ВС РК - Постановление от 22.09.2016 по делу 6001-16-00-6АП/79 (Об административном правонарушении)

№ 6ап-79-16

Қ А У Л Ы

2016 жылғы 22 қыркүйек Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Т.Қ. Баратбеков, судьялар М.Т. Балкен, Н.Ө. Жолдасбеков,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің бастығы Ч[...] қатысуымен,

кассациялық тәртібімен ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2014 жылғы 3 ақпандағы қаулысына және Атырау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2014 жылғы 27 ақпандағы ұйғарымына келтірген наразылықпен түскен

Т[...] қатысты 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болған Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық – бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі ӘҚБтК) 355-бабының 2-бөлігімен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

а н ы қ т а ғ а н ы :

Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2014 жылғы 3 ақпандағы қаулысымен Т[...] ӘҚБтК-нің 355-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған жаза ретінде бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 9 260 (тоғыз мың екі жүз алпыс) теңге әкімшілік айыппұл тағайындалған.

Атырау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2014 жылғы 27 ақпандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз, Т[...] шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Бас Прокурордың орынбасары наразылығында іс бойынша қабылданған соттың қаулысымен келіспей, оның күшін жойып, әкімшілік істі әкімшілік құқық бұзушылық оқиғасының болмауына байланысты қысқартуды сұраған. Наразылықты қолдаған прокурорды тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы прокурордың наразылығы төмендегі негіздермен ішінара қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келді.

2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болған ӘҚБтК-нің 665-бабына сәйкес, судьяның, органның (лауазымды адамның) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыда баяндалған істің нақты мәнжайлары туралы тұжырымдарының шағымды, наразылықты қарау кезінде зерттелген дәлелдемелерге сай келмеуі әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулының күшін жоюға немесе өзгертуге және қаулы шығаруға негіздемелер болып табылады.

Бірінші сатыдағы сот Т[...] әрекетінде ӘҚБтК-нің 355-бабының 2-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың құрамы бар деген тұжырымды, оған қатысты толтырылған хаттамамен, полиция қызметкері Т[...] баянатымен, куәлар [...] және К[...], куәгерлер Ж[...], Б[...] түсініктемелерімен негіздеген.

Алайда, соттың бұл тұжырымы заң талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты негізсіз болып табылады.

Іс бойынша белгілі болғандай, 2014 жылғы 20 қаңтарда Атырау қаласында орналасқан «Алматы-Донер» кафесінің жұмысшыларын негізсіз Атырау қаласының Ішкі істер басқармасына (бұдан әрі - ІІБ) жеткізіп, оларға заңсыз әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыру фактілері бойынша Атырау қаласының ІІБ-нің лауазымды тұлғаларына қатысты Қылмыстық кодекстің 361-бабының 2-бөлігімен Бас прокуратураның ведомствоаралық тергеу-жедел тобымен 2016 жылғы 1 ақпанда сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Осы қылмыстық іс бойынша сұралған полиция қызметкері У[...] басшыларының заңсыз бұйрықтарын орындап, Т[...] ешқандай қарсылық көрсетпесе де, жұмыс орнынан қолын қайырып алып кеткендерін, содан соң оған қатысты 2014 жылғы 20 қаңтарда ӘҚБтК-нің 355-бабының 2-бөлігімен заңсыз әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жедел уәкіл Т[...] толтырғанын көрсеткен.

Сонымен қатар, куәлар К[...] пен Н[...] таныстар болған соң ІІБ-не алдап шақырып алғанын, соңғыларды қорқытып, полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен кезде куә болдық деген жалған түсініктемелер жаздырып алғанын, В[...] пен Д[...] те жалған куә екендерін, себебі олардың бұрын сотталғандарын және полиция қызметкерлерінен қорыққандарынан түсініктеме жазып бергендерін көрсеткен.

Аталған мән-жайлар іске тіркелген процессуалдық актілерден анық көрінеді.

Қылмыстық іс бойынша жәбірленуші ретінде сұралған Т[...] полиция қызметкерлеріне ешқандай қарсылық көрсетпегенін, соған қарамастан полиция қызметкерлері жұмыс орнына келіп, қолын қайырып, алып кеткендерін растаған. Дәл осындай түсінікті ол әкімшілік істі қарау кезінде де берген, дегенмен бұл мән-жай соттың назарынан тыс қалған.

Куә ретінде сұралған Х[...] (Салиханова) 2014 жылғы 20 қаңтарда «Алматы-Донер» кафесінде болғанда, полиция қызметкерлеріміз деген екі жігіт кафенің жұмысшыларына дауыс көтеріп сөйлегендерін, содан соң екі жұмысшы мен бір қыз баланы қолдарын қайырып алып кеткендерін, соңғылар полиция қызметкерлеріне ешқандай қарсылық көрсетпегенін, сот отырысына қатысып осы мән-жайларды айтқаны туралы көрсеткен.

Мұндай жағдайда, Т[...] ӘҚБтК-нің 355-бабының 2-бөлігімен әкімшілік жауаптылыққа тарту жөніндегі Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2014 жылғы 3 ақпандағы қаулысы, оны күшінде қалдырған Атырау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2014 жылғы 27 ақпандағы ұйғарымы мерзімінен бұрын қабылданған болып табылады. Осыған байланысты сот актілерінің күші жойылуға және іс бойынша іс жүргізу өндірісі қайта қалпына келтіріліп, Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына өзге құрамда қайта қарауға, Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы ішінара қанағаттандыруға жатады.

Әкімшілік істі қайта қарау барысында бірінші сатыдағы сот жоғарыда аталған барлық мән-жайларға тиісті құқықтық баға бере отырып, заңды шешім қабылдау қажет.

2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болған ӘҚБтК-нің 676-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының және оның орынбасарларының наразылығы бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Алқасы заңды күшіне енген әкімшілік құқық бұзушылық туралы кез келген іс бойынша қаулының, сол сияқты қаулыға шағымды, наразылықты қарау нәтижелері жөніндегі ұйғарымның (қаулының) заңдылығы мен негізділігін тексеруге және қабылданған шешімді қайта қарауға құқылы. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 672, 674, 676-баптарын басшылыққа ала отырып, мамандандырылған сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Т[...] қатысты Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2014 жылғы 3 ақпандағы қаулысының, Атырау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2014 жылғы 27 ақпандағы ұйғарымының күші жойылып, іс бойынша іс жүргізу өндірісі қайта қалпына келтіріліп, Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына өзге құрамда қайта қарау үшін жіберілсін.

Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Т. Баратбеков

Судьялар

М. Балкен

Н. Жолдасбеков

Көшірмесі дұрыс. Судья

Н. Жолдасбеков

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.