КСАД РК - Постановление от 06.10.2025 по делу 6003-25-00-4к/1971 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 6 қазан 6003-25-00-4к/1971 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – Д.Ә. Әбдіғалиев,

судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов болып,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Күршім ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Бөлім) жауапкер «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы минстрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шығыс Қазақстан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) бұзушылықты жою туралы нұсқаманы заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2025 жылғы 27 қаңтардағы шешіміне, Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2025 жылғы 28 мамырдағы қаулысына жауапкердің берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. МАӘС-тің 2025 жылғы 27 қаңтардағы шешімімен талап қою толығымен қанағаттандырылған.

ӘІжСА-ның 2025 жылғы 28 мамырдағы қаулысымен бірінші саты сотының шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер өзінің апелляциялық шағымында сот актілерімен келіспей, 2018 – 2024 жылдар аралығында жер учаскесін беру кезінде жер заңнамасының талаптарын бұзғандығын алға тарта отырып, қабылданған сот актілерінің күшін жойып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарға қатысқан тұлғалар сот отырысының күні, уақыты және форматы туралы тиісті түрде хабарланғанына қарамастан, сотқа келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімет бермеген.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Төмен тұрған соттардың тараптарынан мұндай бұзушылықтар орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Күршім ауданы әкімінің міндетін атқарушысының 2018 жылы 23 мамырдағы №199 қаулысымен мүдделі тұлға Е.С. Дәуеновке Күршім ауданы Марқакөл ауылынан оңтүстікбатысқа қарай 3,5 шақырымда орналасқан, кадастрлық нөмірі 05-072-049-306 алаңы 225,0 гектар (бұдан әрі – га) жер учаскесі 10 жыл мерзіміне өтеулі жер пайдалану құқығымен шаруа қожалығын, яғни егіндік жүргізу үшін уақытша берілген. Аталған қаулы негізінде 2018 жылғы 24 мамырда мүдделі тұлға мен Бөлім арасында жер учаскесін жалға алу жалдау шарты 2028 жылғы 23 мамырға дейінгі мерзімге жасалған.

Сондай-ақ, аудан әкімімен 2019 жылғы 26 маусымдағы №207 қаулысының негізінде Күршім ауданы Үшбұлақ ауылының солтүстік шығысына қарай 8,5 шақырым қашықтықта орналасқан, кадастрлық нөмірі 05072-044-159, алаңы 645,2 га жер учаскесі мүдделі тұлға А.А.Хамитовке шөп шабу және мал жаю үшін 5 жыл мерзімге өтеусіз пайдалануға берілген. Аталған қаулы негізінде 2019 жылдың 1 шілдесінде мүдделі тұлға мен Бөлім арасында №171 жер учаскесін жалға алу шарты жасалып, 2024 жылы 26 маусымда аяқталған.

Аудан әкімінің 2020 жылғы 3 сәуірдегі №132 қаулысының негізінде мүддел тұлға А.О.Тұрсаевқа Күршім ауданы Марқакөл аулының оңтүстік батысына қарай 2,2 шақырым қашықтықта орналасқан кадастрлық нөмірі № 05-072-049-323 алаңы 19, 7421 га, оның ішінде шаруа қожағылығын жүргізу үшін 15,4 га – егіндік, 4,3421 га – жайылымдық жер 49 жылға уақытша пайдалануға берілген. Аталған қаулы негізінде мүдделі тұлға мен Бөлім арасында жалға алу шарты 2020 жылы 5 сәуірде жасалған.

Марқакөл ауылдық округі әкімінің 2021 жылғы 26 қазандағы №1-141 өкімімен Күршім ауданы Мойылды ауылында орналасқан, кадастрлық нөмірі № 05-072-048-661, жалпы алаңы 0,25 га жер учаскесі өзіндік қосалқы шаруашылық жүргізу үшін мүдделі тұлға Қ.А.Майчинованың жеке меншігіне берілген, алайда уәкілетті орган мен мүдделі тұлға арасында жалға алу шарты жасалмаған.

Сонымен қатар, Аудан әкімінің 2020 жылғы 11 қарашадағы №430 қаулысымен мүдделі тұлға А.А. Бекпаеваға Қарашілік ауылының солтүстік шығысына қарай 6,4 шақырым қашықтықта орналасқан, кадастрлық нөмірі №

05-072-044-158, жалпы алаңы 134,4 га, оның ішінде шөп шабу үшін – 60,1 га және жайылымдық жерлер – 74,4 га шаруа қожалығын жүргізу үшін ұзақ мерзімге 49 жылға уақытша өтеулі пайдалануға берілген. 2020 жылғы 12 қарашада Бөлім мен мүдделі тұлға арасында №41 жалға алу шарты жасалған.

Одан бөлек, аудан әкімінің 2020 жылғы 14 қаңтардағы №5 қаулысымен мүдделі тұлға С.Ч. Набиевке Қарашілік ауылының шығысына қарай 3,5 шақырым қашықтықта орналасқан, кадастрлық нөмірі №05-072-049-075 жалпы алаңы 120,0 га., Қарашілік ауылының шығысына қарай 3,8 шақырым қашықтықта орналасқан кадарстрлық нөмірі №05-072-049-191 жалпы алаңы 372,0 га., сол ауылдың шығысына қарай 3,5 шақырымда орналасқан кадастрлық нөмірі №05-072-049-303 жалпы алаң 74,5 га жайылым үшін жер учаскелері уақытша өтеулі жер пайдалануға берілген. 2020 жылғы 27 қаңтарда Бөлім мен мүдделі тұлға арасында жалға алу шарты жасалған. Сонымен қатар, сол ауылдың шығысына қарай 4,4 шақырым қашықтықта орналасқан кадастрлық нөмірі №05-072-049-338 жер учаскесі шаруа қожалығын жүргізу үшін ұзақ мерзімді уақытша жер пайдалануға берілген. Бөлім мен С.Набиев арасында 2020 жылғы 12 қараша №37 жалға алу шарты жасалған. Әкімнің 2021 жылғы 23 ақпандағы №82 қаулысымен ауылдың шығысына қарай 3,8 шақырымда орналасқан кадастрлық нөмірі №05-072-049346 алаңы 275,4 га, оның ішінде жайылымдар үшін 274,1 га жер учаскесі шаруа қожалығын жүргізу үшін 49 жылға уақытша жер пайдалануға берілген. Аталған қаулы негізінде, 2021 жылғы 25 ақпанда Бөлім мен С.Набиев арасында жер учаскесін жалға алу шарты жасалған.

Әкімнің 2023 жылғы 12 шілдедегі №393 қаулысының негізінде Мойылды ауылының шығысына қарай 12,3 шақырым жерде орналасқан, кадастрлық нөмірі №05-072-049-444 жалпы алаңы 784,1355 га, оның ішінде жайылымдар үшін 732,8528 га және шөп шабу үшін – 33,5111 га, жер учаскесі С.А. Ануарбековке 5 жылға өтеусіз жер пайдалануға берілген. Аталған қаулы негізінде, Бөлім мен мүдделі тұлға арасында 2023 жылғы 14 тамызда №307 жалға алу шарты жасалған.

2018 – 2024 жылдар аралығында Бөліммен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелерін жеке меншікке және уақытша жер пайдалануға беру бөлігінде қабылданған шешімдерінің заңдылығына қатысты Өскемен гарнизонының әскери прокуратурасының (бұдан әрі – Әскери прокуратурасы) 2024 жылғы 2 тамыздағы талабына сәйкес, Департамент 2024 жылдың 20 тамызы мен 5 қыркүйегі аралығында жоспардан тыс тексеру жүргізген.

Тексеріс нәтижелеріне сәйкес Департамент Бөлімнің атына 2024 жылғы 5 қыркүйекте №293/242 актіні жолдап, оған сәйкес мүдделі тұлғалар А.А.Бекпаева, А.А.Хамитов, Қ.А.Майчинова, С.Ч.Набиев, А.О.Тұрсаев, С.А.Ануарбековке, Е.С. Дауеновке жеке меншік және уақытша пайдалануға берілген жер учаскелері Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан

әрі – Жер кодексі) 23-бабының 1-1 тармағының талаптарын бұза отырып берілгені анықталған.

Салдарынан Департаментпен Бөлімге 2025 жылғы 5 қыркүйекте дауланып отырған №293/135 нұсқама жолданып, онда Бөліммен жасалған жалға алу шарттары бір айдың ішінде тоқтату шараларын қабылдау міндеттелген.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыра отырып, шекара белдеуiнiң шегi инженерлік құрылыстар мен бөгеуіштердің шебін жабдықталғанымен тiкелей байланысты екенін, шеп инженерлік құрылыстар мен бөгеуіштермен жабдықталған жағдайда шекаралық белдеудің шегі сол шеппен белгіленіп, екі мың метрден аз болуы мүмкін деген тұжырымға келген. Аталған ұжырыммен апелляциялық сатыдағы сот келіскен. Кассациялық сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, шығарылған сот актілерінің заңдылығына, олардың негізіне алынған мән-жайлардың талап арызды қанағаттандыру туралы қорытындылардың дұрыс деген тұжырымға келеді.

Төмен тұрған соттар талап қоюды қанағаттандыра отырып, даулы 11 жер учаскесі шекаралық белдеуде орналаспағандығын анықтаған.

Бұдан бөлек, төмен тұрған соттар, Жер кодексінің 23-бабының 1-1тармағын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық белдеуі шегінде орналасқан ауыл шаруашылығы алқаптарын халықтың қандай да бір ғимараттар (құрылыстар, құрылысжайлар) тұрғызу құқығынсыз, жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю және шөп шабу үшін пайдалануына жол берілетіндігін ескеріп, кадастрлық нөмірі 05-072-048-661 жер учаскесі Қ.А.Майчиноваға өзіндік қосалқы шаруашылықты жүргізу үшін, кадастрлық нөмірі 05-072-044-159 жер учаскесі А.А.Хамитовке шөп шабу және мал жаю үшін және кадастрлық нөмірі 05-072049-444 жер учаскесі С.А.Ануарбековке малды маусымдық жаю үшін берілген жер учаскесі бойынша бұзушылықтарды анықталмаған.

Жер учаскесін жалдау шарттарының күшін 1 айда жою туралы жедел ден қою шарасы Бөлімнің құзыретіне жатпайды, себебі шарттардың мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмеген жағдайда олар жоюлуға емес, сот іс жүргізу тәртібімен жарамсыз деп танылуға жатады.

Салдарынан, төмен тұрған соттардың Департамент тарапынан сотқа шарттарды жарамсыз деп тану талап қоюлармен жүгіну туралы жедел ден қою шарасын нұсқамада көрсетуге құқылы еді. Алайда жергілікті атқару орган даулы жер учаскелерін бергенде жер заңнамасының талаптарын бұзбағандықтан,аталған талап қоюлармен сотқа жүгінуге заңды негіз жоқ деген тұжырым іс материалдарына сәйкес келеді.

Тиісінше, бірінші және апелляциялық саты соттарының тұжырымдары дұрыс болып табылады, кассациялық сот бұл тұжырымдарымен келіседі.

АПК-нің 426 және 452-баптарына сәйкес, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу

бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін АПК-да көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағымның уәждері мазмұны, мәні және мақсаты жағынан бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда келтірілген уәждерге ұқсас болып табылады. Аталған уәждер төмен тұрған сатыдағы соттарда қаралып, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген.

Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталып, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына немесе дұрыс қолданылмауына жол берілмегендіктен, кассациялық сот сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды.

Жоғарыда аталғанның негізінде, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға, ал жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 27 қаңтардағы шешімі, Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Д. Әбдіғалиев

Төрағалық етуші

Судьялар

Г. Ыдырысова

М. Қасымов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.