6001-24-00-6ап/284(1,2)
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 12 қыркүйек Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Ж.Б.Ермағамбетова., Г.К. Нұрбаев болып талап қоюшы Е.А.Торегалиевтің., жауапкер Ф.А.Алиевтың.,
мүдделі тұлға А.К.Коптилееваның қатысуларымен, өзінің ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот мәжіліс залында,
талап қоюшы Торегалиев Ерлан Амедовичтің жауапкер жеке сот орындаушысы Алиев Фахраддин Ашур оглының атқарушылық іс жүргізу бойынша әрекетсіздігін заңсыз деп тану және бұзылған құқықтарды қалпына келтіруді міндеттеу туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 желтоқсандағы шешімі мен жеке ұйғарымына жауапкердің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Е.А.Торегалиев жоғарыда аталған талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 қазандағы шешімімен талап қоюшының талап арызы қанағаттандырылған.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 қарашадағы ұйғарымымен бірінші саты сотының шешiмі iс жүргiзу құқығының нормаларының сақталмағанына, талап қоюшының талап қоюы іс жүзінде мәнісімен қаралмағанына байланысты күші жойылып, істі бірінші сатыдағы сот қағидалары бойынша мәні бойынша қарау үшін апелляциялық сатыдағы соттың іс жүргізуіне қабылдаған.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 желтоқсандағы шешімімен талап қоюшы Е.А.Торегалиевтің талап арызы ішінара қанағаттандырылған.
Жеке сот орындаушы Ф.А.Алиевтің борышкер Е.А.Торегалиевтің банк шоттарына қойылған тыйымдардан босатпау әрекеттерін заңсыз деп тану және қойылған банк шоттарынан тыйымнан босатуды міндеттеу туралы талабы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Жеке сот орындаушы Ф.А.Алиевтің атқару парағын қайтарып алмау әрекеті заңсыз деп танылған. Жеке сот орындаушы Ф.А.Алиевтің талап қоюшы Е.А.Торегалиевтің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, атқару парағын қайтарып беруді міндеттеу туралы бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Сонымен қатар, сотпен жеке сот орындаушы Ф.А.Алиевтің тарапынан жіберілген заң бұзушылықтары туралы Маңғыстау облысының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының басшысына тиісті шаралар қабылдау үшін жеке ұйғарым қабылданған.
Жауапкер Ф.А.Алиев кассациялық шағымдарында іс бойынша апелляциялық саты сотының шешімі мен жеке ұйғарымымен келіспейтінін, себебі іс бойынша материалдық заң талаптары бұзылғанын, дәлелдемелерге тиісті құқықтық баға берілмегенін көрсете келе, аталған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Істі кассациялық сатыда қарау барысында жауапкер Ф.А.Алиевтен тараптар арасында жасақталған бітімгершілік келісімді бекітуді сұрады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
ӘРПК-нің 120-бабына сәйкес тараптар өзара жол беру негізінде әкімшілік процестің барлық сатысында (кезеңінде) сот шешім шығаруға кеткенге дейін татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы әкімшілік істі толығымен немесе ішінара аяқтай алады.
Жауапкердің әкімшілік қалауы болған кезде тараптардың татуласуына жол беріледі.
ӘРПК-нің 4-бабы 6-тармақшасына сәйкес әкімшілік қалау – әкімшілік органның, лауазымды адамның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мақсаттарда және шектерде заңдылығын бағалау негізінде ықтимал шешімдердің бірін қабылдау өкілеттігі болып табылады.
Сотқа табысталған тараптар арасында жасақталған бітімгершілік келісім (бұдан әрі – бітімгершілік келісім) келесі шарттардан тұрады:
Талап қоюшы Е.А.Торегалиев және мүдделі тұлға А.К.Коптилеева жауапкер Ф.А.Алиевке қатысты қойылған талаптан толық көлемде бас тартады. 2. Жауапкер жеке сот орындаушысы Ф.А.Алиев атқарушылық өндіріс бойынша қабылдаған барлық тыйым салу шараларының күшін жоюға және талап қоюшының осы іс бойынша 250 000 (екі жүз елу мың) теңге шығынын 2024 жылғы 16 қыркүйекке дейін өтеуге келісім береді.
Тараптар осы келісімде көрсетілген шарттар бойынша бір-біріне талаптары жоқ екенін мәлімдейді.
Тараптар осы келісімнің тәртібін, шарттары мен салдарын және осы келісімге қол қоюдың мәні мен мағынасын түсінеді және оған қол қоюдың құқықтық салдарын білетінін растайды. Талап қоюшы Е.А.Торегалиевтің, мүдделі тұлға А.К.Коптилееваның және жауапкер Ф.А. Алиевтің ұсынылған бітімгершілік келісім шарттарын қолдаған пікірлерін тыңдап, әкімшілік іс құжаттарын зерделеп және ұсынылған бітімгершілік келісім шарттарын талқылап, сот алқасы келесідей қорытындыға келеді.
Ұсынылған Бітімгершілік келісімнің талаптары өзінің нысаны мен мазмұны бойынша АПК-нің 176-бабының талаптарына сәйкес келеді және ол заңға қайшы келмейді, сондай-ақ басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайды.
Сот талқылауы барысында тараптар аталған келісімді бекіту ниеттерін растады.
АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 6) тармақшасына сәйкес кассациялық сатыдағы сот бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттардың шешімінің, қаулысының және ұйғарымының күшін толық не бір бөлігінде жояды және татуласу келісімінің бекітілуіне байланысты осы Кодекстің 277-бабында белгіленген негіздер бойынша iс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.
Мұндай жағдайда сот алқасы тараптар арасында жасалған Бітімгершілік келісім бекітілуге, ал іс бойынша қабылданған сот актілерінің күші жойылып, талап арызды қайтарылуға жатады деп есептейді.
Сот алқасы талап қоюшы мен жауапкерге АПК-нің 278-бабы екінші тармағында көзделген бітімгершілік келісімін жасасудың және тараптардың бітімгершілік келісімінің талаптарын тараптардың келісімде көзделген тәртіппен және мерзімде өз еркімен орындауының құқықтық салдарын түсіндірді.
ӘРПК-нің 121-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 6) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 желтоқсандағы шешімі және жеке ұйғарымының күші жойылсын. Тараптар арасында жасалған бітімгершілік келісім бекітілсін.
Талап қоюшы Е.А.Торегалиев және мүдделі тұлға А.К.Коптилеева жауапкер Ф.А.Алиевке қатысты қойылған талаптан толық көлемде бас тартады.
Жауапкер жеке сот орындаушысы Ф.А.Алиев атқарушылық өндіріс бойынша қабылдаған барлық тыйым салу шараларының күшін жоюға және талап қоюшының осы іс бойынша 250 000 (екі жүз елу мың) теңге шығынын 2024 жылғы 16 қыркүйекке дейін өтеуге келісім береді.
Тараптар осы келісімде көрсетілген шарттар бойынша бір-біріне талаптары жоқ екенін мәлімдейді.
Тараптар осы келісімнің тәртібін, шарттары мен салдарын және осы келісімге қол қоюдың мәні мен мағынасын түсінеді және оған қол қоюдың құқықтық салдарын білетінін растайды. Тараптарға іс бойынша іс жүргізу тоқтатылғаннан кейін сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша екінші рет сотқа жүгінуге жол берілмейтіні түсіндірілсін. Торегалиев Ерлан Амедовичтің талап қоюы арызы бітімгершілік келісімнің бекітілуіне байланысты қайтарылсын.
Төрағалық етуші
Дуйсенбаев Г.Б.
Судьялар Ермағамбетова Ж.Б.
Нұрбаев Г.К.
Көшірмесі дұрыс. Судья
Дуйсенбаев Г.Б.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.