6001-24-00-6ап/3525
Қ А У Л Ы
2025 жылғы 14 мамыр
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,
судьялар Ш.Т.Даниярова, Г.К.Нұрбаев,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Карима Жумабаевна Жантелиеваның жауапкер жеке сот орындаушылардың Республикалық палатасының Түркістан облысындағы филиалы - Түркістан жеке сот орындаушылар өңірлік палатасына атқару парағын қайтару жөніндегі әрекетін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша,
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 қыркүйектегі шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 22 қазандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы К.Ж. Жантелиева сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгініп жеке сот орындаушылардың Республикалық палатасының Түркістан облысындағы филиалы - Түркістан жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының (бұдан әрі - Өңірлік палата) атқару парағын қайтару жөніндегі әрекетін даулаған.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 қыркүйектегі шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 22 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды қағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Тараптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі - сот алқасы) отырысына келмеді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарынан анықталғандай, Сарыағаш аудандық сотының 2023 жылғы 17 қазандағы ұйғарымымен талап қоюшы К.Жантелиева мен жауапкер Г.Сыдыкованың арасында 450 000 теңге қарызды 2023 жылғы 25 қараша мен 2025 жылғы 25 қаңтар аралығында төлейтіні жөнінде медиативті келісім бекітілген.
Медиативті келісім ерікті түрде орындалмауына байланысты өндіріп алушыға судьяның электрондық цифрлік қолтаңбасы қойылған 2024 жылғы 28 мамырдағы №5154-23-00-2/1771-1 атқару парағы берілген.
Өндіріп алушы К.Жантелиева атқару құжатын Өңірлік палатаға орындауға «Е-Otinish» жүйесі арқылы жолдаған.
Өңірлік палата атқару құжатын «Төрелік» ақпараттық жүйесі арқылы Өңірлік палатаның автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне түсіруді немесе атқару парағының түпнұсқасын пошта арқылы жолдау қажет екенін көрсетіп жауап берген.
Талап қоюшы К.Ж.Жантелиева Өңірлік палатаның атқару парағын
қайтару жөніндегі әрекетімен келіспей сотқа жүгінген.
«Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабына сәйкес нормативтiк құқықтық актiлер негiзгi және туынды болып бөлiнедi.
Нормативтiк құқықтық актiлердiң негiзгi түрлерiне Қазақстан Республикасының Конституциясы, конституциялық заңдары, кодекстері, заңдары, қаулылары және тағы басқа актілер жатады. Нормативтiк құқықтық актiлердiң туынды түрлерiне ереже, техникалық регламент, қағидалар, нұсқаулық жатады.
Туынды түрдегі нормативтiк құқықтық актiлер негiзгi түрдегi нормативтiк құқықтық актiлер арқылы қабылданады немесе бекiтiледi және олармен бiртұтастықты құрайды. Осы Заңның 11-бабының 1-тармағына сәйкес, егер нормативтiк құқықтық актiлердiң өздерiнде немесе оларды қолданысқа енгiзу туралы актiлерде өзгеше ескертілмесе, барлық нормативтiк құқықтық актiлер тiкелей қолданылады.
Сонымен бірге, «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 7), 12), 13) және 14) тармақшаларында көрсетілгендей:
құжаттың электрондық көшірмесі - төлнұсқа құжаттың түрін және ақпаратын (деректерін) электрондық-цифрлық нысанда толығымен көрсететін құжат;
электрондық құжат - ақпарат электрондық-цифрлық нысанда ұсынылған және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;
электрондық құжат айналымы - мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар арасында электрондық құжаттар алмасу;
электрондық құжат айналымы жүйесі - қатысушылары арасындағы қатынастар осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттелетін электрондық құжаттар алмасу жүйесі.
Яғни, АПК-тің 241-бабының талабына сәйкес атқару құжаты өндіріп алушыға қағаз нысанда берілуі мүмкін.
Атқарушылық құжат орындауға электрондық нысанда жіберілген жағдайда Қағидалардың нормалары қолданылады.
Қағидалардың 1-тармағында көрсетілгендей, осы электрондық құжатқа қойылатын техникалық талаптар және оның соттың автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде айналыс қағидалары Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 133-2-бабына, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне, «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген және электрондық құжатқа қойылатын талаптарды, оны тіркеуге беру және оның Қазақстан Республикасы сот органдарының автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесінде айналыс (бұдан әрі - СО ААТЖ) тәртібін айқындайды.
Аталған Қағидалар Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 6 тамызда №21065 болып тіркелген.
Атқарушылық құжаттарды орындауға электрондық нысанда жіберуге қатысты талаптар осы Қағидалардың 7-тарауында белгіленген.
Қағидалардың 53-тармағына сәйкес электрондық атқару құжаты орындауға СО ААТЖ арқылы атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне (бұдан әрі - АІО ААЖ) жіберіледі. Қағидалардың 58-тармағына сәйкес атқарушылық құжат сот орындаушысының іс жүргізуіне қабылданғаннан кейін СО ААТЖ-ға сот орындаушысы орындау бойынша қабылдаған әрекеттері туралы мәртебе түседі (қозғаудан бас тартылды, орындалмай қайтару, аумақ бойынша, орындалуға жіберілді, тоқтатылған, аяқталған).
Осыған орай, талап қоюшы атқару құжатының электронды нысанда жолдануын таңдаған жағдайда Қағидалардың талаптарына сәйкес электрондық атқару құжаты орындауға СО ААТЖ арқылы АІО ААЖ-не жіберу қажет.
АПК-тің 241-бабы 5-бөлігінің бесінші азат жолына сәйкес сот атқару құжатына сот актiсiнiң көшiрмесiн не соттың мөрiмен куәландырылған оның үзiндi көшірмесін қоса береді. Атқару құжаты электрондық атқару құжаты нысанында жазып берілген жағдайда, сот актісінің көшірмесі не оның үзiндi көшірмесі судьяның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанында қоса беріледі.
Бұл ретте атқару құжатына қоса берілетін сот актiсiнiң көшiрмесiне қойылатын талаптар көрсетілген.
Демек, талап қоюшы К.Ж.Жантелиеваның «Е-Otinish» жүйесі арқылы жолдаған атқару құжаты СО ААТЖ арқылы АІО ААЖ-не жіберілмеген немесе атқару құжатының түпнұсқасы ұсынылмаған.
Мұндай жағдайда, жергілікті соттардың жауапкердің әрекеттері заңнама таплатарына қайшы келмейді деген тұжырымымен сот алқасы келіседі.
АПК-нің 452-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға негіз бола алмайды.
Мұндай жағдайда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1)тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ: Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 қыркүйектегі шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 22 қазандағы қаулысы өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Б.Дуйсенбаев Судьялар Ш.Т.Даниярова Г.К.Нұрбаев
Көшірмесі дұрыс Судья Г.К.Нұрбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.