КСАД РК - Постановление от 25.02.2026 по делу 6003-25-00-4к/2806 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 25 ақпан №6003-25-00-4к/2806 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев,

судьялар – Г.М. Ыдырысова, Ә.Ж. Назарова, жауапкердің өкілі А.А. Кабденованың қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Науша Абикеновна Кенжегулованың жауапкер «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Комитет) қатысты 2025 жылғы 3 қыркүйектегі №ЖТ-2025-02651926 жауабын заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2025 жылғы 6 қазандағы ұйғарымына, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2025 жылғы 26 қарашадағы ұйғарымына талап қоюшының берген кассациялық шағымы бойынша әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Н.А. Кенжегулова Комитеттің жауабының заңсыздығына сілтеме жасап, көрсетілген әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгінген.

МАӘС-тің 2025 жылғы 6 қазандағы ұйғарымымен талап қою іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпау салдарынан Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасында көзделген негіз бойынша қайтарылған.

ӘІжСА-ның 2025 жылғы 26 қарашадағы ұйғарымымен МАӘС-тің ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылды.

Кассациялық шағымда талап қоюшы сот актілерінің күшін жоюды және істі талап қоюды мәні бойынша қарау үшін жаңадан қарауға жіберуді сұрайды.

Талап қоюшы Астана қаласына шығу мүмкіндігінің болмауын негізге ала отырып, сот отырысына бейнеконференцбайланыс режимінде қосылу туралы өтінішхатпен жүгінген. Алайда аталған өтінішхат қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында тараптардың міндетті түрде жеке қатысуымен қарауға тағайындалған, бұл жөнінде іс жүргізуге қатысушылардың барлығы алдын ала хабардар етілген. Көрсетілген мән-жай кассациялық сатыдағы сотта сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды.

ӘРПК-нің 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтарға соттар жол бермеген.

Іс бойынша анықталған мән-жайлардан көрінгендей, Н.А. Кенжегулова Комитеттің атына Алматы қаласы, Шақшақ Жәнібек көшесі, 39-үй мекенжайында орналасқан, К.А. Асадовқа тиесілі және онда қонақүй құрылысы жүргізіліп жатқан жер учаскесіне қатысты тексеру жүргізу туралы өтінішпен жүгінген. Құрылысқа тиісті рұқсат берген уәкілетті органдардың әрекеттерінің заңдылығын қайта тексеруді сұраған.

Осыған байланысты, Комитет 2025 жылғы 26 маусымда аумақтық бөлімшеге – «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Алматы қаласы бойынша Жер ресурстарын басқару департаменті» РММ-ға (бұдан әрі – Департамент) Н.А. Кенжегулованың өтінішінде баяндалған фактілер бойынша тексеру жүргізу туралы №19-01-11/1195-И тапсырма берген.

Тексеру нәтижелері бойынша Департаментпен «Алматы қаласының Жер қатынастары басқармасы» КММ-ға қатысты 2025 жылғы 31 шілдедегі №488 актісі, «Алматы қаласының Қала құрылысы және урбанистика басқармасы» КММ-ға қатысты 2025 жылғы 31 шілдедегі №489 актісі, «Алматы қаласы әкімінің аппараты» ММ-ға қатысты 2025 жылғы 31 шілдедегі №490 актісі жасалған. Аталған актілермен жер учаскесін беру және оның нысаналы мақсатын өзгерту кезінде заңнама нормаларының бұзылуы анықталмаған.

Комитет 2025 жылғы 3 қыркүйектегі №ЖТ-2025-02651926 дауланып отырған жауабымен Н.А. Кенжегуловаға жүргізілген тексерулердің нәтижелері және заң бұзушылықтардың анықталмағаны туралы хабардар еткен.

Кассациялық шағымның уәждерін талқылап, іс материалдарын зерттей келе, кассациялық сот қабылданған сот актілерінің заңдылығы туралы қорытындыға келеді, өйткені олардың негізіне алынған мән-жайлар талап қоюды қайтару туралы тұжырымдардың дұрыстығын көрсетеді. ӘРПК-нің 102-бабының екінші бөлігіне сай жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, ӘРПК-де көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады.

ӘРПК-нің 4-бабының бірінші бөлігіне сәйкес:

  1. әкімшілік акт – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе айқындалатын тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім;
  2. әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) – әкімшілік органның, лауазымды адамның жария-құқықтық қатынастардағы, әкімшілік акт болып табылмайтын әрекеті (әрекетсіздігі).

Бұл ретте дау нысанасы әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын іске асырудан бас тартатын, оларды шектейтін, тоқтататын не оған белгілі бір міндеттер жүктейтін, сондай-ақ оның құқықтық жағдайын өзге де түрде нашарлататын акті немесе әрекет (әрекетсіздік) болып табылады.

Іс материалдарынан талап қоюшының өтініші Комитетпен қаралғаны, оның ішінде аумақтық Департаментпен тиісті тексеру жүргізу арқылы қаралғаны анықталады. Жүргізілген тексерулер барысында заң бұзушылықтар анықталмаған. Осы мән-жайлар туралы Комитет Н.А. Кенжегуловаға осы іс бойынша дауланып отырған жауаппен хабарлаған.

Қаралып отырған жағдайда дауланып отырған жауап жария-құқықтық қатынастар шеңберінде талап қоюшының құқықтары мен міндеттерін іске асырмайды. Талап қоюшының берген өтініші мен дауланып отырған жауаптың мазмұнынан өтінішті қарау рәсімінің сақталғаны, оларға тиісті жауап берілгені көрінеді, соның нәтижесінде әкімшілік рәсім аяқталған.

Тиісті жауапта жүргізілген іс-шаралар мен анықталған мән-жайлар баяндалған, алайда олар дербес құжаттар ретінде толық көлемде әкімшілік актінің өлшемдері мен ұғымына сәйкес келмейді, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талап қоюшының құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешімдер болып табылмайды.

Мұндай сипаттағы жауаптар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен дербес соттық бақылауға жатпайды, аталған хаттар түсіндірмелік (хабарламалық) сипатқа ие және белгілі бір құқықтық нәтижеге қол жеткізуге бағытталмаған.

Осылайша, даулы құқықтық қатынастарға ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасы ережелерін қолдану және талап қоюды осы негіздер бойынша қайтару дұрыс болып табылады.

АПК-нің 426 және 452-баптарына сәйкес, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін АПК-да көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағымның уәждері мазмұны, мәні және мақсаты жағынан бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда келтірілген уәждерге ұқсас болып табылады. Аталған уәждер соттармен қаралып, оларға тиісті баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген.

Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталған, материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылғандықтан, кассациялық сот шағымданып отырған сот актілерінің күшін жоюға негіздер таппайды.

Осы мән-жайлар бойынша талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 6 қазандағы ұйғарымы, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 қарашадағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Д. Әбдіғалиев

Төрағалық етуші

Судьялар

Г. Ыдырысова

Ә. Назарова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.