№6001-24-00-6ап/2632
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 17 қаңтар Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Кайрат Абенович Тогизбаевтың жауапкер «Жамбыл облысының Полиция департаменті Тараз қаласының Полиция басқармасы» мемлекеттік мекемесінің әрекетін, әкімшілік актілерін заңсыз деп тану, қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы өтініштің қаралу нәтижесі мен жинақталған құжаттардың көшірмелерін танысуға беруді мәжбүрлеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 13 маусымдағы ұйғарымы мен Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 шілдедегі ұйғарымына талап қоюшының өкілі Т.А.Ибайдилдаевтың келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
К.А.Тогизбаев жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 13 маусымдағы ұйғарымымен талап қою кері қайтарылған.
Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 шілдедегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында өтетіні туралы уақытылы хабарланған тараптардың сот отырысына техникалық байланыс арқылы қатысуға рұқсат беру туралы өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылады.
Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Іс материалдарынан анықталғандай, талап қоюшы интернет-алаяқтарға қатысты қылмыстық жауаптылыққа тарту жөнінде Тараз қалалық Полиция басқармасына арыз берген.
Кейін К.А. Тогизбаевтың арызының қаралу нәтижесі туралы ақпарат алу үшін оның өкілі Полиция басқармасына 2024 жылы 16 сәуірде адвокаттық сауал жолдаған.
Жауапкердің 2024 жылғы 2 мамырдағы жауабында талап қоюшының арызы Тергеу бөлімімен қаралып, түпкілікті толық шешім шыққан кезде қосымша хабарлайтындығы көрсетілген.
Жауап нақты, толық болмағандықтан 2024 жылғы 6 мамырында талап қоюшымен шағым берілген.
Бұл шағымға жауапкер алғашқы берген жауабын толығымен қайталап, бір мәтінді жауап берген.
Жергілікті соттар, талап қоюды кері қайтарып, жауап жария-құқықтық қатынастардағы әкімшілік акті болып табылмайды және талап қоюшының жария құқықтары мен міндеттерін іске асыруға бағытталмайды, талап қоюдың мәні мен нысанасы қылмыстық іс қозғауға қатысты тергеушінің берген жауаптарынан туындаған дау болып табылады деп дұрыс көрсеткен.
Соттардың бұл тұжырымы заңды болып табылады.
Талап қоюдың мән-жайы бойынша дау қылмыстық-процестік заңнамасы аясында ҚПК-нің 105, 106-баптарының тәртібімен прокурорға немесе сотқа шағым берумен қаралуға жатады деп дұрыс түсіндірілген.
ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасына сай, сот, іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады. Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 13 маусымдағы ұйғарымы мен Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 шілдедегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының өкілі Т.А.Ибайдилдаевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.