ҚАУЛЫ
2025 жылғы 19 қараша №6003-25-00-4к/2286 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші М.А.Туғанбаев,
судьялар – Л.Е. Каирбаева, М.А.Манабаева,
жауапкердің өкілі С.Б.Жаймағамбетовтың қатысуымен
ашық сот отырысында талап қоюшы Сансызбай Рахымович Уалиевтің жауапкер «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Атырау облысының төтенше жағдайлар департаменті» (бұдан әрі - Департамент) 2024 жылғы 28 қарашадағы тергеп тексеру актісінің 6,1-бөлігіне тараптардың сабақтас жауаптылығын қолданып жұмыскер кінәсі 10 пайыз, жұмыс беруші кінәсі 90 пайыз деп өзгерістерді енгізуді міндеттеу туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 13 ақпандағы шешіміне, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы 2025 жылғы 17 маусымдағы қаулысына мүдделі тұлғаның кассациялық шағымымен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы Сансызбай Рахымович Уалиев Департаментке 2024 жылғы 28 қарашадағы тергеп тексеру актісінің 6,1-бөлігіне тараптардың сабақтас жауаптылығын қолданып жұмыскер кінәсі 10 пайыз, жұмыс беруші кінәсі 90 пайыз деп өзгерістерді енгізуді міндеттеу туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 13 ақпандағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы 2025 жылғы 17 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Мүдделі тұлға «Металл Продукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі –ЖШС, Серіктестік) өкілі кассациялық шағымында жергілікті соттар істің мән-жайларына дұрыс баға бермегенін, істі біржақты қарағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды және істі қайта қарап, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған. Әкімшілік іске тараптардың келмеуі оған тиісінше хабарланған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Кассациялық сот мүдделі тұлғаның кассациялық шағымындағы дәлелдерін талқылап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Кассациялық сот жергілікті соттардың тұжырымдарын іс материалдарына мен құқық нормаларына негізделіп, заңды қабылданған деп санайды.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 23бабының 2-тармағының 1) және 9) тармақшаларына сәйкес жұмыс беруші Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, келісімдердің, ұжымдық, еңбек шарттарының, өзі шығарған актілердің талаптарын сақтауға; жұмыскерлерге Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына, еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге міндетті.
Соттар 2024 жылғы 8 қаңтарда жазатайым оқиға орын алып, «Металл Продукт» ЖШС-нің цехындағы №3 индукциялық пештің ақаулығы салдарынан жарылыс болып, балқытылған металл төгілген, осының нәтижесінде болат балқытушы (сталевар) болып жұмыс істеген Е.Р. Уалиев ауыр күйік алып, 2024 жылғы 17 қаңтарда ауруханада қайтыс болғаны анықтаған. Бастапқыда, аталған жазатайым оқиғаны 2024 жылғы 14 сәуірдегі Арнайы тергеп-тексеру актісінде жауапкер құрған комиссия жұмыс берушінің кінәсін 100%, ал қызметкердің кінәсін 0% мөлшерінде анықтаған.
Кейіннен, бірнеше рет сот талқылауы өткізілген соң 2024 жылғы 28 қарашада арнайы тергеп-тексеру актісі жаңадан қабылданған, мұнда тараптардың сабақтас жауаптылығын қолданып, жұмыс берушінің кінәсі 50%, ал қызметкердің кінәсі 50% мөлшерінде анықталған.
Талап қоюшы комиссияның қорытындыларымен келіспей, осы талап қоюмен сотқа жүгінген. Талап қоюшының пікірінше, комиссия тараптардың сабақтас жауаптылығын дұрыс анықтаған, бірақ жұмыс берушінің кінәсі 90%, ал қызметкердің кінәсі 10% болуы тиіс деп есептейді.
Соттар талап қоюшының уәждерін төмендегі негіздер бойынша назарға алғаны дұрыс.
Кодекс-нің 190-бабының 2-тармағына сәйкес егер еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру кезінде комиссия өрескел абайсыздық зиянның туындауына немесе оның ұлғаюына себеп болғандығын анықтаса, онда комиссия тараптардың сабақтас жауаптылығын қолданады және жұмыскер мен жұмыс беруші кінәсінің дәрежесін пайызбен айқындайды.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің «Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп- тексеру материалдарын ресімдеу бойынша нысандарды бекіту туралы» 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 105 бұйрығының (бұдан әрі – ДСжӘДМ-нің № 1055 Бұйрығы) 17-тармағында көзделгендей, егер зардап шегушінің өзінің өрескел абайсыздығы оның денсаулығына келетін зиянның пайда болуына немесе артуына әсер етсе, бұл жағдайда жұмыс беруші мен зардап шеккен қызметкер кінәсінің дәрежесін осы жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру комиссиясы пайызбен айқындайды.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырған кезде Кодекстің 190бабының 2-тармағының, ДСжӘДМ № 1055 Бұйрығының 17-тармағының ережелерін қолданып, сабақтас кінә қағидатын негізге ала отырып, жұмыс берушінің кінәсінің дәрежесін 90% мөлшерінде анықтаған.
Кассациялық шағымдағы жұмыс берушінің кінәсі бірдей дәрежеде болуына қатысты уәждерді бірінші сатыдағы және апелляциялық сатыдағы соттар зерттеп, оған тиісті құқықтық баға берген.
Кодекстің 182-бабының 2-тармағына сәйкес жұмыс беруші: 1) кәсіптік тәуекелге бағалау жүргізуге және профилактика жүргізу, өндірістік жабдықтар мен технологиялық процестерді неғұрлым қауіпсіз түрлеріне ауыстыру арқылы оны барынша азайту және болғызбау жөнінде шаралар қолдануға; 2) жұмыскерлерге еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды, оларға нұсқау беруді және білімдерін тексеруді өткізуге, сондай-ақ меншікті қаражаты есебінен өндірістік процесс пен жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі құжаттармен қамтамасыз етуге міндетті.
Соттар нақты анықтағандай, қаптаманың ақауларының салдарынан пеш күмбезінің опырылуы апаттың орын алуына себеп болған.
Жұмыс беруші өз кезегінде, еңбекті қорғау бойынша тиісті ішкі бақылауды қамтамасыз етпей, заңнаманың талаптарын орындамаған және ұйымдастырушылық бұзушылықтарға жол берген.
Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жұмыс берушінің тікелей міндеті болып табылады, бұл ретте, технологияның сақталуын, жабдықтың техникалық жай-күйін және технологиялық процестердің қауіпсіздігін қадағалау жұмыс берушінің жауапкершілігіне жатады.
Қаптаманың жай-күйіне, оны кептіру және күйдіру процесіне, сондай-ақ қызметкерлердің іс-әрекеттеріне тиісті бақылау жасамау апаттық жағдай туындауына әкеп соқтырған.
Сонымен бірге, өндірістік процестің қанағаттанарлықсыз деңгейде ұйымдастырылуы және жұмыс беруші тарапынан қадағалаудың жеткіліксіздігі апаттың негізгі себебі ретінде жұмыс берушінің кінәсінің дәрежесін 90% мөлшерінде анықтауға негіз болған. Кассациялық сатыдағы сот кассациялық шағымдағы технологиялық процесті қызметкердің өзі бұзғаны туралы уәждерін назарға алмайды, өйткені жұмыс беруші қаптаманың жай-күйін бақылау процесін тиісті түрде ұйымдастырмаған, апаттың орын алуына нақты қызметкердің іс-әрекеттері емес, дәл осы технологиялық процестің дұрыс ұйымдастырылмауы басты себеп болған.
Жалпы алғанда, Серіктестіктің кассациялық шағымындағы уәждер дәлелдемелерді қайта бағалауға бағытталған, бұл АПК-нің 438-бабына сәйкес кассациялық сатыдағы соттың өкілеттігіне кірмейді. Мұндай жағдайда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 13 ақпандағы шешімі, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы 2025 жылғы 17 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға «Металл Продукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші М. Туғанбаев
Судьялар Л. Каирбаева
М. Манабаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.