ВС РК - Постановление от 14.05.2025 по делу 6001-25-00-6ап/227 (Административное)

№6001-25-00-6ап/227

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 14 мамыр Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып,

Қазақстан Республикасы Бас Прокуратураның прокуроры

Н.А.Молдахановтың,

жауапкерлердің өкілдері Б.Б.Орынбековтың, А.А.Кулмагамбетованың,

мүдделі тұлға «Беркенова Инжу» жеке кәсіпкерінің (бұдан әрі – ЖК «Беркенова») өкілі Б.К.Сералиевтың қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Нурмаханова Н» атауымен әрекет етуші жеке кәсіпкер Нурсулу Китабалаевна Нурмаханованың (бұдан әріЖК «Нурмаханова» жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі-Департамент), «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі-Басқарма) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың, конкурс қорытындылары туралы хаттамалардың күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 қазандағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 қарашадағы қаулысына мүдделі тұлға «Беркенова» ЖК-нің өкілі Б.К.Сералиевтың келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

ЖК «Нурмаханова» жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Департаменттің 2024 жылғы 19, 31 шілдедегі №431010000-КпОПО-32301207, №431010000-КпОПО-31-302745 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламалары заңсыз деп танылып, күші жойылған;

Басқарманың 2024 жылғы 27 маусымдағы, 24 шілдедегі №12467024ОК1, 2024 жылғы 10 шілдедегі, 26 тамыздағы №12491620-ОК1 қорытындылар туралы хаттамалары заңсыз деп танылып, күші жойылған; «Қызылорда облысының білім басқармасының Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің «М.Шоқай атындағы №187 ақпараттық технология мектеп-лицейі (IT-мектеп-лицей)» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - №187 мектеп-лицей) мен «Досаханова Самал» жеке кәсіпкері (бұдан әрі – ЖК «Досаханова») арасында жасалған 2024 жылғы 9 тамыздағы №102 қызмет көрсету туралы шарты жарамсыз деп танылған;

«Қызылорда облысының білім басқармасының Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің «Нағи Ильясов атындағы №9 мектеп- гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - №9 мектеп- гимназия) мен Беркенова ЖК-і арасында жасалған 2024 жылғы 11 қыркүйектегі №43 қызмет көрсету туралы шарты жарамсыз деп танылған.

Осы соттың 2024 жылғы 17 қазандағы жеке ұйғарымымен әкімшілік істі қарау барысында Басқармамен жіберілген заң бұзушылықтары жөнінде Қызылорда облысы әкімінің назары аударылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Осы соттың 2024 жылғы 27 қарашадағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы жеке ұйғарымы өзгеріссіз қалыдырылған.

Арызданушы кассациялық шағымда жергілікті соттардың іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, бірінші сатыдағы сот шешімі мен апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сәйкес, тиісті түрде хабарланған тараптардың сотқа келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы кассациялық шағымдар бойынша іс құжаттарын зерттеп, тараптардың пікірлерін, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.

Соттармен анықталғандай, Басқарма №9 мектеп-гимназияның, №187 мектеп-лицейдің тапсырысы бойынша балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметін сатып алуға конкурс ұйымдастырған.

№9 мектеп-гимназия бойынша конкурсқа қатысуға ЖК «Нурмаханова», «GOLD STEEL» ЖШС , ЖК «Ниязова», ЖК «Беркенова» өтінімдерін тапсырып, олардың барлығы да конкурсқа жіберілген.

2024 жылғы 10 шілдедегі конкурс қорытындылары туралы хаттамаға сәйкес жеңімпаз болып 20 балмен ЖК «Беркенова» танылған.

Конкурс нәтижесімен келіспеген әлеуетті өнім берушілер Департаментке шағымданып, Департамент тарапынан камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 2024 жылғы 31 шілдедегі №431010000-КпОПО-31-302745 хабарлама берілген. Хабарламаның негізінде конкурс нәтижелері қайта қаралып, 2024 жылғы 26 тамызда қорытындылар туралы хаттамаға сәйкес ЖК «Беркенова» жеңімпаз деп танылған. ЖК «Нурмахановаға» конкурсқа қатысуға рұқсат берілмеген.

2024 жылы 11 қыркүйекте №9 мектеп-гимназия мен ЖК «Беркенова» арасында қызмет көрсету туралы шарт жасалған.

№187 мектеп-лицейі бойынша конкурсқа «Өрлеу-сапа» өндірістік бірлестігі» ЖШС, ЖК «Нурмаханова», ЖК «Досаханова» өтінімдер тапсырып, олардың барлығы да конкурсқа жіберілген.

2024 жылғы 27 маусымдағы конкурс қорытындылары туралы хаттамаға сәйкес жеңімпаз болып 18 балмен ЖК «Досаханова» танылған.

Конкурс нәтижесімен келіспеген әлеуетті өнім берушілер Департаментке шағымданып, Департамент тарапынан камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 2024 жылғы 19 шілдедегі №431010000-КпОПО-32-301207 хабарлама берілген. Хабарламаның негізінде конкурс нәтижелері қайта қаралып, 2024 жылғы 24 шілдеде қорытындылар туралы хаттамаға сәйкес ЖК «Досаханова» жеңімпаз деп танылған.

2024 жылы 4 тамызда №187 мектеп-лицейі мен ЖК «Досаханова» арасында қызмет көрсету туралы шарт жасалған.

Талап қоюшы сотқа жүгініп, әлеуетті өнім берушілермен ұсынылған диетолог маманның дипломы біліктілік талабына сәйкес келмейтіні, 20212022 жылдарға ұсынылған электронды шот фактуралар өнделгені жөнінде уәждер келтірген.

Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда аталған конкурсқа қатысқан әлеуетті өнім берушілердің барлығы да біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деген қорытындыға келген. Сот актілеріне ЖК «Досаханова» кассациялық шағымын қайтарып алуына байланысты, іс АПК-нің 449-бабына сай ЖК «Беркенова» шағымы шегінде қаралады.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларының» (бұдан әрі – Қағида 20-тармағының 4-тармақшасына сәйкес конкурсты ұйымдастырушы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Өнім берушіні таңдау жөніндегі үлгілік конкурстық құжаттамаға (бұдан әрі – Үлгілік конкурстық құжаттама) сәйкес конкурстық құжаттаманы әзірлейді және бекітеді, ол мыналарды қамтиды:

төмендегі есеппен бар екендігін растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, үлгілік конкурстық құжаттамаға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуетті өнім берушінің біліктілігі туралы мәліметтер:

150-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 1 аспаз, 1 ас үй жұмысшысы;

151-ден 350-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 1 аспаз, 2 ас үй жұмысшысы;

351-ден 650-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 1 аспаз, 3 ас үй жұмысшысы;

651-ден 1300-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 2 аспаз, 4 ас үй жұмысшысы;

1301-ден 2500-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 3 аспаз, 5 ас үй жұмысшысы;

2501 және одан да көп білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 4 аспаз, 7 ас үй жұмысшысының болуы туралы растайтын құжаттардың көшірмелерін тапсыруы тиіс.

Бұл нормаға сай конкурсқа қатысушыларға жоғарыдағы есеппен аспаз бен ас үй жұмысшыларының ғана міндетті болуы талап етіледі. Қағиданың үлгілік конкурстық құжаттамасының 7-қосымшасында диетолог немесе диеталық бикенің, технолог немесе техник – технолог болған жағдайда тиісті балл қойылады. Болмаған жағдайда балл қойылмайды.

№9 мектеп-гимназия бойынша.

Қағиданың 20-тармағына сәйкес №9 мектеп-гимназия бойынша 3 аспазшы мен 5 ас үй жұмысшысы қажет болған. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 23-бабының 27) тармақшасына сай жұмыс беруші еңбек шартын жасасу және тоқтату, оған енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпаратты еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (бұдан әрі -ЕШЕБЖ) енгізіп отыруға міндетті.

ЕШЕБЖ-ден мәліметтер еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган арқылы электрондық немесе қағаз түрінде сұрау салу негізінде беріледі. Конкурстық комиссиямен әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерінде қамтылған мәліметтерді, оның ішінде еңбек ресурстарына қатысты мәліметтерді нақтылау мақсатында ақпарат алуға мүмкіндігі болғанымен бұл мәліметтерді тиісті түрде тексермеген.

Сондай-ақ ЕК-нің 35-бабында жұмыскердің еңбек қызметін растайтын құжаттар тізбесінің қатарында аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (бұдан әрі - БЖЗҚ) үзінді көшірме де көрсетілген.

Соттармен анықталғандай, «Беркенова» ЖК-нің диетологы Г.Шокатаеваға зейнетақы жарналары 2024 жылғы ақпан-тамыз аралығында «Қызылорда орталығы» КММ-нен, ас үй жұмысшылары Л.Қожекеноваға 2024 жылғы қаңтар-тамыз айларында «Санаториялық балабақша» КММ-нен, С.Утепбергеноваға 2024 жылғы қаңтар айынан мамыр айына дейін мүлдем аударымдар жасалмаған, ал 2024 жылғы мамыр-тамыз айларында «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-і мен «Қызылорда орталығы» КММ-нен аударымдар жасалған. Сол секілді ас үй жұмысшысы К.Сагындыковаға зейнетақы жарналары 2024 жылғы қаңтар-шілде аралығында мүлдем түспеген болса, тамыз айында «Жайшылық» ЖШС-нен аударымдар үш мәрте жасалған. Ал аталған ЖК-дің технологы А.Нуртиякова мен ас үй жұмысшысы К.Арыспаеваға мүлдем зейнетақы төлемдері жасалмаған.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы №ҚР ДСМ-303/2020 бұйрығымен бекітілген Денсаулық сақтау саласындағы мамандарға қосымша және формальды емес білім беру қағидалары және қосымша және формальды емес білім беру арқылы алынған оқыту нәтижелерін тану қағидаларының (бұдан әрі - №ҚР ДСМ-303/2020 Қағида) 2-тармағында біліктілікті арттыру - бұрын алған кәсіптік білімдерін, іскерліктері мен дағдыларын қолдауға, кеңейтуге, тереңдетуге және жетілдіруге, сондай-ақ негізгі мамандық ішінде жаңа (қосымша) құзыреттерді игеруге мүмкіндік беретін қосымша білім беру нысаны деп көрсетілген. №ҚР ДСМ-303/2020 Қағиданың 2-қосымшасына сәйкес біліктілікті арттырудың білім беру бағдарламаларының деңгейлері базалық, орта, жоғары, мамандандырылған болып бөлінеді.

Соттарда «Беркенова» ЖК-нің ұсынған құжаттары бойынша диетолог ретінде көрсетілген Г.Шокатаева 1985 жылы Қызылорда медициналық училищесін «медициналық сестра» мамандығы бойынша бітіргені анықталған. 2021 жылғы 22 ақпаны мен 6 наурызы аралығында «Asu.kz» Қызылорда оқу орталығы» ЖШС-де біліктілігін арттырғаны жөнінде №231 куәлігін, 2022 жылғы №00000000034 сертификатын ұсынған. Алайда бұл құжаттар аккредиттелмеген мекемелермен берілген, яғни Денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексінің 221-бабының 6-тармағына сәйкес келмейді.

Бұл мән-жайлар ЖК «Беркенова» еңбек ресурстарына толық көлемде ие емес екендігін көрсетеді.

Соттардың келтірген басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне апелляциялық саты сотымен тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 қазандағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлға «Беркенова» ЖК-нің өкілі Б.К.Сералиевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.