ҚАУЛЫ №6000-25-00- 4к/1972
04 желтоқсан 2025 жыл Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев,
судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,
ашық сот отырысында Рафаэль Бактыгереевич Абилхановтың (әрі қарай -талап қоюшы, борышкер) Атырау облысының жеке сот орындаушысы Гулманат Ажихановна Ишанованың (әрі қарай- жауапкер, ЖСО), Гүлжанат Ғалимжанқызы Ешекенованың қатысуымен (әрі қарай – мүдделі тұлға, өндіріп алушы), жауапкердің әрекеттерін заңсыз деп танып, заңсыз өндірілген ақшаны кері қайтаруға міндеттеу туралы талап қоюы негізінде қозғалған әкімшілік ісін,
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 21 сәуірдегі шешіміне, Атырау облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 маусымдағы қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымы бойынша қарап, төмендегені АНЫҚТАДЫ :
Талап қоюшы сотқа талап арыз түсіріп, онда жауапкерге қатысты жоғарыдағы талаппен жүгінген. Оның пікірінше, өндіріп алушының пайдасына ақша сомасын өндіру нотариалды түрде орындалған, алайда бұл мән-жайды жауапкер заңсыз қабылдамай, берешек соманы өзінен қайтара өндіріп отыр. Аталған жағдай, жауапкердің бұл әрекеттерін сот арқылы заңсыз деп танып, оны заңсыз өндірілген соманы қайтаруға міндеттеуге негіз болады. Бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 21 сәуірдегі шешімімен, әрі оны өзгеріссіз қалдырған екінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 10 маусымдағы қаулысымен, аталған талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған. Осы шығарылған сот актілерімен келіспеген талап қоюшы кассациялық шағым беріп, төменгі сатыдағы соттардың шешімдерімен келіспейтіндігін, олардың мұның ұсынған нотариалдық тәртіппен расталған жазбаша дәлелдемесіне назар аудармағандарын баяндай келе, өзіне қорғаушы көмегін беруді, әрі сот мәжілісін қашықтықтан өткізуді сұраған.
Іс бойынша тағайындалған кассациялық соттың отырысына тараптар - талап қоюшы мен жауапкер келмеді, оның ішінде жауапкер істі кейінге шегеруді сұрамады. Мұндай жағдайда, сот отырысын тараптардың тікелей қатысуымен кассациялық соттың ғимаратында өткізу туралы шешім алғашқыда қабылданғандығын, сондықтан қазіргі кезде оны қашықтықта өткізуге мүмкіндіктің жоқтығын ескеріп кассациялық сот істі олардың қатысуынсыз қарауға негіз бар деп санайды және бұл тұжырым Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (әрі қарай – ӘРПК) 115-бабы бірінші бөлігіне қайшы келмейді.
Тараптар арасында туындаған даудың мән-жайын зерттеп, іс құжаттары мен шағымның уәждерін бағалап, кассациялық сот төмендегі тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі бойынша, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Мұндай мән-жайлар осы істі кассациялық тәртіппен қарау барысында анықталмады.
ӘРПК 5 бабының 2 бөлігінен туындайтыны, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Қазіргі таңда төменгі соттардың тарапынан қалпына келтірілуге жататын, талап қоюшының бұрын бұзылған құқықтары, бостандықтары немесе заңды мүдделері жоқ.
Тараптар арасында туындаған дауды сотта қарау барысында анықталғаны, талап қоюшы, борышкер (Р.Б.Абилхановтан) мүдделі тұлға, өндіріп алушы (Г.Ғ.Ешекенованың) пайдасына 238 000 теңге мүліктік залал өндіру туралы заңды күшіне енген Атырау қаласы №2 сотының 2024 жылғы 19 қарашадағы үкімінің негізінде 2025 жылғы 20 қаңтарда соттың атқару парағы шығарылып, сол жылдың 19 ақпанында жауапкер, ЖСО-ның қаулысымен №165/25-23-163 атқарушылық өндірісі қозғалған (әрі қарай - атқарушылық өндіріс). Осы атқарушылық өндірісінің шеңберінде сот актісін орындауды қамтамасыз ету мақсатында, жауапкер, ЖСО-ның тарапынан, талап қоюшы, борышкерге қатысты бірнеше қаулылар қабылданып, қажетті әрекеттер жүргізілген. Оның ішінде, инкассалық өкім негізінде, 2025 жылғы 25 ақпанда борышкердің «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамындағы есепшотынан 238 000 теңге ұсталынып, бұл сома осы жылғы 28 ақпанда өндіріп алушыға аударылған және жауапкер, ЖСО-ның сол күнмен шығарған қаулысымен атқарушылық өндіріс, орындалуына байланысты тоқтатылған.
Алайда, талап қоюшы, борышкер өз тарапынан жауапкер, ЖСО-ның атына арыз жолдап, онда өндіріп алушыға ақшаны бөлек төлегенін, ол туралы нотариалды құжаты бар екенін көрсетіп, өндірілген ақшалай қаражатты қайтаруды сұраған.
Осы арызға жауап жолдаған жауапкер, ЖСО, өндіріліген соманы борышкерге қайтаруға негіз жоқ екенін хабарлаған.
Жауапкердің осы әрекетінің заңдылығын даулап, талап қоюшы сотқа жүгінген.
Бұл талапты жан-жақты қараған төменгі соттар «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (әрі қарай - Заң) кейбір нормаларын дұрыс басшылыққа алған. Атап айтқанда, Заңның 126-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, сот орындаушысы сот актілерін, оның ішінде талап арызды қамтамасыз ету және бітімгершілік келісімін бекіту жөнiндегi сот ұйғарымдарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда өзге де органдардың актілерін мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шаралар қолдануға міндетті.
Жауапкер, ЖСО өз тарапынан осы заң нормасының шеңберінде әрекет жасаған, яғни талап қоюшыдан мүдделі тұлғаның пайдасына 238 000 теңге ақшалай берешекті өндіру туралы сот үкімімінің бөлігін орындауды қамтамасыз еткен. Бұл орайда борышкердің Банктегі универсалды (депозитке арналған) есеп-шотындағы қаржының мөлшері анықталып, оның ішінен қажетті сома өндіріп алушының есеп-шотына аударылған.
Аталған әрекеттер заң талаптарына қайшы келмейді.
Ал, талап қоюшының қажетті қарыз қаржының өндіріп алушының пайдасына нотариалды куәландыру арызы арқылы өзара келісімен өтелгені туралы уәжі сотта өз дәлелін таппаған.
Істен байқалатыны, 2024 жылғы 06 ақпанда №654 нотариус Н.Т.Күзембаев куәландырған, Г.Ғ.Ешекенованың атынан Атырау қаласы №2 сотының атына берілген арызы бар. Осы арыздың мазмұнынан туындайтыны, Г.Ғ.Ешекенова жәбірленуші ретінде, тағайындалған жазаны өтеуден кінәлі Р.Б.Абилхановты шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өзінің өтінішхатын қанағаттандыруға еш қарсы емес, әрі оны кешіреді, қояр талапарыздары жоқ.
Алайда, аталған арызда Р.Б.Абилхановтың тарапынан 238 000 теңгенің төленгендігі, сөйтіп сот үкімінде көрсетілген ақшалай қарыздың өтелгендігі туралы ақпарат жоқ.
Оның үстіне, мүдделі тұлға (Г.Ғ.Ешекенова) талап қоюшының бұл уәждерін қолдамай, жоғарыдағы нотариалды арыздың мазмұны басқа жағдай туралы екендігін, талап қоюшы (Р.Б.Абилханов) өзіне 238 000 теңгені тікелей, әрі нақты бермегенін көрсетті.
Мұндай жағдайда талап қоюшы сұрағандай, жауапкердің әрекеттерін заңсыз деп танып, оны сот орындаушы ретінде нақты бір әрекеттерге мәжбірлеуге еш дәлел анықталмаған.
Жалпы дауды жан-жақты зерттеп, дұрыс шеше білген төменгі сатыдағы соттар заң шеңберінде әрекет етіп, қолданылуға тиісті талаптарды сақтаған. Сонымен қатар талап қоюшы тарапының ұсынған уәждеріне лайықты құқықтық баға бере білген. Ол туралы қабылданған сот актілерінде жан-жақты баяндалған, сондықтан қайтара қайталап көрсетудің қажеттілігі жоқ.
Қазіргі кезде іс бойынша қабылданған сот актілерін бұзуға немесе өзгертуге ешбір негіз жоқ, кассациялық шағымның уәждері оған себеп бола алмайды, олар төменгі соттардың тарапынан тиісті бағасын алған.
Кассациялық шағым иесінің өзіне қорғаушының көмегін сұрауы негізсіз, себебі ол бюджет қаражаты есебінен тегін заң көмегіне мұқтаж, яғни АПК-нің 112-бабының бірінші бөлігімен көзделген адамдардың қатарына жатпайды, сондықтан оған аталған заң көмегі көрсетілуге тиіс емес.
Қандай да бір жаңа, әрі заңды уәждер кассациялық шағым иесінен кассациялық сотқа қазіргі кезде ұсынылмады.
Осы себептерді ескеріп, кассациялық сот іс бойынша шығарылған сот актілерін өзгеріссіз, ал талап қоюшының кассациялық шағымын қанағаттандырусыз қалдыру қажет деп табады. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша шығарылған Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 21 сәуірдегі шешімі, Атырау облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 маусымдағы қаулысы – күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы - қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е.М. Нұралиев
Судьялар
Л.С. Кудекова
Ш.С. Манжуева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.