қарау

кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Жергілікті соттар 2024 жылғы 17 мамырдағы Ұ.Абдувалиеваның жауапкер Ж.Бекеевке жазған қолхатын жарамсыз деп тану туралы талап қоюын қарап шығарған шешім бөлігінде процестік құқық нормаларын бұзған.

АПК-нің 63-бабының 1-бөлігіне сәйкес сот солардың негізінде тараптардың талаптары мен қарсылықтарын негіздейтін мән-жайлардың, сондай-ақ істі дұрыс қарау және шешу үшін маңызы бар өзге де мәнжайлардың бар немесе жоқ екендігін анықтайтын заңды тәсілмен алынған фактілер туралы мәліметтер іс бойынша дәлелдемелер болып табылады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 7-бабына сәйкес, азаматтық құқықтар мен мiндеттер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негiздерден, сондай-ақ азаматтар мен заңды тұлғалардың әрекеттерiнен пайда болады, өзгереді және тоқтатылады, өйткенi, осы әрекеттер азаматтық заңнамада көзделмегенiмен, олардың жалпы бастаулары мен мәнiне байланысты азаматтық құқықтар мен мiндеттердi туындатады.

Осыған сәйкес азаматтық құқықтар мен мiндеттер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шарттардан және өзге де мәмiлелерден, сондай-ақ азаматтық заңнамада көзделмегенімен, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн мәмiлелерден пайда болады, өзгереді және тоқтатылады.

АК-нің 154-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының заңдарында немесе тараптардың келiсiмiнде белгiленген жағдайларда жазбаша мәмiлелер оларды нотариат куәландырғаннан кейiн ғана жасалды деп есептеледі.

АПК-нің 277-бабының 1) тармағына сәйкес, сот, егер іс азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады. Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшы Ұ.Абдувалиева талап қоюында 2024 жылғы 17 мамырдағы өзі мен жауапкер Ж.Бекеевтің арасындағы даулы пәтерді сатып алу-сату нотариуспен куәландырылған шартын және Ұ.Абдувалиеваның Ж.Бекеевке Уалиханова көшесі, 215 б үй 65 пәтерді 12 750 000 теңгеге сатқаны, 2024 жылғы 17 мамыр не 10 маусымға дейін осы ақшаны қайтарған жағдайда пәтерді қайтып аударып беруі тиіс, қайтарылмаса пәтер Ж.Бекеевте қалатыны туралы қолхатты жарамсыз деп тануды сұраған.

Бұл қолхаттан азаматтық құқықтар мен мiндеттер туындамады. Қолхат АПК-нің 63-бабының 1-бөлігіне сәйкес дәлелдеме ретінде қарастырылуы

мүмкін. Қолхат сот шешімімен жарамды деп танылмағандықтан ол маңызсыз болып есептеледі. Сондықтан қолхатты жарамсыз деп тану туралы талап азаматтық іс жүргізу тәртібінде қаралмайды.

Осыған байланысты талап қоюшының қолхатты жарамсыз деп тану туралы талап қоюды қанағаттандырған бірінші сатыдағы сот шешімін және апелляциялық сатыдағы соттың оны өзгеріссіз қалдырған қаулы бөлігінің күші жойылып, осы бөлігінде АПК-нің 277-бабының 1) тармағына сәйкес іс бойынша іс жүргізу тоқтатылуға тиіс.

Талап қоюшы Ұ.Абдувалиеваның сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану талабы бойынша анықталғандай, 2024 жылғы 17 мамырда талап қоюшы Ұ.Абдувалиева мен У.Дулатова арасында Шымкент қаласы Қаратау ауданы Нұртас шағын ауданы Кенжарық көшесі №91/1 мекенжайында орналасқан жазғы демалыс аймағын жалға беру шарты жасалған. Шартқа сай, талап қоюшы демалыс аймағын айына 4 500 000 теңгеден 3 айға жалпы 13 500 000 теңгеге жалға алған.

У.Дулатованың айтуымен талап қоюшы 500 000 теңге депозит беретін болып және сол кезде талап қоюшы 1 750 000 теңгені «Kaspi gold» арқылы У.Дулатованың ұлы жауапкер Ж.Бекеевтің банктік шотына аударған.

Талап қоюшы Ұ.Абдувалиева жалға алу ақшасын толық төлеуге мүмкіндігі болмай, үшінші тұлға У.Дулатовадан алдын ала төленген 1 750 000 теңгені кері қайтаруды сұраған, алайда соңғы берілген ақшаның қайтарылмайтынын айтқан. Содан, үшінші тұлға У.Дулатова талап қоюшыға даулы пәтерді уақытша кепілге қойып, қалған 12 750 000 теңгені берген кезде пәтерді қайтарып беру ұсынысын айтқан, талап қоюшы осы ұсынысқа келіскен. 2024 жылғы 17 мамырда талап қоюшы Ұ.Абдувалиева үшінші тұлға У.Дулатованың айтуымен жауапкер Ж.Бекеевке даулы пәтерді 12 750 000 теңгеге саттым, 2024 жылғы 10 маусымда осы ақшаны қайтарып берген жағдайда Ж.Бекеев пәтерді кері аударып беруі тиіс, ақшаны қайтара алмаған жағдайда Ж.Бекеевке пәтер жөнінде ешқандай қоятын арыз шағымым жоқ, пәтер Ж.Бекеевке қалады деп өз қолымен қолхат жазып берген.

Сол күні Ұ.Абдувалиева мен Ж.Бекеев арасында даулы пәтерді 12 750 000 теңгеге сатып алу-сату шарты жасалған.

АК-нің 160-бабының 2-бөлігіне сәйкес, егер мәмiле екiншi бiр мәмiленi (қулықпен) бүркемелеу мақсатымен жасалса, тараптар шын мәнiнде ойлаған мәмiлеге қатысты ережелер қолданылады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 7 шілдедегі №6 «Мәмілелер жарамсыздығының және олардың жарамсыздығының салдарын соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 21-тармағына сай, бүркемеленген мәміле бойынша істерді қарау кезінде соттар АК-нің 160-бабының 2-тармағының мағынасын негізге алуы қажет. Заңның аталған нормаларының қағидалары бойынша мәмілелердің қаралып отырған санаты екі түрден: бүркемелейтін (қулықпен жасалған) және бүркемеленген

мәміледен тұрады (мысалы, сатып алу және сату шарты сенімхатпен, қарыз және одан кейінгі кепілдік шарты сыйға тарту, сату және сатып алу шарттарын ресімдеумен, өсиет шарты сыйға тарту шартымен бүркемеленеді және сол сияқты).

Басқа мәмілені жасыру мақсатында қулықпен жасалған мәміле жарамсыз (маңызсыз) болып табылады. Сондықтан соттар мәміленің сипатын ескере отырып, тараптар шын мәнінде ойлаған мәмілеге қатысты қағидаларды қолдануы қажет.

Бірінші сатыдағы сот жоғарыда көрсетілген жағдайларды және заң талаптарын негізге алып, талап қоюдың осы бөлігін қанағаттандырған.

Даулы сатып алу-сату шарты қарыздың қайтарымын қамтамасыз ету туралы пәтерді кепілге салу шартын бүркемелегенімен негіздеген.

Бұл мән-жайлар тараптардың арасында сатып алу-сату шарты жасалмағанын бекітетін талап қоюшы Ұ.Абдувалиева мен жауапкер Ж.Бекеевтің қолхаттары, соңғының сол уақытта пәтерді сатып алу қаражаты болмағаны, тараптардың арасында ақша алыс-беріс болмағаны, жауапкер пәтерді иеленіп, пайдаланбағанымен бекітілген. Апелляциялық сатыдағы сот бұл сот тұжырымдарымен келіскен. Жергілікті соттардың осы бөлігіндегі талап қоюы бойынша іс үшін маңызы бар мән-жайлар анықталып, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған.

Сондықтан жергілікті соттардың осы бөліктегі сот актілері күшінде қалдырылады.

Жауапкердің мемлекеттік баж сот актілері қабылданғаннан кейін төленгені, даулы мүліктің нарықтық құны анықталмағаны туралы уәждері АПК-нің 338-бабының 5-бөлігіне сәйкес, сот актісінің күшін жоюға негіз болатын процестік құқық нормаларын елеулі бұзылуы болып саналмайды. Одан бөлек, жауапкердің 129 346 теңге мемлекеттік баж дұрыс өндірілмегені туралы шағым уәжі негізсіз, себебі бірінші сатыдағы сотпен сатып алу-сату шарты бойынша даулы пәтердің құны 12 750 000 теңге болғандықтан осы соманың 1 пайызы 127 500 теңге мүліктік талабы ретінде, ал екінші қолхатты жарамсыз деп тану туралы талабы мүліктік емес талап ретінде 2024 жылғы айлық есептік көрсеткіштің 0,50 пайызы 1 846 теңге өндірілген.

Сондай-ақ, жергілікті соттармен талап қоюшының нотариуспен куәландырған стенограмма дәлелдеме ретінде қабылданбаған, сондықтан сот кассациялық шағымның стенограммаға қатысты уәжін негізсіз деп таныды.

Жауапкердің үшінші тұлға У.Дулатова азаматтық іс бойынша қатыстырылмағаны туралы шағым уәжі де негізсіз, себебі апелляциялық сатыдағы сотта оның өкілі С.Нысанов қатысқан.

Шағымда келтірілген басқа уәждер іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді қайта бағалауға бағытталған, басқа жаңа дәлелдемелер мен уәждер келтірілмеген, сондықтан оларды негізсіз деп санайды.

Сот актілері өзгертілгендіктен АПК-нің 109-бабына сәйкес, жергілікті соттармен талап қоюшыдан мемлекет кірісіне өндірілген мемлекеттік баж 129 346 теңгеден 127 500 теңгеге дейін төмендетіліп, талап қоюшыдан жауапкердің пайдасына 966 теңге сот шығыны өндірілуге тиіс.

Көрсетілгендердің негізінде жауапкердің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 9 қазандағы шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысы өзгертілсін.

Шешім және қаулының 2024 жылғы 17 мамырдағы Ұлбосын Нышанқызы Абдувалиеваның Жандос Сайдығаниұлы Бекеевке жазған қолхатын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырылған бөлігінің күші жойылсын.

Осы бөлігінде іс бойынша іс жүргізу тоқтатылсын.

Өндірілген сот шығыны 127 500 (бір жүз жиырма жеті мың бес жүз) теңгеге дейін төмендетілсін.

Шешім және қаулының қалған бөлігі күшінде қалдырылсын.

Ұлбосын Нышанқызы Абдувалиеваның Жандос Сайдығаниұлы Бекеевтің пайдасына мемлекеттік бажға төленген 966 (тоғыз жүз алпыс алты) теңге өндірілсін.

Жауапкер Ж.С.Бекеевтің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

А.Тоқсанбаев

Төрағалық етуші

Судьялар

А.Даненова

М.Ибрагимова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.