ВС РК - Постановление от 25.04.2025 по делу 6001-25-00-6кп/6 (Об административном правонарушении)

6кп-6-25

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 25 сәуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші - судья Е. Мәукен, судьялар Н.К. Құрманғалиев, Г.Ғ. Исамберлиева, Қазақстан Республикасының Бас прокурорының аға көмекшісі А. Төремұратұлының, «Қызылорда қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі – Г.Ш. Бимурзаеваның,

«Белгілі тұрғылықты жері жоқ адамдардың уақытша болуына арналған бейімдеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - «Мекеме») өкілдері - Ж.Б. Анесовтің, А.С. Науанбаеваның қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында кассациялық тәртіппен аудио-бейне жазба құралдарын қолданып, ашық сот отырысында Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2024 жылғы 6 тамыздағы және Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 9 қыркүйектегі қаулыларын қайта қарау туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен

«Белгілі тұрғылықты жері жоқ адамдардың уақытша болуына арналған бейімдеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 425-бабының бірінші бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Қызылорда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының 2024 жылғы 12 маусымдағы қаулысымен Мекемеге ӘҚБтКнің 425-бабының бірінші бөлігімен 849 160 теңгеге айыппұл салынған. Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2024 жылғы 6 тамыздағы қаулысымен Мекемеге қатысты айыппұл салу қаулысы өзгертіліп, айыппұл мөлшері 30 пайызға қысқартылып, 594 212 теңгеге төмендетілген.

Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 9 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актілерін қайта қарауды көрсетілген.

Ұсынудың қанағаттандырылуына қарсылық білдірген уәкілетті органның өкілінің, ұсыну дәлелдерін қолдаған мекеменің өкілдерінің түсініктемелерін, ұсыну қанағаттандыруға жатады деген прокурордың қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы келесі тұжырымға келді.

ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға: қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын; қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын; қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай негіздер бар. Іс материалдарына сәйкес Қызылорда қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен 2024 жылғы 3-5 маусым аралығында Мекемеге тексеріс жүргізілген.

2024 жылғы 5 маусымдағы бұзушылықты жою туралы № 16 нұсқамаға сәйкес анықталған бұзушылықтарды жою үшін Мекемеге 2024 жылғы 5 шілдеге дейін мерзім берілген.

Уәкілетті орган Мекемені әкімшілік жауапқа тартып, оған қатысты 2024 жылғы 12 маусымда әкімшілік жаза қолдану туралы № 244310450000251 қаулысын шығарып, жаза ретінде 849 160 теңге айыппұл салған.

Уәкілетті орган тексеру барысында келесі бұзушылықтарды анықтаған: мекеменің жатын бөлмелеріндегі жихазы жуу құралдарына және дезинфекциялау құралдарына төзімді материалдардан қолданылмаған, палаталардағы жиһаз (тумба, кровать) бүтіндіктері сақталмаған. Алайда Қызылорда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының 2024 жылғы 12 маусымдағы қаулысында және тексеру нәтижелері туралы актісінде Мекеменің (ҚР халықтың санитариялықэпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы талаптар, сондай-ақ гигиеналық нормативтер, техникалық регламенттер) нақты қандай талаптарды бұзғаны (сақтамағаны) көрсетілмеген.

Істің материалдарында әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамасы тіркелмеген, бұл құжат сотпен талқыланбаған, қаулыда көрсетілмеген.

Одан басқа, Мекеме құжаттарында көрсетілгендей, оның құрылтайшысы - Қызылорда қаласының әкімдігі, мүлкіне қатысты құқық субъектісінің функцияларын жүзеге асыратын орган - Қызылорда қаласы әкімдігінің «Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып табылады.

Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, орталықтың өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзге де тәсілмен билік етуге құқығы жоқ. Сонымен, мекеменің жиһаздары ескіруіне байланысты тозып кеткен, ол мүлікпен қамтамасыз ету бойынша жергілікті атқарушы органға қаржылық жағынан тәуелді болып табылады.

Атап айтқанда, Мекеменің тарапынан 2021 және 2023 жылдар аралығында Мекеменің материалдық, мүліктік жағдайына байланысты Қала әкімдігіне қаражат, ғимарат және басқа да тиісті мүлікпен, материалдық жағынан қамтамасыз ету шараларын қабылдауды сұрап, бірнеше рет (8) хаттар жолданған. Істің бұл мән-жайларын жергілікті соттар тексеріп, көңіл бөлмеген.

Іс материалдарына қарағанда, қалалық мәслихаттың 2024 жылғы 31 мамырдағы шешімі және Қызылорда қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 5 маусымдағы қаулысы негізінде Мекемеге жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, тиісті жиһаздарды бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу ұйымдастырылып, Мекеме кейбір жиһаздармен қамтамасыз етілген. Бұл мәнжайларды да жергілікті соттар зерттемеген, тиісті құқықтық баға бермеген.

Сонымен қатар, нұсқамада 2021 жылғы 30 желтоқсанда алынып тасталған Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 152-1-бабына сілтеме жасалған.

ӘҚБтК-нің Кодекстің 765-бабының талаптарына сәйкес жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судьяның немесе органның (лауазымды адамның) осы Кодексте белгiленген тәртiппен әкiмшiлiк құқық бұзушылық құрамының барлық белгілері бар іс-әрекеттің болғанын немесе болмағанын, өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлғаның осы іс-әрекетті жасағанын немесе жасамағанын, осы тұлғаның кiнәлiлiгiн не кінәсіздігін анықтауына негіз болатын заңды түрде алынған нақты деректер, сондай-ақ iстiң дұрыс шешiлуi үшiн маңызы бар өзге де мән-жайлар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша дәлелдемелер болып табылады. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген нақты деректер: әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын тұлғаның түсiнiктемелерiмен; жәбiрленушiнiң, куәлардың айғақтарымен; сарапшының, маманның қорытындыларымен және айғақтарымен; заттай дәлелдемелермен; өзге де құжаттармен; осы Кодексте көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалармен және процестік әрекеттердің хаттамаларымен анықталады.

Істі қарау барысында соттың тарапынан жоғарыда аталған заң талаптары сақталмаған, әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаның заңмен қорғалатын құқықтары бұзылған, осы тұлғаның кiнәлiлiгiн не кінәсіздігін анықтауына негіз болатын заңды түрде алынған нақты деректер істе жоқ, уәкілетті орган Мекеменің санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қандай талаптарды бұзылғаны анықталмаған, яғни әкімшілік құқықбұзушылықтың құрамы анықталмаған. Бұл, ӘҚБтК-нің 741 бабының 1-бөлігі 2-тармағына сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргiзудi болғызбайтын мән-жайларға жатады.

Бұндай жағдайда жергілікті соттардың сот актілері мен уәкілетті органның қаулысы бұзылып, мекеменің шағымы қанағаттандырылуға жатады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандыруға жатады. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып сот алқасы,

ҚАУЛЫ ЕТТІ :

Қызылорда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының 2024 жылғы 12 маусымдағы қаулысы, Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2024 жылғы 6 тамыздағы және Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 9 қыркүйектегі қаулыларының күші жойылсын.

«Белгілі тұрғылықты жері жоқ адамдардың уақытша болуына арналған бейімдеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабының бірінші бөлігі бойынша іс жүргізу қысқартылсын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Е. Мәукен

Судьялар

Н. Құрманғалиев

Г. Исамберлиева

Көшірмесі дұрыс.

Судья

Е. Мәукен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.