№6003-25-00-4к/2718(2)
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 18 наурыз
Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрамында:
– төрағалық етуші судья М.А.Тұганбаев, судьялар – М.С.Манжуева, Г.Б.Дуйсенбаев,
талап қоюшы О.Х.Бейсеновтың қатысуымен
өзінің ашық сот отырысында талап қоюшы Онгарбай Халчабекович Бейсеновтың Қазақстан Республикасы Президентінің іс әрекетіне дау айту туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 13 қазандағы ұйғарымына және Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 қарашадағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
О.Х.Бейсенов жоғарыда көрсетілген талап арызбен сотқа жүгініп, негіздемесінде жауапкер тарапы мемлекеттік жоспарларды жүзеге асыруға мүмкіндік бермегенін көрсеткен.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 13 қазандағы ұйғарымымен О.Х.Бейсеновтың талап арызы әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды деген негізбен қайтарылған.
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 қарашадағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы О.Х.Бейсенов кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін, себебі іс біржақты қаралып, құқықтық заң нормалары дұрыс қолданылмай негіссіз кері қайтарылғанын көрсете келе, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып және істі қайта қарауға жолдауды сұраған.
Жауапкер және мүделі тұлғаның өкілдері кассациялық сот отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Кассациялық сот, талап қоюшы О.Х.Бейсеновтың кассациялық шағым уәждерін қолдаған пікірін тыңдап, іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актілері өзгеріссіз күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.
ӘРПК-нің 3-бабы 3-бөлігіне сәйкес осы Кодексте белгіленген әкімшілік рәсімдердің тәртібі Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық өкілеттігіне және Мемлекет басшысының қызметін қамтамасыз ететін органның қызметіне қолданылмайды.
Қазақстан Республикасының Президенті әкімшілік рәсімге қатысушы санатына жатпайды, себебі, Қазақстан Республикасының Конституциясының 40бабының 1-бөлігіне сәйкес, Қазақстан Республикасының Президенті - мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға. Жоғарыда көрсетілген заң талаптарына сәйкес, Президент мемлекеттің басшысы, ең жоғары лауазымды тұлға, талап қоюшының талап арызы әкімшілік рәсімдеу тәртібімен қаралуға жатпайды.
Төмеңгі саты соттары іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп санайды.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды, сондықтан, кассациялық сот талап қоюшының шағымын қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып,
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 13 қазандағы ұйғарымы және Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 қарашадағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылсын.
Талап қоюшының Онгарбай Халчабекович Бейсеновтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
М.А. Тұганбаев
Төрағалық етуші
Судьялар
М.С. Манжуева
Г.Б. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.