Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Определение от 10.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/1177 (Гражданское)

№ 6003-25-00-2к/1177

2025 жылғы 10 қараша Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья Г.С.Джаппарова судьялар А.К.Айкенова, Д.Д. Махметова талап қоюшы Т.Б.Дауытовтың, жауапкердің өкілдері К.С. Құбатайдың, Н.А.Юлимбетовтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Турехан Бекбулатович Дауытовтың жауапкер «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігі» мемлекеттік мекемесіне жұмыстан шығару туралы бұйрығын заңсыз деп тану, лауазымына қайта орналастыру және лажсыз бос жүрген күндері үшін жалақыны өндіру туралы талап қоюы бойынша қабылданған

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 шілдедегі ұйғарымына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен электронды азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Талап қоюшы Т.Б.Дауытов сотқа аталған талап қоюымен жүгінген. Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 9 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 маусымдағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Т.Б.Дауытовты лауазымымнан босату туралы «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігі» мемлекеттік мекемесінің 2024 жылғы 26 тамыздағы №479-ж бұйрығы заңсыз деп танылып, оның күші жойылып, оны «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары лауазымына қайта орналастырылған.

«Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігі» мемлекеттік мекемесіне Т.Б.Дауытовтың лажсыз бос жүрген күндері үшін төленуі тиіс айлық жалақылары мен сыйақылардың төленуі жүктелген.

2025 жылғы 29 шілдедегі ұйғарымында орташа жалақы заң бойынша алты айға өндірілгені көрсетілген.

2025 жылғы 15 шілдеде жауапкер іс бойынша талап қоюшы жұмыссыз жүрген нақты мерзімін анықтауды және осы кезеңге төленуге тиіс айлық жалақы сомасын алты айдан аспайтын уақытқа анықтау; Министрлік тарапынан 2024 жылы төленген төрт айлық жұмыстан шығу жәрдемақысы мен жұмыстан айырылу жағдайына байланысты төленген әлеуметтік төлемдерді

талап қоюшы лажсыз бос жүрген күндері үшін төленетін сома мөлшерінен алып тастау; сыйақы мен өзге де ынталандыру төлемдерін де есепке алған болса, олар 2024 жылғы 26 тамыздан кейінгі кезеңге қатысты төленбеуге тиіс екендігін нақтылау туралы қосымша қаулы шығаруды сұраған.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 шілдедегі ұйғарымымен қосымша қаулы шығару арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында сот алқасының 2025 жылғы 29 шілдедегі ұйғарымының күшін жоюды сұраған. Өйткені сот алқасы Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 236-бабының 1-тармағының талаптарына қарамастан, талап қоюшының жұмыссыз жүрген нақты мерзімін, төленуге тиіс айлық жалақының мөлшерін және сыйақыларды есептеу тәртібін көрсетпеген. Бұл, іс жүзінде, орындау сатысында даулардың туындауына тікелей себеп болады.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

АПК-нің 426-бабының 4-бөлігіне сәйкес, осы Кодекстің 236-бабында көзделген жағдайларда және тәртіппен апелляциялық сатыдағы сот қосымша қаулы шығаруға құқылы.

АПК-нің 236-бабының 1-бөлігіне сәйкес, іс бойынша шешiм шығарған сот iске қатысатын адамдардың арызы бойынша немесе өз бастамасы бойынша егер құқық туралы мәселенi шешіп, алып берiлген соманың, берiлуге тиiстi мүлiктiң мөлшерін немесе жауапкер жасауға міндетті әрекеттердi көрсетпесе, қосымша шешiм шығару мүмкіндігі қарастырылған.

Апелляциялық сатыдағы сот, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 6 қазандағы «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» №9 нормативтік қаулысының (даулы қарымқатынастар орын алған мерзімде қолданыста болған) 34-тармағына, Еңбек Кодексінің 161-бабының 1-тармағына, Сыйақылардың төленуі сұрағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 29 тамыздағы №1127 қаулысымен бекітілген Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу қағидаларының 4-тармағынына сай талап қоюшының жұмыссыз жүрген нақты мерзіміне және төленуге тиіс айлық жалақы сомалары нақтылануға жатады.

Іс бойынша орташа жалақы туралы нақты көрсеткіштерін анықтап, өндірілген соманы көрсетуден бас тарту туралы апелляциялық сатыдағы сот ұйғарымының күшін жойып, қосымша қаулы шығару мәселесін сот алқасына жаңадан қарауға жіберуге жатады. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5)-тармақшасын басшылыққа алып, сот

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 шілдедегі ұйғарымының күші жойылсын.

Қосымша қаулы шығару мәселесі бойынша іс апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберілсін.

Жауапкердің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Г.С.Джаппарова

судьялар А.К.Айкенова

Д.Д. Махметова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.